Таразда мәселе шаш-етектен
ал Жылқыбаев Франция мен Грузияда жүр
Әулиеатада әкім ауысқалы 55 мемлекеттік қызметшінің лауазымы өссе, керісінше, мемлекеттік қызметті атқару барысында олқылықтарға жол бергендері де аз емес. «Оны өзім де көріп, біліп жүрмін» деген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов әсіресе Тараз қаласы бойынша мәселе шаш-етектен екеніне тоқталды. Бұл ретте Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев алдымен еңбек демалысына шыққан болса, оны ары қарай ақысыз демалысқа ұзартып алыпты. Тіпті Нұржігітов қала әкімінің Франция мен Грузияда болғанына дейін ашып айтты.
Өңірдегі алты айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген Н.Нұржігітов: «Қоғам тарапынан көп көтерілетін, әрі көпшіліктің көкейіндегі кадр мәселесіне тоқталып кеткім келеді. Бұл тұрғыда біз меритократия принципін нығайтуға баса мән берудеміз. Соңғы тағайындаулар соның айғағы. Бұл ретте, басшылық қызметте біршама ысылған, жас, өңірден шыққан азаматтар тағайындалып жатқанын айта кеткен жөн (облыс әкімінің орынбасары, Т.Рысқұлов, Меркі, Жуалы әкімдері).
Талдау көрсеткендей, соңғы 3 айда облыстың жергілікті атқарушы органдарында лауазымдық өсу іскерлік қасиеттерге негізделе отырып, төменгі лауазымдағы 55 мемлекеттік қызметшібос тұрған жоғары лауазымдарға орналасты. 4 жетекші маман бас маман, 26 бас маман бөлім басшысы, бас инспектор, сектор меңгерушісі, 7 бас инспектор бөлім басшысы, 10 бөлім басшысы аппарат басшысының орынбасары, басқарма басшысы, басқарма басшысының орынбасары, аппарат басшысы, округ әкімі, 1 орынбасар басқарма басшысы, 3 басқарма басшысы аудан әкімі лауазымдарына тағайындалды.
Қазіргі таңда аудан, ауылдық округ әкімдеріне артылып отырған жауапкершілік жүгі ауқымды. Өйткені олардың қызметі жергілікті халықтың тұрмысына, ахуалына тікелей қатысты.
Ауыл әкімдері күніне кем дегенде бір үйге кіріп, кәсіпкерлік пен шаруа қожалығын аралап, жағдайымен танысып отыруы тиіс. Ондағы мақсат – әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын жете зерделеп, табысы тұрақсыз отбастарына жүйелі түрде қолдаулар көрсетуді ұйымдастыру. Сондықтан ауыл, аудан, қала әкімдерінің жұмысын жетілдіруге айрықша басымдық берудеміз», – деді.
Жамбылдың жаңа әкімі өзіне «мұра» болып қалған қарыздарды қайтарумен айналысып жатқанын да жасырмады. «Жасыл ел» 2 миллиардтан астам қарызға кірген болса, «Тараз» футбол клубы 1 миллиард 300 миллион теңге берешек екен. «Жасыл елдің» мәселесін шешудің жолын қарап, тиісті жұмыстарды қолға алғанын айтқан Нұржігітов «Тараз» футбол клубының 500 миллион теңге қарызын жауып үлгергенін жеткізді. Оның 300 миллион теңгесін түнеугүні Тараз тұрғындарын түтінімен тұншықтырған «Қазфосфат» беріпті.
«Басты талап – халықтың табысын арттыру, тұрмысын жақсарту, қордаланған мәселелерін шешу. Өңірдің даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға қарай облыстағы 371 елді мекен 100 пайыз ауыз суменқамтылып, табиғи газды тұтынатын болады. Биылдың өзінде 30 елді мекендегі 40,2 мың тұрғын сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Ал 17 елді мекен, яғни 10 мың үй газға қосылады» – деді Нұржігітов.
Қаланы жарықтандыру, жол, баспана мәселесі мен басқа мәселелерді де жіпке тізіп шығып, қысқасы, «бәрін қатырамыз» деп білек түріп отыр.
Әрине, әкімнің «аузына май» дейміз. Күндердің күнінде «Нұржігітовтен не қалды?» дегенде, жұрт игі істерін санамалап, тауыса алмай жата ма, әлде сыртынан «сыбап» қала ма, оны енді уақыт көрсетеді...