Таразда мектеп оқушылары арасындағы жаппай төбелес тергеліп жатыр
Өткен аптада болған жанжал әлеуметтік желілерде енді ғана кең талқылана бастады.
Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, Тараз қаласында көшеде бір топ қыз №51 мектептің 9-сынып оқушысын соққыға жыққан. Жарияланымдарда төбелеске бірнеше жасөспірім қатысқаны және зардап шеккен қыздың ауыр жарақат алғаны айтылған.
Кейбір ақпараттарға сәйкес, оқиғадан кейін қыз жансақтау бөлімінде жатқан және жүре алмай қалған деген мәлімет тараған.
Алайда Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты ішінара жоққа шығарды.
Ведомствоның мәліметінше, оқушы қыз шынымен ауруханаға жатқызылған, бірақ жансақтау бөлімінде болмаған. Ол облыстық балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімінде ем алған.
Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— Төбелеске қатысқан барлық жасөспірім анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Оқушы қыздардың ата-аналары кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жасөспірімдердің әрекеті кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралып, нәтижесінде олар профилактикалық есепке қойылды, — деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін жан-жақты әрі объективті анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Бұған дейін Тараздағы мектеп әжетханасында оқушының қаза табуына байланысты іс бойынша сот үкімі шыққаны да хабарланған болатын.