Таразда жеті мектеп оқушысы тоғызыншы сынып қызын аяусыз соққыға жыққан
Таразда полиция тоғызыншы сынып оқушысын құрдастарының топ болып ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Күдікті жасөспірімдер есепке алынған. Ал зардап шеккен қыздың туыстары шабуыл жасағандардың бостандықта жүргеніне наразы.
Әлеуметтік желілерде әйел адамның қызының көшеде қатты соққыға жығылғанын айтқан видеосы тарады.
«Жеті қыз оны кастет қолданып ұрған. Қыз екі күн реанимацияда жатты. Жүре алмай, мүгедектер арбасымен қозғалды. Видеодәлелдер болса да, күдіктілер бостандықта жүр. Сонымен қатар олардың туыстары тарапынан бізге қоқан-лоқы жасалып жатыр», – делінген видео сипаттамасында.
Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Төбелеске қатысқан барлық жасөспірім анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.
«Кәмелетке толмағандардың ата-аналары балаларын тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ жасөспірімдердің әрекеті кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияда қаралып, олардың барлығы профилактикалық есепке алынды», – деп мәлімдеді полиция.
Қазір іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада да бір топ жігіт көшеде кәмелетке толмаған оқушыны ұрып-соққан. Тіпті бала асфальтқа құлағаннан кейін де шабуыл жасағандар тоқтамаған. Полиция бұл оқиға бойынша «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.