Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 05 Маусым 2025

Тараздан Дубайға дейін. Жас өнертапқыштың жолы

1
Фото: thenationonlineng.ne

Бүгінгі жаһандану дәуірінде елдің даму қарқыны тек табиғи байлығымен емес, ең әуелі ақыл-ой капиталымен, яғни ғылым мен технологиядағы жетістігімен өлшенеді. Бұл жолда жас өнертапқыштардың рөлі ерекше.

Себебі жастар тың идеяның, батыл қадамның, болашаққа деген сенімнің иесі ретінде қабылданатыны тағы бар. Олардың ойлап тапқан шағын құрылғылары мен шешімдері уақыт өте келе әлемдік деңгейдегі жаңалыққа айналуы мүмкін. Сондықтан жастардың өнертабысына мән беру елдің ертеңіне салынған инвестиция іспетті. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялан­уы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған.

Бүгінде Қазақстанда да қолынан іс келетін, техникаға жақын, ғылымға құштар жастар аз емес. Робототехникамен айналысып жүрген оқушылардың, мобильді қосымша жасаған студенттердің, ауыл шаруашылығына жаңа шешім ұсынған жас мамандардың жетістігі осының айғағы болса керек. Тараздық 19 жасар Айя Тұрсын бүгінгі жас өнертапқыштардың қатарында десек болады. Әу баста көптеген құрдастары секілді ол да Гарвард университетіне оқуға түсуді армандаған ару бұл арманын кейінге ысырып, қазір технологияға бет бұрған. Осылайша, 2023 жылы Veridian AI атты жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін қаржылық-талдау платформасын жасап шыққан. Платформа криптовалюта нарығындағы күрделі тенденцияларды болжауға көмектесіп, инвесторларға дұрыс шешім қабылдауға бағыт береді. Қарапайым жасөспірім қыз құрған бұл жоба небәрі екі жыл ішінде әлемдік деңгейге көтеріліп, 2025 жылы Дубайда өткен халықаралық FinTech World Cup байқауының финалына дейін жеткен. Айя – технология мен өнерді ұштастырған сирек дарын иесі. Мектепте оқып жүрген кезінде-ақ ол SOS-белгісі бар ақылды білезік жасап, Technovation Girls Kazakhstan байқауының ширек финалына шыққан. Сонымен қатар экологиялық бағыттағы жобасы Google ұйымдастырған Build with AI Hackathon финалына өткен. Жас дарынның айтуынша, бос уақытында ол сурет салады, тіпті кейбір картиналарын сатып та үлгерген. Кейіннен NFT әлеміне қызығып, сандық өнерден табыс таба бастаған. Осының бәрі жас Айяның көпқырлы, сан салалы дарынынан хабар берсе керек.

«Ең жақсы қасиетім – табандылық пен кез келген саланы өз бетіммен үйрене алуым шығар. Ешқандай университетте оқымаймын, тіпті түспедім де, бағдарламалау, машиналық оқыту мен қаржылық аналитиканы толықтай өзім меңгеріп алдым. Әу басында Гарвардта оқығым келгені рас. Бірақ білімім мен қабілетімді тек бір университетпен шектегім келмеді. Ең үлкен ұстазым – жасанды интеллект, яғни GPT-4 болды. Оған күніне мыңдаған сұрақ қойып, YouTube дәрістерді көріп, GitHub жобаларын зерттеп, Medium мақалаларын зерделедім. Ақырында осы стартап жоба пайда болды. Менің бұл қасиетіме үлкен ықпал еткен еңбек – Скотт Янгтың «Суперобучаемость» еңбегі деп ойлаймын. Бұл кітап оған адам миын бұлшық ет секілді жаттықтыруға болатынын ұқтырды. Мен әрқашан өзімді технология әлеміндегі Леонардо да Винчи ретінде елестеткім келетін. Нағыз әмбебап адам – бір мезетте өнертапқыш, суретші, стратег, жаңашыл бола алатын жан», – дейді кейіпкеріміз.

Айяның жасап шыққан Veridian AI жобасы криптовалюта және қаржылық активтер нарығын талдайтын, қолданушыға алдағы 24–48 сағатқа арналған болжам ұсынатын веб-платформа. Жүйе әлеуметтік желілердегі трендтерді, жаңалықтар мен сауда көлемін сараптап, нақты шешім қабылдауға жол ашады.

«Бұл жасанды зият, яғни Veridian AI платформасы тікелей «сатып ал» немесе «сат» деген кеңес бермейді. Оның орнына, пайдаланушыға «сары», «қызыл» немесе «жасыл» секілді ескерту белгілерін береді, яғни жасыл (тұрақты), сары (күмәнді), қызыл (қауіпті). Бұл белгілер жолдағы бағдаршам іспетті. Бұл тәсіл адам мен машинаның арасында жауапкершілікті бөлісіп, шешімді адамға қалдырады. Таңдауды әрқашан адамның өзіне қалдырғым келді. 2025 жылдың наурызында Veridian AI альткоин нарығындағы күрт құлдырауды 36 сағат бұрын болжаған. Жасанды интеллект нарықтағы «тым позитивті» хабарламалардың көбейіп кеткенін күдікке алып, ескерту шығарған. Бұл платформа сенімділігінің алғашқы үлкен сынақтарының бірі болды. Оның үстіне платформа CoinGecko, Glassnode, CryptoQuant, Dune сияқты агрегаторлар арқылы нарық деректерін жинайды. Сонымен қатар Twitter, Reddit және ашық медиа көздерінен жаңалықтар мен қоғамдық пікірлерді сараптайды», – дейді Айя.

Ең қызығы, жас өнертапқыш Veridian AI стартабын толықтай жалғыз өзі құрып шыққан. Ең әуелгі алгоритмнен бастап, сайттың кодына дейін өзі жазған. Оның айтуынша, бұл тек техникалық білім ғана емес, төзім мен тәртіпті сынаудың ең үздік тәсілі іспетті. Бұл ретте оған киокушинкай каратэмен шұғылданғанда қалыптастырған қасиеттері көп көмек берген. Жоғары деңгейде айналысқан бұл спорт оның бойына табандылық пен ішкі тәртіпті сіңірген. Қазір оның платформасында 12 белсенді қолданушы бар, олардың 5-еуі ай сайынғы ақылы жазылыммен қолдануда. Жазылым бағасы — $19-дан басталып, кеңейтілген функциялары үшін $99-ға дейін жетеді. B2B-клиенттер үшін әзірленген API-нұсқасы — $200-дан жоғары. Айя алғашқы клиенттерді LinkedIn мен Telegram платформалары арқылы өзі тапқан. Қолданушылармен тығыз байланыс орнатып, кері байланысты ескере отырып, платформаны үнемі жетілдіріп отырады екен.

Айя үшін ең үлкен қиындықтардың бірі – ІТ саласын әйел адам ретінде мойындату. Тараздық аруға «бұны шынымен өзіңіз жасадыңыз ба» деген сұрақ жиі қойылады екен. Көпшілігі жас қыздың мұндай күрделі жобаны бір өзі жасағанына сенгісі келмейді. Бірақ Айя бұны кемсіту емес, мотивация ретінде қабылдайды. Оның пікірінше, гендер тек тосқауыл емес. Кез келген нәтиже адамның жынысына емес, таным, дағды мен ниетіне байланысты туады. Бүгінде Айя стартапты кеңейтіп, команда құруды, инвестиция тартуды, бизнес моделін халықаралық нарыққа бейімдеуді жоспарлап отыр.

С.Бақберген

Жамбыл облысы