Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 03 Маусым 2025

Тараздың жас өнертапқыштары

1

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ғылым мен техниканың дамуы адамзат өркениетінің басты қозғаушы күшіне айналып отыр.

 Бұл үрдістен Қазақстан жастары да тыс қалып жатқан жоқ. Олар жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, өз беттерінше тың жобалар жасап, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екендерін дәлелдеп жатқаны рас. Ел болашағы – білімді, жаңашыл ұрпақтың қолында десек, жастардың инновациялық ізденістері осы үміттің негізсіз емес екенін көрсетеді.

Мәселен, Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Аймер Қошмамбетов, Ерасыл Жұмақадыров, Алияр Сағандықов және Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 2-курс студенті Құдырет Ахмет бірлесіп ASAR деп аталатын бірегей өнертабыс жасап шыққан. Бұл өнертабыс – ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық жоба. Құдырет Ахмет виза мәселелеріне байланысты АҚШ-қа бара алмағанымен, жоба авторлары қатарында. ASAR жобасы АҚШ-тың Делавэр университеті ұйымдастырған Diamond Challenge халықаралық байқауы аясында өткізілген Limitless World Summit саммитінде Қазақстан атынан ұсынылып, әлемдік деңгейдегі сахнада көпшіліктің назарын аударды. Тараздан аттанған жас өнертапқыштарды елге оралғанда қала тұрғындары мен мектеп ұжымы салтанатты түрде вокзалда қарсы алған. Жобаның негізгі идеясы – дене мүмкіндігі шектеулі жандарға смартфон, ноутбук және тіпті мүгедектер арбасын басқаруға мүмкіндік беру. 17 жастағы Ерасыл Жұмақадыровтың айтуынша, құрылғының адамзатқа берері көп.

«ASAR – бұл цифрлық технологияларды басқаруға арналған прототип. Адамның миы жұмыс істеп, басын қозғалта алса – жеткілікті. Жүйе үш негізгі технологияға сүйенеді: көздің қозғалысын тіркейтін камера, басты қимылдату арқылы басқаруға мүмкіндік беретін инерциялық сенсор және ми сигналдарын қабылдайтын электроэнцефалограмма. Жүйе адамның басына ыңғайланып киілетіндей етіп жасалған. ЭЭГ құрылғысы бастың бетіне тығыз жанасып, мидағы электрлік сигналдарды сыртқы кедергілерсіз қабылдауға мүмкіндік береді», – дейді Е.Жұмақадыров.

Бұдан бөлек, пайдаланушы Wi-Fi арқылы гаджетке қосылады. Осыдан соң ол смартфон немесе ноутбук арқылы басқа да құрылғыларды — теледидар, кондиционер, ақылды үй жүйесі секілді технологияларды да басқаруға мүмкіндік алады.

Қазіргі жастар – цифрлық дәуірдің өкілдері. Олар ақпараттық технологияларды еркін меңгеріп, түрлі салаларда жаңалық ашуға ұмтылады. Бүгінгі мектеп оқушысы робот техникасын меңгеріп, жасанды интеллектке негізделген құрылғылар ойлап таба алатын деңгейге жетті. Бұрын тек дамыған елдерге тән деп есептелетін бұл үрдіс қазір қазақстандық мектептер мен колледждердің өзінде кең қанат жайған. Ерасылдың айтуынша, өнертапқыштар әу баста тілді қолдану арқылы басқарылатын құрылғы жасау нұсқасын да қарастырған. Алайда адамның жақ өлшемінің әртүрлілігі мен құрылғыны ылғалға төзімді ету қажеттілігі жобаның қарапайым әрі қолжетімді болуына кедергі келтіретінін түсініп, одан бас тартқан. Бұл шешім жобаның шығындарын азайту мен көпшілікке бейімделуіне жол ашты.

«Мәселен, адам қолын қимылдатқанда, мидың белгілі бір бөлігінде сигнал пайда болады. Бұл сигналды арнайы құралдармен қабылдап, микроконтроллерге беруге болады. Біздің жағдайда бұл — Arduino 4. Яғни ми импульсі кейін механикалық әрекетке айналады», – дейді Ерасыл.

Жастардың инновациялық жобалары – ел болашағына салынған берік іргетас. Бұл – тек ғылыми жетістік қана емес, сонымен қатар патриотизмнің, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Мұндай жобалар арқылы жастар қоғамға пайдалы болуды, өзгеге көмектесуді, адамдық құндылықтарды технологиямен ұштастыруды үйренеді. Қазақстан жастары өз идеяларымен әлемдік деңгейдегі байқауларда танылып, ел мерейін үстем етіп жатқаны үлкен мәртебе. Сол себепті мұндай бастамаларды қолдау, жүйелі түрде дамыту – мемлекет пен қоғам үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Болашақ – білімді, жаңашыл, ойы еркін жастардың қолында. Олар ел мүддесі үшін жаңалық ашып, қоғам дамуына тың серпін беруге әзір.

ASAR құрылғысының идеясы жас өнертапқыштардың мүмкіндігі шектеулі балаларға ерікті түрде бағдарламалау үйретіп жүрген кезде туған. Сол кезде олар бұл балалардың цифрлық технологияларға қол жеткізуі қиын екенін байқап, сөйтіп, өз беттерінше шешім іздеуге кіріскен. Бұл жұмысқа олар шамамен бір жыл бұрын кірісіп, жобаны өз қолдарымен құрастырған. Қажетті бөлшектер мен компоненттерді де өз қаржыларына сатып алған. АҚШ-та өткен байқауға дейін оқушылар ASAR жобасын онлайн түрде ұсынып, байқаудың екі кезеңінен сүрінбей өтіп, үшінші — негізгі кезеңге жолдама алған. Бұл тур АҚШ-та офлайн форматта өткен. Өкінішке қарай, финалға шыққан 20 үздік жобаның арасында жеңіске жете алмағанымен, команда үшін бұл тәжірибе үлкен жетістік болды. Командадағы басты техникалық жетекші және шабыт беруші Аймер Қошмамбетов екенін де атап өткен жөн болар. Ең қызығы, кейіпкеріміз жеті жасынан бастап робототехникамен айналысады екен. «Кішкентай балаларға арналған оқыту жиынтығын өзім құрастырдым – онда арнайы фишкаларды дұрыс орналастырып, робот жинайсың. Ұшақтар жасадым, қоқыс сұрыптау жүйесін, метеостанция, өртсөндіруші робот және басқа да жобалар жасадым. АҚШ-тағы қарсыластар өте мықты болды. Жеңімпаздар шынымен жеңіске лайық болды. Бұл менің мұндай халықаралық деңгейдегі алғашқы тәжірибем. Қателіктерден сабақ алып, келесі жолы жеңіске жетеміз деп сенемін», – дейді А. Қошмамбетов.

Айта кетерлігі, осы саммит аясында Ерасыл Жұмақадыров Limitless World Summit нұсқасы бойынша әлемнің ең үздік 25 жас көшбасшысының қатарына енді. Жастардың инновациялық жобаларын тек техникалық прогресс тұрғысынан бағалау жеткіліксіз. Көп жағдайда мұндай жобалар қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге бағытталады. Мәселен, ASAR секілді жобалар – инклюзивті қоғам құрудағы маңызды қадам. Бұл бастамалар тек теориялық жоба күйінде қалмай, нақты өнімге айналып жатқаны қуантады.

С.Бақберген

Жамбыл облысы

Тегтер: