Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:54, 14 Шілде 2022

Таразды тұншықтырған дәулер кімдер

None
None

«Баяғыда бір тау болыпты, тауда дәу болыпты» деп басталатын ертегілер болушы еді ғой.

Қазіргі балаларды не таумен, не дәумен қорқыта алмайсыз. Өйткені олар ертекке сенбейді. Ертектің кейіпкерлерінен де қорқынышты дәулер бар қазір. Кімдер дейсіздер ме? Байдың балаларын айтып отырмыз. Қазіргі бай балаларының ететін ермегі, айналысатын ісі, жүргізетін кәсібі – бәрі дәу. Дәулігі соншалық, бесіктен белі шықпай жатып бір зауыттың директоры, бір ұлттық компанияның президенті бола береді.

Сондай дәу балаға тиесілі бір зауыт жарылыпты. Тараздағы минералды тыңайтқыш өндіретін «Қазфосфат» зауытындағы апатты айтып отырмыз.

11 шілде күні тараздықтар жөтеліп оянады. Қаланы сұр тұман басып, тамақтары ашыған. Біреу күркілдеп, біреудің тамағы ашып жатқанда Нұрлан Нығматулиннің ұлы – Нұрхан Нұрлановтың ұсталғаны туралы ақпарат тарасын. Кейін оны жоққа шығарды. Мейлі, бостандықта бола берсін. Бірақ оның жарылысқа қатысы болмаса да, зауытқа қатысы бары айтылып, жазылып жатыр...

Сонымен «Қазфосфат» кімнің зауыты, оның артында қандай дөкейлер тұр? Жылдық айналымы қанша? Құрамында қандай компаниялар бар?

Ашық дереккөздерде таралған ақпараттарға талдау жасап көрдік. «Қазфосфат» 1999 жылдың қазан айында құрылыпты. Кәсіпорын Жамбыл мен Түркістан облысында фосфор кенін өндіру, өңдеу және минералды тыңайтқыштар мен құрамында фосфор бар өнімдерді шығарумен айналысатын көрінеді. Өнімдерін ТМД, Еуропа мен Қытайға сатады екен. Ішкі нарықты да қамтиды. Былтыр жыл соңында «Қазфосфат» Forbes Kazakhstan журналы жариялаған 50 ірі компаниялардың тізімінде 14-орынға табан тіреген, кірісі 154,86 миллиард теңге деп жазылыпты. Оған бірнеше зауыт қараған, мәселен, Новоджамбул фосфор зауыты, Минералды тыңайтқыштар зауыты, Қаратау және Шулақтау тау-кен байыту комбинаттары, Жамбыл облысындағы теміржол көлігі кешені, Шымкент синтетикалық жуғыш заттар зауыты және Степногорск химия зауыты. Демек, бұл нағыз дәулердің ойыны, жоқ дәулердің бизнесі болып тұр.

Ашық дереккөздерден алып ulysmedia таратқан ақпаратта «Қазфосфат» ЖШС-ның құрылтайшылары Нидерландыда тіркелген деп жазды. Kazakhmys Resources B.V. компаниясы деп көрсеткен. Ал зауыттың иелері мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлдары – Нұрхан мен Нұржан екен. Бас директоры – Нұрхан Нұрланов. Нұржан Нұрланов болса, 2022 жылдың мамырына дейін «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-ын басқарған.

Жарылған зауыттың артында тұрған ертегідегі емес, өмірдегі дәулердің тізімінде – «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшысы Ахметжан Есімовтің күйеубаласы – олигарх Ғалымжан Есеновтің аты аталады. Бірақ Есеновтің қожайындығы туралы әңгіменің артында үлкен дау бар көрінеді. Ол енді бөлек әңгіме...

Қалай айтсақ та, кедейдің балалары асық ойнайтын, бай балалары зауыттарды жарып, миллиардтарды тігіп ойнайтын заман екенін ешкім жоққа шығармас. Әкесі Нұрлан Нығматулин қызметтен кеткенімен, балаларының былығы бүгін-ертең аяқталмайтын сияқты. Өйткені бұл ертегідегі Қазақстан ғой. 

Тегтер: