Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:14, 15 Ақпан 2023

Тараздың тасы тарих, тауы шежіре шертеді

None
None

Қазақ топырағында тамыры тереңге тартқан, тарихы тағдырлас, құпиясы мол қоныстар мен қалалар, қалашықтар көптеп саналады.

Оның бәрі Қазақстанның тарихи мұралары. Қадым заманда, нақтырақ айтқанда, орта ғасырларда бұл өңірлер өркениет ошағы болған, ғылым мен білімнің және мәдениет пен рухани өрлеудің ордасына айналған жерлер. Тарихи әдебиеттерде Шығыс ренесансы дейді мұны. Ұлы далада ұлық жетістіктер салтанат құрған. Көшпелі тіршілігі мен отырықшы мәдениеті қатар қабысқан, экономикасы мен сауда-саттығы бірдей өркендеген, құрылыс архитектурасы мен абаттандыру саласы, мәдениеті мен ғылымы өзгеден озық тұратын қалалар мен қоныстар бой көтерді. Солардың бір шоғыры Талас атырабында орналасқан.

Ұлы өркениеттердің бастау бұлағы болған, тылсым  құпиясы әлі толық ашыла қоймаған, толық зерттелмеген Ақыртас кешені, Құлан қаласы, құм арасындағы Ақкесене – бәрі осы өңірдің інжу-маржаны.

Қарт Қаратаудың жақпар-жақпар жартастарында жазу да, сурет те баршылық. Ежелгі шеберлер мен суретшілер салған өшпес мұралар біздің дәуірімізге дейінгі VI-I ғасырларға тән. Бұл осы аймақтағы мал шаруашылығының, аңшылық кәсіп пен қолөнердің қарыштап дамығанын көрсетеді.

Ақыртас Тараз тарихында болмыс-бітімімен дара қоныс. Зерттеушілер Ақыртас сарай кешені ежелгі перғауындар еліндегі пирамида, Афина акрополі, Римдегі Колизей, Перудегі үндіс-майялардың жұмбақ ескерткіштерімен деңгейлес деген пікір айтуда. Бұл Ақыртастың қалай салынғаны, таудай тастарды қалай жеткізгені, қандай технологиямен қашағаны, қалай көтеріп қалағаны әзірге шешуін күткен жұмбақ.

Ақыртас сарай кешенін отыз жылдай зерттеген кеңестік ғалым, Героним Пацевич өте шебер есеп-қисапқа сүйеніп жасалған мұндай ауқымды құрылысқа таңданады, пайдаланылған материалдардың ерекшелігі бұрын-соңды еш жерде кездеспегенін айтады. Ол «Қазақ жеріндегі таңғажайып Ақыртас ескерткішінің әлем ғажайыптары қатарынан ойып тұрып орын алу барлық жағынан мүмкіндігі бар: құндылығы, құпиясы да, құдыреті де жетеді. Осы уақытқа дейін Ақыртас жоспарының ерекшелігі мен құрылыс барысында тастарды қолдану жағынан Орталық Азия мен Қазақстан аумағында осы құрылымға тең келетін туынды табылған жоқ» – деп жазды.

Тәуелсіздіктен кейін Ақыртасты танып-білу мемлекеттік деңгейде қолға алына бастады. Академик Карл Байпақов бастаған археологтар ескерткішті зерттеуге өте ауқымды еңбек сіңірді. Қатардың астанасы Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 38-ші сессиясында Ақыртас кешені Дүниежүзілік Мәдени мұралар тізіміне де енді.

Кезінде Тараздан шығысқа бет алған сауда керуені мен саяхатшылар Құланда аялдап, одан Меркіге бет алатын болған. Келесі мұра – Құлан қаласы. Қала туралы алғашқы мәлімет сегізінші ғасырдың алғашқы жартысынан бастау алады. Қытай тақуасы Сүаң Зяң өз жазбасында Құлан қаласын үлкен аумақты алып жатқан мекен деп суреттейді. Ол шаһарды Сәң Сүйәң деп атайды. Қазақшасы «Мыңбұлақ».   

Тоғыз қабат топырақ астынан табылған құнды жәдігерлер Құланның отырықшы мәдениеттің орталығы болғанын анық растайды. Қалада егіншілік пен қолөнер дамыған. Қала тұрғындары жүзім өсіріп, одан шырын мен шарап жасаудың технологиясын меңгерген. Бұл өндірістерге қажетті құрал-сайманы мен ыдыс-аяқтары да болған. Атақты академик Карл Байпақов Қазақстанның көне қалалары туралы кітабында Құланнан табылған қазан тұтқасы туралы әдемі сөз баяндайды. Сазбалшықтан жасалған тұтқада соғды жазуы бар. Жазуды оқыған мамандар: «Бұл ыдыс ешқашан босамасын» деп жазылғанын айтады. Алтыншы ғасырдың аяғы мен жетінші ғасырдың алғашқы кезеңіне тән бұл жәдігер – Құланда жазба мәдениеттің өркен жайғанының айғағы.

Келесі жәдігер – Ақкесене. Жамбыл облысындағы тарихи орындардың бірегейі осы Ақкесене. Қабырғасы іргетассыз қаланған сәулет өнерінің керемет үлгісін Ақбекініс деп те атайды екен. Ғажайып болатын себебі – іргетассыз қаланған мұнара бірнеше ғасырдың қарлы-бораны мен жауын-шашынына, аптап ыстығына, сынағына төтеп, бүгінгі күнге дейін жетіпті. Зерттеушілердің тұжырымына сенсек, бекініс аумақта шолғыншы мұнара қызметін атқарған көрінеді. Орта ғасырларда салынған ескерткіш Қазақстандағы 100 қастерлі әрі киелі орындар тізіміне енген.

Тегтер: