"Тәрбием жібермейді": Берденовке оқ жаудырған күдіктінің әйелі мәлімдеме жасады

Шымкент әкімінің орынбасарына жасалған шабуыл бойынша күдіктінің жұбайы Луиза Алданова өз көзқарасын білдірді.
Луиза Алданова соңғы бір айдың отбасылары үшін ауыр өткенін айтып, Руслан Берденовтің денсаулығы үшін алаңдағандарын жеткізді.
– Өткен бір ай біздің отбасымыз үшін де ауыр сынақ болғанын жеткізгім келеді. Енді ғана есімізді жиып, өз-өзімізге келіп жатқан жайымыз бар. Әрбір минут, әр сағат, әр тәулік уайымдаумен болдық, жапа шеккен Руслан Берденов мырзаның амандығын тіледік. Жуырда ғана ем-домын алып, ауруханадан үйіне оралғанын естідік. Енді ертерек айығып, елге қызметін жалғастыруын тілейміз, - дейді Луиза.
Бұдан бөлек, Алданова күйеуі Ернар жайлы да айтты.
– Жалпы, менің жолдасым Ернарды, мені және біздің ата-аналарымызды жақсы білетін адамдар, таныстарымыз, туыстарымыз біздің қандай қарапайым, отбасын бірінші орынға қоятын жандар екенімізді де біледі деп ойлаймын. Сонымен қатар, оларды біздің жат әрекеттерге, жаман істерге бармайтынымызға да сенімді деп білемін. Десе де, Ернарымыз жаза басқан екен, қателескен екен… Мен бұл жағдайды тағдырдың сынағы деп қабылдап, барынша сабырмен қарап отырмын. Барлығын Алланың қолына тапсырдым. Ана ретінде, тек басымыздың амандығын, бауырымыздың бүтіндігін тілеймін, - дейді күдіктінің әйелі.
Луиза Алданова өзіне қатысты тарап кеткен жалған ақпараттарға да тоқталды. Ол бұл оқиғаға өзінің қатысы бар деген қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарып, мұндай әрекеттерге баруына өмірлік ұстанымы мен алған тәрбиесі ешқашан жол бермейтінін атап өтті. Сондай-ақ, көпшіліктің қолдауы мен ізгі тілектеріне алғысын білдірді.
Еске салайық, оқиға 21 сәуір күні сағат 20:30 шамасында болды. Руслан Берденовтің оң жақ жамбасы мен иығына оқ тиіп, жедел түрде ауруханаға жеткізілген. Оған ота жасалып, өміріне қауіп жоқ деп бағаланды.