Тарифтік тәртіп: QazaqGaz-дың дәрмені, үкіметтің пәрмені сыналмақ...
![None](/static/img/image.jpg)
Біздің елде осы уақытқа дейін халықтың мүддесіне қызмет еткен, шын мәнінде, шаруасын «халыққа пайдалы болсын» деп ептестірген ұлттық холдингтер мен мемлекеттік компаниялар некен-саяқ.
Холдингтер мен ұлттық компаниялардың халыққа «жаны ашып, балтыры сыздамағандықтан», бұл салаларда қазір де қордаланған мәселелер өте көп. Былтыр қаңтар қақтығысынан кейін «Жаңа Қазақстанға» бет бұрамыз деп, бірқатар ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар жаңарды. Соның бірі – «Жаңарған QazaqGaz» ұлттық компаниясы.
Білесіздер, Қазақстан үкіметінің шешімімен «ҚазТрансГаз» «Самұрық қазына» АҚ құрамына кіріп, «ұлттық компания» мәртебесіне ие болып, артынша, «QazaqGaz» деп аталды. Жұмыстың барлық салаларында толық көлемде жаңартуды бастады. Бұл компанияның «ҚазТрансГаз» кезінде халықты жарылқағаны шамалы еді. Бұған қатысты мемлекет басшысының толық аудит ұйымдастыру туралы тапсырмаларына сәйкес, былтыр 937 млрд теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық заң бұзу деректері табылды. Сол тұста QazaqGaz-дың басқарма төрағасы Санжар Жаркешов «проблема көп, шешуге тырысып жатырмыз», –деген болатын.
Жаркешовтің осындай жариясынан соң, «бұл компания енді халыққа және нарыққа пайдасы бар жаңашылдықтарға бет бұрады-ау» деп үміттенгенбіз. Үмітіміз ақталайын деді ме, әйтеуір, күні кеше «QazaqGaz» бірқатар тұтынушылар үшін тарифті көтеру қажеттігін мәлімдеді. Компания төрағасының маркетинг жөніндегі орынбасары Арман Қасеновтың айтуынша, соңғы жеті жылдың ішінде ішкі нарықта газ тұтыну көлемі екі есеге өсті. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 40 млрд текшеге жетеді. Ал QazaqGaz одан табыс көріп отырған жоқ, керісінше, шығынға жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезде ішкі нарықтың шығыны экспортпен өтеледі.
«Мысалы, қазір былай болып тұр. Газдың бір тоннасын орташа есеппен, 13 750 теңгеге сатып алады. Тасымалдау шығыны – 11 459 теңге. Сонда газдың көтерме бағасы 25 209 болуы керек. Бірақ қазір бір тоннасы 15 419 теңгеден сатылады. Осылайша, әрбір текшеден 10 теңге шығын келеді», – деді Қасенов қоғамдық кеңестің отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, компанияға табыс түссе, қосымша газ көлемін өндіруге мүмкіндік болады.
«Олай істемесек, жақын арада ішкі нарықта газдың бағасы бір уақытта күрт көтеріледі. Басқа жол жоқ», – деп атап өтті Қасенов.
Осыған байланысты QazaqGaz ірі коммерциялық тұтынушылар мен цифрлық майнингпен айналысатындар үшін бөлек тариф енгізуді ұсынып отыр. Себебі олар арзан газдың есебінен, біраз ақшасын үнемдейді.
«Егер осыны іске асырмасақ, онда тұтынушылардың барлық санатына салмақ түседі. Олардың ішінде, қарапайым халық, жылу электр станциялары бар», – дейді Қасенов.
Сөйтіп, аталмыш компания қарапайым халыққа салмақ түсірмеу мақсатында ірі бизнеске газ бағасына қатысты бөлек тариф енгізгісі келіп отырғанын мәлімдеді. Осы арада аталмыш компанияның бұған шамасы жете ме?! «Мұндай тарифтік тәртіп алпауыттар арасында тартыс тудырып жүрмей ме», деген сауал туындайды.
Сала мамандарының айтуынша, бұған тек QazaqGaz-дың шамасы жетпейді. Болашақта елдегі алпауыт компанияларға газ бағасын қымбаттатуға қатысты шешімге үкімет те қоса кірісуі керек. Бұған қатыстыэкономист-сарапшы Меруерт Молдабаева былай дейді:
– Өткенде премьер-министр Әлихан Смайылов газ тартылмаған өңірлерді атап, әкімдердің жұмысын сынға алды. Смайыловтың айтуынша, ауылдарды айтпағанда, қала тұрғындарын да газбен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Астана әлі де көк түтінге көміліп, ауаның ластану деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Алматыда екінші жылу электр орталығында жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі кейінге шегеріліп отыр. Осы арада үкіметбасы Смайылов «өңір әкімдері мен QazaqGaz компаниясы осы мәселелерді ерекше бақылауына алуы керек. Халықпен етене жұмыс істеп, барлық мәселені шешу керек», – деді.
Керісінше, бұл арада әкімдер мен QazaqGaz ғана емес, бұл мәселелерді шешуге үкімет өзі бел шешіп, кірісу керек. Бақылау мықты болу керек. Үкімет болашақта бай манаптар басқаратын майнинг компанияларға, ірі-ірі коммерциялық бизнеске тарифтік тәртіп орнату жағын реттеу керек. Жұмысты ширату қажет.
Сала маманының айтуынша, болашақта үкіметтің пәрмені мықты болмаса, алпауыттармен алысуға бір ұлттық компанияның дәрмені жетпейді. Сондықтан мұның барлығы үкіметтің бақылауында болуы тиіс.
Жалпы, сала мамандарының пайымдауынша, газ мәселесіне қатысты үкімет пен QazaqGaz-дың ұтымды шешімдер қабылдайтын кезі әлі алда. Мәселен, қазірде QazaqGaz бен «Газпром» Ресей – Қазақстан – Қытай газ құбырын тарту мәселесін қарастырып жатыр. Бұған қатысты еліміздің энергетика министрлігі Қазақстанның шығыс өңірін газбен қамтамасыз етудің екі жолын қарастыруда. Бірі – Қостанай – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен бағыты бойынша газ құбырын салу және Ресей газын импорттау. Алғашқысы «айтарлықтай қаражатты талап етеді», екінші жоба талқыланып жатыр. Бұдан бөлек, былтыр Ресей, Қазақстан және Өзбекстан арасында құрылуы мүмкін «газ одағына» қатысты пікірлер де болды. Бұл ретте, Ресей тарапы «үшжақты газ одағын» құру идеясын ұсынған болатын. Аталмыш мәселе қоғамда қызу талқыланғаннан кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі үш ел арасында газ одағын құру мәселесін талқылау әзірше, ерте екенін айтты. Ал Өзбекстан саяси шартты газға айырбастамайтынын, Ресеймен газ жөніндегі келіссөз одақтасу дегенді білдірмейтінін мәлімдеген. Осылайша, Қазақстан мен Өзбекстан «газ одағын құру» туралы ұсынысты кері қайтарып, бұл идея уақытша тоқтады.
Негізінен, сала мамандары «міне, осындай жағдайда үкімет пен QazaqGaz халықтың мүддесін әр уақытта бірінші орынға қоя алуы керек, әр кезде өз ұстанымымызды басым етіп көрсете алғанымыз абзал. Энергетикалық ресурс мәселесінде сыналатын тұсымыз әлі алда. Сондықтан мұндай сәтте барынша сақ, қырағы болғанымыз абзал» деседі...