Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:25, 14 Желтоқсан 2023

Тарих адамдардың режимге бейімделуі мен саяси жүйенің психологияға ықпалын да зерттейді

тарих киіз
Фото: из открытых источников

Құндақбаева Жанат Бекқызы. Тарихшы, ғалым. «Фулбрайт» бағдарламасы бойынша АҚШ университеттерінде зерттеушілік тағылымдамадан өтіп, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Беркли университетінде, Жапонияның Саппоро қаласында тәлім алған. «Қазақстан тарихының» оқулығын ағылшын тілінде жазған маман.

Жанат Бекқызының ғылымға қосқан іргелі еңбегі – «1920-1930 жылдары Қазақстан әйелдері тағдырындағы ерте кеңес дәуірінің модернизациясы» атты монографиясы. Ғалымның ғылымға келуі мен қазіргі тарих ғылымындағы мәселелер туралы сұхбаттастық.

– Жанат ханым, сұхбатқа келіскеніңіз үшін алғыс білдіремін. Сөзіміздің кіріспесін ғылым саласына, атап айтқанда, тарих ғылымына бет бұрған кезіңіз туралы сөзбен бастасаңыз…

– Өмірімдегі маңызды қадамды 2003 жылы жасадым. Докторантураға түсіп, ғылымға бет бұрдым. Алайда сол кезде докторанттардың шәкіртақысы бар болғаны 53 АҚШ доллары еді. Аш жүрген адамның руханият туралы ойлауға шамасы болмайды. Жас отбасы ретінде алғашқы жылдары қиын болды, нан табудың амалын қарастырып жүргендіктен, ғылыми диссертация жазуға шамам келмеді. Сонымен қатар диссертация жазу үшін маған Ресей мен Санкт-Петербург қалаларындағы архив материалдары керек болды. Бірақ сол жылы қуанышыма орай мемлекет жас ғалымдарға гранттар бөліп, Ресейдегі М.В.Ломоносов атындағы университетте оқуға мүмкіндік алып, екі монографиямды жазып шықтым. Қазір елдегі жас ғалымдардың, ғылымға икемі бар жастардың басым көпшілігі нан табудың қамымен руханият, ғылым дейтін ауылдан алыстап кеткен. Пәтерден пәтерге көшіп, күнелтіп жүрген жас ғалымдар ақша табудың жолында жүр. Баспанасы жоқ, тапқан айлығы ас-суынан аспайтын адам қалай ғылыммен айналыссын?! Дәл осы кездер есіме түссе, мемлекет берген мүмкіндік үшін шын қуанамын. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің докторантурасын бітіргеннен кейін 2005 жылы докторлық диссертация қорғадым. Содан кейін екі мәрте ҚР БҒМ-ның жоғары оқу орнының үздік оқытушысы грантының иегері атанғаным бар. Ұтып алған гранттардың арқасында ағылшын тілін меңгердім, шетелдің беделді университеттерінде тәжірибеден өттім. Бұл жылдар менің ғылымдағы жолымның алғашқы баспалдақтары еді. 2012 жылы «Болашақ» гранты арқылы АҚШ-тың үздік университеттерінің бірі Калифорниядағы Беркли университетінде тәлім алдым. Мұндай мол тәжірибе менің білікті маман, беделді ғалым және педагог болып қалыптасуыма ықпал етті.

– Дәл осы тәжірибе сізді «Қазақстан тарихы» оқулығын ағылшын тілінде жазып шығуға шабыттандырды ма? Ағылшын, орыс тілінде оқытылатын тарих пәні туралы айтып өтсеңіз…

– Қазір біз оқытатын тарихтың бір кемшілігі – біржақты көзқарастар өте көп. Мысалы, қазақ тілінде оқытатын ғалымдар бір оқиғаға тек бір тарапты көзқарас қалыптастырып және оқушыға сол бағытты береді. Ал тарихты шет тілінде оқыту барысында мен кез келген проблематиканы жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан қарастырғанды жөн көремін. Қазақ тілінде оқытылатын тарих пәндері мен оқытатын пәндердің бағдарламалары арасында айырмашылықтар көп. Мысалы, қазақтілді әріптестерім тарихты ежелгі дәуірден, қола дәуіріндегі Қазақстанда өмір сүрген тайпалардан бастаса, менің бірінші лекциям елімізде табылған археологиялық қазбалар мен оларды тапқан археологтар жайында болмақ. Мысалы, ғалымдар алғашқы неандерталь адамдар Қазақстанда өмір сүргенін анықтап, ежелгі адамдардың тұрағы ретінде Таяу Шығыс пен Африканың қатарына қосылды. Кейін Түрік Қағанаты, Моғол империясы, Қимақ, Қарлұқ, Түргеш қағанаттарының тарихи маңызы туралы дәріс оқимын. Кейін Қазақ хандығының құрылуы мен Кіші жүздің Ресейге қосылуы туралы тарихи оқиғаларды тиімді тәсілмен жеткізуді құптаймын. Ресей империясы туралы сөз қозғағанда, жалпы империя деген ұғымның маңызы мен міндеті туралы атап өткен жөн. Қай кезеңді алып қарасақ та, әртүрлі империялардың шайқасы мен билігіне тап боламыз. Ең алдымен, студент «империя», «билік» ұғымымен толық таныса білуі керек. Сонымен қатар дәл осы империяның құрамына қосылу біздің ұлт құрамының өзгеруіне қалай әсер еткенін талқыға саламыз. Ресейде өткен революциялық жағдайлардың Қазақстан тарихына әсері мен зиялы қауым өкілдерінің тарих ішіндегі рөлі жайында ұғындырамыз. Тарих біржақтылықты сүймейді. Елдің шаруашылық үлгісі, саяси, мəдени дəстүрлері ғасырлар бойы оның экожүйесінде түзіліп, ұлттық болмысты қалыптастырды. Біздің еліміздің даму ерекшелігін зерттеу жəне түсіну Қазақстан тарихын оқытудың маңызды аспектісі болып табылады. Сондықтан университет тарихшылары студенттердің тарихи санасын қалыптастыруда, тарихи үдерістің даму заңдылықтарын анықтауда маңызы зор. Осылайша, жаһандану жағдайында университеттің «Қазақстан тарихы» пəнін оқыту елдің мемлекеттік егемендігін сақтаудың маңызды факторы екені анық. Университет қабырғасында да Қазақстан тарихын оқыту тұжырымдамасы гуманитарлық білімнің жалпы контекстінде заманауи тарихи-ғылыми дискурсты игеруге бағытталуы керек деп ойлаймын. Студенттерге ең алдымен тарихи оқиғалардың саясатталған эскизін емес, өзіндік сипаттамалары мен ерекшеліктері бар ғылымды тануға дағдыландырған дұрыс болар еді.

– «Қазақстан әйелдері тағдырындағы ерте кеңес дәуірінің модернизациясы, 1920-1930 жылдар» деп аталатын зерттеуіңіз туралы сөз қозғасақ… Зерттеу еңбегіне дәл осы тақырыпты алуыңызға не себеп?

– Большевиктік кезеңді, атап айтқанда, өткен ғасырдың 20-30 жылдарын бастан кешірген әйелдер тағдыры тарихта жиі қозғала бермейтіні рас, осы зерттеу еңбегін солардың буынына арнадым. Олардың арасында әр таптың өкілдері: өздерінен кейін ешбір күнделік, хат, естелік қалдырмаған қарапайым сауатсыз әйелдер де бар, сонымен бірге: Алма Оразбаева, Нағима Арықова, Сара Есова, Дора Дорофеева, Мадина Бегалиева және т.б. сынды түрлі дәрежеде қоғамдық және мемлекеттік қызметтер атқарған қайраткерлерді де кездестіруге болады. Олар – халық жауларының әйелі болғаны үшін өмірлері түбегейлі өзгеріп, небір азапты бастан кешірген әйелдер. Олардың барлығына ортақ нәрсе – ғасырлар бойы орнаған тәртіпті большевиктердің өзгерткісі келген дәуірде өмір сүргендігі. Жер-жерде, соның ішінде Қазақстанда большевиктер әйел адам жаңа идеологияны түсініп, өз балаларын болашақ социализмді құрушылар ретінде тәрбиелеу үшін оларға бастауыш білім беру секілді міндеттерді шешу арқылы әйелдер мен еркектердің құқықтарын теңестіруге талпынды. Алайда мен большевиктік жүйенің ерекшелігін көрсетуге талпындым.

Большевиктер жүйесінің ерекшелігі – олар әр республикада әйелдер мен еркектердің құқықтарын әртүрлі теңестіруге әрекет жасады. Яғни олар әр аймақтың мәдени ерекшелігін жақсы білген. Мысалы, Өзбекстанда большевиктер бетперде тағу мен әйелдердің беттерін бүркеп жүруімен күресті. Ал Қазақстанда рулық қатынастарды жою арқылы әйелдер мен ерлердің құқықтарын теңестіру мүмкін екендігін түсінді. Большевиктер қалың мал, көп әйел алу, әмеңгерлік сияқты қазақтардың отбасылық тәжірибесіне тән нәрселерді қылмыс деп жариялаған еді. Көшпелі тұрмыс еліміздің бір ерекшелігі, сондықтан большевиктер әйелдердің үй шаруасын өзгеше жүргізуіне, басқаша айтқанда, отырықшы тұрмысқа бейімделуіне жағдай жасады. Ендігі жерде әйелдердің баланы дүниеге әкелуі, оны өсіріп жеткізуі медицина қызметкерлерінің және мемлекеттік мекеме тәрбиешілерінің бақылауымен жүзеге асырылды. Ең бастысы – қазақ әйелі ер адамға тәуелді болмай, мамандықты игеріп, өзін және отбасын асырай алуға қабілетті болуы керек еді.

– Байқауым бойынша, кеңестік кезеңде әйелдерді азат ету туралы көптеген әдебиеттер жазылды, бір емес, бірнеше диссертация қорғалды. Бұл кітаптың кеңес кезеңінде осы тақырып төңірегінде шыққан кітаптардың қандай айырмашылығы бар?

– Иә, шынында да, кеңестік кезеңде әйелдердің азат етілуіне көп назар аударылды. Бұл кеңес өкіметінің КСРО-ның барлық аймақтарында, батысында да, шығысында да маңызды нақты жетістігі болды. Біз әйелдердің ерлермен тең құқыққа ие болғанына үйреніп кеттік те, тіпті осы жағдайдың қалай орын алғанын, большевиктердің оған қалай қол жеткізгенін ұмытып қалдық. Бұл мәселеге кейінірек тоқталамын, қазір сіздің сұрағыңызға жауап берейін. Иә, кеңестік кезеңде әйелдерді азат ету жөнінде көптеген әдебиеттер жазылды. Алайда ол қалай жүзеге асырылды? Ең алдымен, бұл кезеңде коммунистік партияның басқарушылық рөлі айқын көрсетілді, бізді шындықтан алыстататын схемалық картина жасалды. Оның үстіне, ҚазКСР-дағы тарих ғылымы жалпы кеңестік тарихтың бір бөлігі болды, өз бетінше ғылым болмады. Сондықтан ғалымдар орталық көрсеткен бағытты, берген тақырыптарды зерттеумен ғана шектелді. Тәуелсіздікке қол жеткізген соң, орталықтан берілген емес, өзімізге қызық, маңызды тақырыптар төңірегінде зерттеу жүргізе бастадық. Алайда бұл жағдай тарихшыларға үлкен жауапкершілікті жүктегені рас. Егер қазіргі уақытта біз дербес ойыншылар болсақ, онда біз әлемдік тарих ғылымында не болып жатқандығынан хабардар болуымыз керек. Ал әлемдік тарих ғылымы соңғы отыз жылда өте қатты өзгеріске ұшырады. Барлығы өзгерді: тарихшылар нені зерттейді, қалай зерттейді, тарихи дереккөз деген түсінік өзгерді. Бұл кітап тарих бойынша ғылыми кітапқа қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып жазылған, сондықтан большевиктердің Қазақстан әйелдерін өзгерту жобасы ретінде зерттеліп, кеңестік зерттеулерден мүлде алшақ.

ХХ ғасырдың 70-жылдарында Америкада сталинизмді зерттеудің нағыз қызған шағында, біз бұл саланы зерттеу барысында сан жағынан да, сапа жағынан да біршама артта қалдық. Америкада сталинизмді зерттеудің тұтас мектептері мен бағыттары пайда болды. Алдымен тоталитарлық мектеп пайда болды. Оның өкілдері Х.Арендт, Р.Пайпс, Р.Конквест кеңестік режим тек мемлекет тарапынан күштеудің және террордың арқасында өмір сүрді деп санайды. Олар қоғамды жігерсіз, селқос, мемлекет әрекеттерінің құрбаны деп көрсетті. Осылайша, 1970-жылдары америкалық тарихшы Шейла Фицпарик режим әлеуметтік қолдаусыз тек күштеу жолымен өмір сүруі мүмкін емес деген мәселені алға тартты. Осы уақыттан бері Америкада сталинизмді зерттеудің бірінші ұрпақ ревизионистері деп аталатын басқа дәстүрі пайда болды. Олар тек билік құрылымдарын зерттейтін тоталитарлық мектепке қарағанда сталинизм кезеңіндегі қоғамды зерттеді. Ревизионистер адамдардың режимге қалай бейімделгеніне баса назар аударды. Историографияда жаңа сталинизм ағымының пайда болуы әлеуметтік тарихқа деген қызығушылықтың өсуімен де тікелей байланысты болды. Алайда ғылымның дамуымен 1980 жылдың соңына қарай «сыншылар» – екінші дәрежелі ревизионистер немесе «субъективизм мектебі» пайда болды. Жас тарихшылар осы дәуір адамдарының ішкі дүниесін зерттеді, жүйе адамның ішкі дүниесіне қалай әсер еткендігін, адам жүйедегі өз орнын қалай анықтайтындығын түсінуге тырысты. Тағы бір айта кетерлік жайт, Батыстағы кеңестік мемлекеттің сипаты жөнінде пікірталастар. Біреулер КСРО көпұлтты мемлекет болды деп есептесе, енді біреулер КСРО-ны империя немесе отаршыл держава болды деп санады. Үшіншілері, КСРО-ның алдында аталған екі сипаты бірдей бар деп санады. Кеңестік дәуірде әйелдердің модернизациясын жаңа позиция тұрғысынан жазуда сталинизм кезеңінің гендерлік зерттеулері туралы батыс еңбектерін негізге алуды жөн санадым. Десек те, қазақ әйелдерінің революцияға дейін және кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі жағдайы бірнеше себепке байланысты Батыста аз зерттелген тақырыптардың бірі. Біріншіден, қазақ әйелдерінің отбасындағы мәртебесі биік болды, олардың жағдайы өзбек әйелдерімен салыстырғанда жақсы болды. Екіншіден, қазақ әйелдерін азат ету барысында беті ашық халық алдына шыққаны үшін көпшілік алдында өлтіру секілді қанды және қайырымсыз оқиғалар болған емес. Сондықтан Қазақстандағы кеңестік гендерлік саясаттың ерекшелігі – монографияны жазудағы басты мақсат болды. Большевиктер қандай жаңа мерекелер енгізді, адамдарды әлемге басқаша көзқараспен қарауы үшін оны қалай пайдаланды? Осы сұрақтарға жауап іздедім.

Қазақ кеңес жазушыларының қазақ қоғамындағы ер мен әйелдің өзгерген образдарына деген қатынасын алайық. Кеңестік кезеңнен бері кеңес билігі мойындаған Ғ.Мүсірепов, Б. Майлин, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев секілді жазушылар биліктің тапсырмасын орындады деп есептеліп келді. Өз шығармаларында олар қазақ қоғамындағы социализмді құратын жаңа әйелдер мен ерлердің пайда болуын көрсетеді. Алайда мен ғалым ретінде әдеби шығармаларды сараптау негізінде кері әсерін байқап, сыни пікір білдірдім. Жазушылардың қоғамда болып жатқан өзгерістерге деген көзқарастарының біржақты екендігін алға тартқаным рас. Ғылым әдебиет емес, ол нақтылықты талап етеді. Алайда бұл тұста ғылымға да, әдебиетте де кездесетін ортақ дүние – қазақ қоғамындағы ерлер мен әйелдерге жаңа рөл іздеу шын мәнінде трагедиялық сипатта болғандығы. Ескі қатынастарды күштеп жоюдың нәтижесінде қазақ қоғамында хаос болды, себебі ерлер де, әйелдерде өздерінің атқаратын рөлі туралы мүлде бейхабар болды. Бұл әсіресе кеңестік кезеңге дейінгі қазақ қоғамындағы ерлер мен әйелдердің рөлі туралы очерктен анық байқалады. Қазақ әйелі бетін бүркемесе де, бетперде тақпаса да, оған қоғамда тым белсенді болуға мүмкіндік бермейтін механизмдер болды. Қазақтарда әйелге тән тыйымдар мен қатал жүріс-тұрыс этикеті болды. Әрқайсысы өз рөлін атқарды. Әйел – отбасының анасы және үй иесі, еркек – асыраушы. Десек те, көшпелі тұрмыс жағдайында еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынасты үстемшілік-бағынушылық қатынас деп айта алмаймыз. Бұл олардың айқындалған рөлі еді. Саясаттағы өзгерістер осы көшпелі тұрмыстағы қазақ әйеліне қалай әсер еткенін, жаңа идеологияны түсініп, оны қабылдауы үшін оның сана-сезімі қалай өзгергендігін, кеңес билігінің әйелді өзгерту жобасы қаншалықты жүзеге асқандығын қарастырдым. Жаңашылдыққа деген көзқарас Қырғыз облыстық комитетінің әйелдермен жұмыс істеу үшін арнайы құрылған әйелдер бөлімінің күнделікті жұмысына арналған арнайы бөлім де даярладым. Алайда ол кездегі тарих ғылымының жағдайында партияның рөлін алға тарту керек болды. Сондықтан біржақты сипаттама болды. Ал монография кеңестік саясаттың әйелдерді социализмді құруға тарту жөніндегі басты механизм ретінде әр қырынан қарастырылады.

– Енді тарихты оқыту мәселесіне қайта оралсақ. Қазіргі таңда жалпыға ортақ, түсінікті тілде тарихи контент ұсынатын ақпарат көздерінің жұмысы көңіліңізден шыға ма? Ғылымның дамуына бұл дүниелер кесірін тигізетін жағдайлар бола ма?

– Қазір тарихшыларға қарағанда, журналистер мен саясаткерлердің, блогерлердің сөзі қоғамда өтімдірек. Мені жастардың тарихқа қызығушылығы шын қуантқанымен, тарихи ақпараттарды ұсынатын адамдардың мұрнына ғылымның иісі де бармайтыны қынжылтады. Олар тарихи тұлғалардың азаматтық болмысы емес, жеке басындағы конфликтерді қазбалап жүріп өздеріне атақ жинайды. Тарихымыздың мақтан тұтатын тұстары жетерлік, десек те тарих туралы контент ұсынатындардың барлығы біржақтылықты ұстанып, халыққа ылғи артық ақпараттарды ұсынып жүргені өкінішті. Біз, ең алдымен, кез келген тұлғаның ел алдындағы қызметіне баға беріп, жеке басындағы міні туралы сөз қозғамаған жөн деп ойлаймын. Ал «хайп» қуған адамдар дүниеден өткен адамның ұрпағының жағдайы, әйелдерінің саны туралы керексіз ақпараттарды қазбалайды. Сол арқылы ел ішінде резонанс тудырады, атақ жинайды. Тарихта қозғалатын мәселе көп, жақсы, жағымды оқиғалар да жетерлік. Тарихқа байланысты контент ұсынатын кез келген адам осыны ескерсе екен деген тілек бар.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан –  Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: