Тарихи ақиқатты аңсаған Княжна Тараканова
Атағы бір ғана туындысымен шығатын суреткерлер болады... Солардың бірі – Константин Флавицкий. Оған себеп – шебердің ғұмырының қысқа болуы емес болса керек. Асылында ол мінсіз шығарма жазуды көздеп, бар уақытын соның жолында сарп еткен сыңайлы...
Су тартылып, тартқандай құрақ күлгін,
сен мысқылдап, мен болсам жылап тұрдым.
Өмір деген бұрқанған дарияға
бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.
Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда
бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім.
Фариза Оңғарсынова
1858 жылы белгілі орыс композиторы және музыка сыншысы Александр Серов өз елінің өнер қайраткерлеріне XVIII ғасырдағы орыс тарихына назар аударуға кеңес берді: «Біздің суретшілердің Отанымыздың тарихындағы осынау даңқты ғасырға ақыры бет бұратын кезі келді. Сол кезеңдегі күнделікті өмір салтынан, тіпті қоғамның қаймағы – ақсүйектер тұрмысында да жүріп жатқан азиялық және еуропалық мәнерлер арасындағы күрестен суреткер қаншама сарқылмас қазына, қарама-қайшылықтар мен драмалық көріністер табатынын түсінетін уақыт жетті. Қазір қаншама тарихи деректер, құжаттар мен тіпті костюмдер де қолжетімді! Қала сыртындағы Император сарайларының мұрағаты суретшілерге бай материал ұсына алады; орыстың Уолтер Скотының (Михаил Загоскин – ред.анықтамасы)«Лажечников: Соңғы Новик» және «Мұз үй» романдарынан Петр кезеңі мен Петрден кейінгі дәуірге қатысты қаншама тақырып табуға болады» [«Театральный и музыкальный вестник», №17, Мамыр 4 (16), 1858, 196].
Константин Флавицкийдің біз әңгімелеп отырған туындысы Петр билігінен кейінгі дәуірдегі тарихи оқиғаны бейнелейтін XIX ғасырдағы өнер туындысының алғашқы үлгілерінің бірі болды. Алайда Флавицкий Серовтың күнделікті өмірдегі көріністерді бейнелеуге қатысты кеңесіне құлақ аспай, II Екатерина заманындағы құпиясы ашылмаған оқиғаны таңдаған.
Петербордың Петропавл қорғанындағы түрме... Тор арасынан сел толассыз ағады кеп. Түрменің жұпыны көрінісімен еш үйлесім таппайтын қызыл барқыт көйлектегі сұлу бойжеткен енді бірер минутта су астына кететін кереуетке мініп, шарасыздықтан сілейіп тұр.
Еуропаның серілері бұл сұлу үшін барын да, тіпті жоғын да құрбан етуге даяр еді. Алайда қырмызы қыздың қақпанына түскендер оның шын мәнісінде кім екенін білмеді. Ол өлім аузында жатқанның өзінде шындықтың бетін ашпай, жұмбақ күйінде көз жұмды.
Оның есімдері көп еді — Франк ханым, Шель, Тремуйль, Али-Эмете, принцесса Владимирская, Элеонора, принцесса Азовская, принцесса Елизавета Владимирская — бүкілресейлік княжна, ал бізге мәлім княжна Тараканова есімін өзі ешқашан қолданбаған. Алтын ғасырдың авантюрист аруының құпиясын ашуға талпынған талай тарихшы естеліктерінде осы атпен берілгендіктен, бізге де солай жеткен екен.
Оның қайдан пайда болғаны беймәлім. Бұл оған қатысты құпиялар тізбегінің тек бастамасы ғана еді. Тараканова біресе Гент, біресе Лондон, біресе Парижде жүретін, оның енді қайдан шығарына адам көзі ілеспейтін. Жүрген жерінің бәрінде қоғам қаймағының белгілі өкілдері ес-түссіз ғашық болып, қалай қармағына ілініп, қалай құралақан қалғандарын өздері де сезбей қалатын. Еуропада жас авантюрист қыздың әсем бейнесі, қоңыр көздері, қара шаштарына тәнті болмаған адам жоқ-тын.
Қайдан келгені белгісіз, өткені тұман бикеш өзін орыс императрицасы Елизаветаның ұрпағымын деп жариялап, Еуропадан жақтастар жинай бастайды. Императрицаның шынымен де 1744 жылы туған тағдыры белгісіз Августа Дараган есімді қызы болған екен. Бұл жалған есім иесін зерттеушілер Дараганға ұқсатып, Тараканова деп атап кетсе керек. Кейбір адамдар оның сыртқы келбетінің расында да Елизаветаға ұқсас екенін айтатын.
Бұл сыбыс көп ұзамай Ресейге де жетеді, астындағы алтын тағы үшін қорқа бастаған ІІ Екатерина осындай түсініспеушілік тудырған адамды ұстап алып келуге өзінің фавориті Алексей Орловты аттандырады. Еуропаға орыс кемесінің келіп тоқтағанын естіген Тараканова еш күдіксіз Орловқа өзінің жақтасы болуды ұсынады. Оған керегі де сол еді.
Сол кездегі Ресейдің ең келбетті әрі білімді атқамінері граф Орлов аруға сезімін білдіріп, сеніміне кіреді. Енді Тараканова мен Орлов қол ұстаса элиталық жиындарға, беделді адамдардың үйлеріндегі қонаққа, операға бара бастайды. Сондай кештердің бірінде авантюрист ару контр-адмирал Самуил Грейгтің кемесін аралап көруге ниет білдіргенін пайдаланып, Орлов оны кемеде тұтқынға алады. Өзінің талайды тамсандырған сұлулығы мен жігіттердің жүректерін жаралаудағы мінсіз мансабына кәміл сенімді болған бикеш бәрі өзі ойлағаннан басқаша аяқталарын сезбеді. Тараканова ханым ІІ Екатерина қолына түскеннен кейін абақтыға жабылады. Одан кейінгі тағдыры, дәл оған дейінгі өмірі секілді құпия, шытырман оқиға мен жалған ақпаратқа толы.
Флавицкий картинасы XVIII ғасырдағы Ресей тарихына қызығушылықтың артуына себеп болды және 1860 жылдары, яғни II Александр жасаған Ұлы реформалар дәуіріндегі бірқатар өзекті саяси және әлеуметтік мәселелерді көтерді. Ол сондай-ақ көркем шындық туралы, суретшілердің тарихи дәлелдермен қалай жұмыс істеу керегі және олардың көзқарасы тарихшылардан ерекшеленуі керек пе, жоқ па және қалай деген сынды маңызды сұрақтар қойды.
«Тараканованы» ХІХ ғасырдағы орыс өнерінде тарихи тақырыптағы кескіндемені халықаралық тенденцияларға жақындата түскені үшін ғана емес, сонымен бірге кейіпкердің самодержавие құрбаны болғанын көрсететін ащы саяси оқиғаны бейнелегені үшін де маңызды туынды ретінде қарастыруға болады. Ал бұл ұлттың билеуші туралы ойын өзгертіп, қоғамның өз тарихына қатысты түсінігін өзгертуге қауқарлы еді.
Шығарма интеллигенция арасында орыс өнерінің құлдырауы анық байқалған кезеңде пайда болды. Нағыз шедевр бар жүкті өзіне артып, бұл дағдарыстан жылғыз өзі алып шыққандай еді. Картина Академияның көрмелеріне келушілер санының айтарлықтай өсуіне әкелді, олардың саны 1860-шы жылдардың басындағы көрмелердегіден айтарлықтай жоғары болды. Сол жазда ол Мәскеу көркем әуесқойлары қоғамының залдарында тұрақты көрмемен қатар қойылды, көрме есебі бойынша аталған туындыны 8179 адам тамашалаған.
Сыншылар бұл картинаның әлдеқайда терең екенін түсінді, оның көзге анық түсетін драмасының артында үлкен саяси салдар болары байқалды. Флавицкий өзінің суретіне қатысты туындаған у-шудан шабыттанып, дәл осындай тақырыптармен жұмыс жасауды жоспарлай бастайды. Өйткені Ресейдегі либералдық оппозиция қуғынға ұшыраған уақытта суретшінің саяси көзқарастары өзгерген болатын. Оның ойы негізінен саяси эмигранттар Александр Герцен мен Николай Огаревтің идеяларынан және еркін The Russian Émigré Press баспасөзіндегі жарияланымдармен қалыптасты. Суретші Николай I билігінің соңғы жылдарында, сондай-ақ Николайдың ұлы Александр II кезіндегі көптеген саяси қамаулардан хабардар еді. 1861 жылы шаруаларды құлдықтан босатқан реформатор патша ретінде белгілі болғанымен, Александр бірқатар саяси манифестерге, әсіресе Петр Зайчневскийдің 1862 жылғы «Жас Ресей» жариялауына қатаң түрде қарсы болды. Сол жылы аса ықпалды сыншы және философ Николай Чернышевский тұтқындалып, Петропавл бекінісіне қамалды.
Совет ғалымдары Флавицкий кейіпкері мен 1861-62 жылдардағы саяси қуғын-сүргін арасындағы айқын параллельді байқады. Олар да дәл осылай Санкт-Петербургтегі Петропавл қорғанына қамалды. Бірақ саяси цензура мен тарихи шындық деген дүние қатар жүреді емес пе?! I Николай билігі кезінде зерттеулер қатаң бақылауда болды, себебі аристократия мен Романовтар әулетінің атақ-даңқына шаң тиер оқиғалар аз болмады.
Нәтижесінде, Ресей тарихы, әсіресе XVIII ғасырға қатысты ақтаңдақтар көбейді. Княжна Тараканова сынды өзге де тұлғалар мен оқиғалар хақындағы деректер архивте шаң басып қалды. II Александр патшаның тарихи мөлдірлікке қатысты реформалар жасайтынына үлкен үміт артқан ғалымдар расымен-ақ біраз құпияның беті ашылады екен деп қалған еді. 1859 жылы аноним «Русская беседа» әдеби журналында былай деп жазды: «Бүгінгі күні Ресейдің тарихи өміріндегі құпия қалған оқиғаларды жасыруға әкелген саяси себептердің көпшілігі өз маңызын жоғалтты. I Петрден бастап Ресей тарихы шынымен де ғасырлар бойы жалған жазылып, ақтаңдақтарға толы күйінде қала ма? Жоқ, біз бұл олқылықтардың орны толатынына сенімдіміз».
Орыс тарихын толыққанды зерттеуге әсіресе эмигрант-жазушылар аса ниетті еді. 1850-жылдары кей құпия деректе қолжетімді болып, цензура алынған шақтарда Герцен мен Огарев сындылар нақты сол бағытта жұмыс істеді. Флавицкий туындысы да осы іспетті либерал суреткердің үкіметті өз отанының өткеніне қатысты шындықты білуге кедергі келтірмеуін сұрау ретінде қабылдауға болады.
Егер осы оқиғаға дейін Ресейде Тараканованың кім екенін білетіндер жоқтың қасы болса, енді картина ықпалынан оның тағдырына қызығушылық танытатындар тек ел ішінде ғана емес, Еуропада да күрт көбейді. Әсіресе бұған 1867 жылы автор өмірден өткеннен бірнеше айдан соң «Княжна Тараканованың» Парижде өткен Дүниежүзілік көрмеде орыс өнері бөлімінде көрсетілуі себеп болды. Оны куратор Шварц іріктеп алса да, Суретшілер Академиясы советі бұған қарсы болған. 1867 жылы 2 (14) қаңтарда император сарайының министрі Академия вице-президентіне: «Мәртебелі Парижде таратылатын В каталогта Флавицкийдің «Княжна Таракановасының» (№50) қасына «бұл картинаның сюжеті романнан алынғандықтан тарихи ақиқаттан алшақ» деп жазуды тапсырды,» – деген хат жазған. Бұл анықтама патшаның ескертпесіне сай каталогқа енгізілген екен сол кезде.
Кей өнертанушылардың пайымдауынша, Ресей үкіметінің картинаны көрсетуге қарсылық білдіруінің бір себебі – 1863 жылғы поляк көтерілісі басылғаннан кейін Ресейге қарсылар санын артуынан қорықса керек. Өйткені «Тараканова» авторы негізінен француз кескіндеме мектебінің дәстүрлерін, әсіресе Деларош өнері бағытын ұстанды.
1864 жылы Флавицкий туындысы көрмеге қойылғанға дейін Тараканова туралы зерттеу мүмкін емес болды. Одан кейінгі жылдары жұмбақ ару тағдырын баяндаған еуропалық жазушылар қатарына орыстардың өздері де қосылды.
Замандастары картинаны жоғары бағаласа да, оны сатып алушылар табылмады. Бір аноним өнер сыншысы оны саяси мәні кесірінен лайықты бағасын алмаған туындылар қатарына қосқан екен. Шынында да, Флавицкийдің суреті орыс кескіндеме мектебінің мақтанышы боларына сенген Третьяков 1865 жылы наурызда оны сатып алу туралы келіссөздер жүргізбек ниетін білдіреді, бірақ суретші тым жоғары баға талап еткен-мыс. Осылайша, коллекционер картинаны Флавицкий қайтыс болғаннан кейін, Париждегі көрмеден оралған кезде, 4000 күміс рубльге сатып алады. Ол 1856 жылы жинай бастаған орыс өнерінің галереясына тарихи тақырыптағы алғашқы картина боп енді. Бір қызығы, Флавицкий туындысы талай тарихи құпияның ашылуына себепкер болғанына қарамастан, Таракановаға қатысты дәл картинадағыдай Санкт-Петербургте су тасқыны салдарынан өлім құшты деген еш дәлелсіз сценарийдің бекуіне әкелді.
Кейін бұл аңыз түрлі өнер туындылары арқылы шындықтай қабылдана түсті. Кім білген, бәлкім, Тараканованың тағдыры Константин Дмитриевич Флавицкийдің картинасындағыдай аяқталған да шығар...
Тыныш түзу өмір жолынан гөрі, авантюраға толы тағдырды таңдаған басқа да бикештер секілді, княжна Тараканова бейнесі де түрлі заман ақындары, суретшілері, музыканттарының қиялына бірнеше ғасырлар бойы қайта-қайта оралып, туындыларына арқау еткен.