Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:41, 16 Қаңтар 2024

Тарихи атауды өзгертудің қажеті жоқ

Ерден Қажыбек
Фото: из открытых источников

Елді мекендердің атауына байланысты Біріккен ұлттар ұйымының ережесі бар. Егер ресми дәлелденген көне атау болса, оның басымдылығы кез келген жағдайда сақталуы тиіс. Мұндай жағдайда дауыс беру, халықтың пікірін жинау сынды әдістердің, амалдардың ешқандай қажеттілігі де, өзектілігі де жоқ. Алайда осы тақырыпты БАҚ құралдары да, басқалары да ашып айтпайды.

Мәселен, Петропавлды қазақ Қызылжар деп атаған. Оның тарихи атауы – осы. Ал сырттан қарасақ, шатасып жүрген секілді көрінеміз. Жердің атауын оңды-солды ауыстырамыз, ал төл тарихын, өз атауын ескермейміз. Тарихқа көз салсақ, баяғыда жердің атауы мәжбүрлікпен өзгертілді. Мұндағы бірінші мақсат тілді құрту. Көбісі қазақтың зиялыларын қырып, дауыстарын тұншықтырып, жоғары жақтың нұсқауымен енгізіліп отырған атаулар. Осылайша, қазақтың төл атауларын жаңартқан, құжаттарға мақсатты түрде қате жазған. Оны дәлелдейтін құжаттар да жетерлік. Мұндай қадамдарға 1940 жылдары сол кездегі жас ғалымдар, кейін академик болған Кеңесбаев, Балақаевтар қарсы шыққан екен. Бірақ олардың бәрін басып тастап отырған. Мұрағаттардан ол құжаттарды да таптым. Қоғам соның бәрін көруі керек.

Қазір де осы әдеттен арыла алмай келеміз. Жақында ғана Жетігеннің атауы өзгеретіні хабарланды. Өзінің керемет, әдемі аты бар еді. Қазақтың ұлттық музыкалық аспабы. Орал мен Алтай арасындағы халықтарға тән көне аңыз. Астрономияға байланысты тұсы да бар. Тамырын зерттеп қарасақ, сонау көне түркі дәуіріне барамыз, байланысамыз. Енді оны да Алатау атап, өзгертіп, қала етпекші. Шынында Алатаулар көбейіп кетті. Әрине, Алатау, Қаратау, Хантәңірі деп өзгерте беруге болады. Бірақ оны қазақшадан қазақша өзгерткеннен не ұтамыз? Керісінше, көне атауларымызды жоғалтпай, тарихи құндылықты сақтауымыз керек. Осындай өз төл атауларымызды оңай өзгерте саламыз. Ал орысша көше атаулары мен басқа да елді мекендердің аты тұра береді. Мұның ең айқын көрінісі – Петропавл мен Павлодар. Бұл өте ұят нәрсе. Патшаның баласы туады, ол сол нәрестенің құрметіне, сыйлық ретінде қазақтың даласындағы қаланы Павлодар деп атайды. Ең сорақысы – ол атау әлі тұр. Өзгертуге шамамыз жетпей жатыр. Түптеп келгенде, Қызылжар жөнінде де құжаттар табылды. Өз кезінде қазақ үкіметі ауыстырған, үкім шығарған. Бірақ қазір заман басқа ғой, сонда да өз атауын қайтаруға шамамыз келмей отырғаны қынжылтады. Қазір онда қазақ аз. Аз қазақтың өзі орысша ойлайды, орысша сөйлейді.

Жаңа, жоғарыда айтып өткенімдей, егер өзінің тарихи атауы дәлелденсе, ештеңеге қарамастан сол өз атауы қайтарылуы керек. Ал өз атауларын өзгертуге асығудың тіптен де қажет жоқ. Бұл – халықаралық стандарт, ұстаным. Мәселе заңда да емес. Ашығын айту керек, біз заңға қарап, қатып отырған ел емеспіз. Мәселен, бізде жазылған атаулардың бәрі қазақша болуы керек, қажет болған жағдайда ғана жанына басқа тілдерде жазылады деген ереже қабылданғандай болған. Одан соң басқа адамдар келді де, қазақшамен қосып орысшасы да жазылуы керек дегенді шығарды. Сол секілді Жетігенді Жетіген деп қалдыру заңға қарап қалған жоқ. Бұл біреудің басына келген идея болды да, соны қабылдай салды. Бізде өкінішке қарай басшы айтты болды деп, бәрі жапа-тармағай қолдап шығады. Мәселенің астарына үңілмейді де. Сол үшін шенеуніктер де ойына келгенді айтады. Ал ғалымдар, қоғам қарсы шыққанын ескермейді де...

Ерден Қажыбек, ғалым