Тарихи кесене тарих сахнасынан көше ме?
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне Қазақстаннан енген алғашқы нысан, сәулет өнерінің жауһары, жалпыадамзаттық мұра ретінде мойындалған Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесіне қауіп төніп тұр.
Соңғы уақытта ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде осындай пікірлер көп айтылып жүр. Кесененің айналасын көгалдандырудың салдары тарихи нысанның бүлінуіне әкеліп соғуы мүмкін екенін бір жыл бұрын «Жас Алашта» біз де көтеріп, осы жөнінде белгілі археолог Мұхтар Қожаның пікірлерін жариялаған едік.
Жуырда кесене қабырғаларының ылғалданып, көгеріп тұрғаны әлеуметтік желіде жазылды. Дәлел ретінде фотолар да жарияланды. Алайда елді алаңдатқан фактілер, дәлел-айғақтар Түркістан облыстық әкімдігінің жауапты шенділеріне түк те әсер етпеген сияқты. Осы мәселеге орай облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ақпарат құралдарында жарияланған пікірін назарларыңызға ұсынып көрейік. Сонымен Шөкеев не деді?
– Кесене аумағындағы 88 гектар жерге ешқандай ғимарат салынбайды. Тек көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі көгалдандырылған жерде бұрын да әртүрлі гүлдер мен талдар егілген болатын. Біз сол жерге газон ектік. Артындағы топырағы шығып жатқан жерден ботаникалық бақ жасадық. Бұл ЮНЕСКО-ның қарамағындағы кесене. Сондықтан барлық жобалар солармен келісіліп жасалады. Біз де ғалымдармен ақылдасып жасаймыз. Ешқандай зиян келіп жатқан жоқ. Кейбір адамдар үйінде жатып, пікір айтады. Дәлелін айтсын, соған сай сөйлесетін боламыз, – деді өңір басшысы.
Яғни облыс әкімінің сөзіне сенсек, кесене аумағында жүргізілген көгалдандыру, абаттандыру шараларының зияны жоқ. Жасыл желектің, ағаштардың қурап кетпеуі үшін жасалған суландыру жүйелерінің, кесенеге таяу жерде, Тұңғыш президент паркіндегі жасанды көлдің ешқандай әсері болмаған. Бірақ жоғарыдағы сөздерді айтып отырған облыс басшысының өзі де «ешқандай зияны жоқ» екенін ешкімге дәлелдей алмайды. Себебі мамандардың пікіріне сүйенсек, кесененің не себепті ылғалданып, көгеріп, тұзданып жатқанына осы уақытқа дейін кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілмеген.
Біз осы аптада археолог ғалым Мұхтар Қожамен қайта хабарласқан едік. Ол керісінше, кесене қабырғаларының ылғалдануына тікелей көгалдандыру шараларының әсері бар деп есептейді.
– Жуырда Түркістанда Әзербайжан, Өзбекстан және отандық ғалымдардың қатысуымен кесенеге қатысты семинар өтті. Осы жиынның алдында Әзірет Сұлтанға арнайы барып қайттым. Нысанның өзі ғана емес, оның қасындағы Рәбия Бегім, Есімхан және белгісіз кесененің іштерінің де ылғалданып тұрғанын байқадым. Бұрын мұндай жағдай болған емес. Яғни бәрі көгалдандыру жұмыстарының салдары деп ойлаймын. Осы семинарға қатысқан шетелдік ғалымдар кесенені алғаш рет көрді, сондықтан әрине, олардан қандай да бір тұжырым күту қисынсыз. Дегенмен өз саласының мықты мамандары екен. Мәселен, Өзбекстаннан келген ғалымдардың бірі кесененің айналасын көгалдандырып, шырша ағаштарын егудің дұрыс еместігін атап өтті. Бұл пікірді мен де қолдаймын. Неге осы Түркістанның табиғатына тән ағаштар егілмейді? Бұл жер саябақ емес қой. Мұндағы барлық нәрсе өзінің табиғи қалпынан ауытқымауы керек. Ол сонысымен құнды, – деді археолог-ғалым.
Кесенеге бас-көз болып отырған мекемеге, ресми атауымен атар болсақ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына директор болып жуырда Мәулен Садықбек деген азамат тағайындалды. Ол аталған музейге бұрын да басшылық жасаған. Кесенедегі қалыптасқан жағдайға қатысты шетелдік ғалымдардың пікірін білу үшін жоғарыдағы семинарды ұйымдастырған жаңа директор екен. М.Садықбекпен сөйлескенімізде ол «кесене қабырғаларының ылғалданғанын жоққа шығару мүмкін емес, бәрі көрініп тұр» деді.
Көкейдегі көп сұрақты төпелеттік. Кесене қабырғаларының ылғалдануы қашан басталды, оған көгалдандыру, жасанды көлдің қаншалықты әсері бар?
– Ылғалдану 10-20 жыл бұрын басталған. Бәлкім бұл процес реставрация жұмыстарынан кейін байқалған шығар. Ал кесенедегі қалпына келтіру жұмыстары жетпісінші, тіпті елуінші жылдардан бастау алады. Ылғалдану бір жылдары күшейеді, бір жылдары төмендейді. Ал енді бұған көгалдандырудың, жасанды көлдің қаншалықты қатысы барын кәсіби мамандар айтсын. Әркімнің өз ойын, пікірін айтуына тосқауыл жоқ, бірақ мамандар оның анық-қанығына жетіп, тиісті жауабын беруі керек. Кесенеге қатысты мәселе президент әкімшілігінің бақылауына алынған. Қазір төрт министрліктің мамандарынан құрылған топ жұмыс істеп жатыр. Олар барлық сала бойынша кешенді зерттеу жүргізуде, барлық сұрақтар бойынша тиісті жауабын береді, – деді Мәулен Садықбек.
Тоқсаныншы жылдары реставрация жұмыстарын жүргізген түріктер кесененің астына бетон жіберген көрінеді. Ылғалдануға осы жағдай әсер етті деген пікірлер кездеседі. Бұл қаншалықты рас? Директор бұл пікірмен келіспейтінін білдірді.
– Біз кінәні біреуден іздегенге үйренгенбіз. Сол кезде түріктер ақшаны бөлді, өздерінің атқаратын жұмыстарының жоспарын өзімізбен келісті ғой. Ендеше, оған неге рұқсат бердік, неге бақыламадық? Бәрі біткеннен кейін түріктерді кінәлі қылу дұрыс емес. Қайта қазір мамандар кесененің астына бетон құюдың дұрыс шешім болғанын айтып отыр. Зерттеу жұмыстары осы бетонды да қамтиды, бәріне баға беріледі, – деді директор.
М.Садықбектің айтуынша, зерттеу жұмыстарының қорытындысы бір-екі айдың көлемінде шығады. Осыдан кейін тиісті орындарға ұсыныстар беріледі.
«Ешқандай зияны жоқ» деген Шөкеевтің сөзі қаншалықты шындық екендігін мамандардың берген қорытындысынан кейін білетін боламыз. Әліптің артын бағайық.