Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:45, 17 Желтоқсан 2024

Тарихи мүмкіндіктер куәсі – Жоғарғы Кеңес

Назарбаев
Фото: ашық дереккөз

1990 жылы 24 сәуір күні Қазақ ССР Жоғарғы Советі «Халық кеңесі» газетін шығара бастады. Жаппай жариялық кезеңінен кейін бұрын айта алмай жүрген сөздер айтылған шақ.

 «70 жылдан бері шын мәнінде өз билігіне жете алмай келе жатқан советтер жұмысының ізденісі мен ізгі мұраттары, ...жариялылық үрдістерінің жарқын қадамдары, ...келешекті қайткенде келелі етеміз деген қадау-қадау мәселелер газеттің түптеп жазар, нақтай түсер тақырыптары болмақ» деп жазды газет редакциясы алғашқы санында.

Бұрынғы Советтер одағының шашауы кетіп, сетіней бастаған шағында демократия, нарықтық экономика, егемендік сөздері жиі-жиі сөз бола бастаған. Ең жоғарғы заң шығарушы палатаның органы ретінде шыға бастаған басылымның бетінен сол уақыттағы ел билігін ұстаған азаматтар, Жоғарғы Совет депутаттары тәуелсіздік алардың алдында қандай сөз айтты, қалай әрекет етті деген сауалдарға жауап табуға болады екен. Әрине, палатаның органы болғандықтан, тым айғайшыл басылым болмағаны анық.

Ол тұста Назарбаев әлі де – Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы. Егемендік декларациясы қабылданбаса да, демократия үрдістерін күте бастаған, айта бастаған кез. «Қайта құру сондай-ақ күн тәртібіне халық депутаттары Советтерінің партия, шаруашылық органдарымен, ресми және бейресми қоғамдық ұйымдармен, өзара іс-қимылының демократиялық механизмін жасауды да алға қойып отыр. Алайда «Советтердің билігі кемел болсын!» ұраны әзір қайшылықты әрі сылбыр іске жүзеге асып келеді. Жергілікті жерде бұл бетбұрыстың мән-маңызы толық түсінілген жоқ», – дейді Назарбаев. Горбачев қайта құру кезеңін бастағанда тиек еткен демократия механизмі қалай жүзеге асу керегін әлі ешкім толық түсінбеді. Бірақ бұл кезде тәуелсіз ел болу деген мақсат әлі жоқ болғаны анық сезіледі. Советтер, партия сөздері жалпы одақ көлемінде демократиялану туралы ғана сөз болып жатқанын сездіреді.

Ерік Асанбаев
Фото: ашық дереккөз

Жоғарғы Советтің 12-шақырылымынан соң экономикалық дербестік туралы жиі айтыла бастады. Бұл Жоғарғы Советтің төрағасы – Ерік Асанбаев болады. Президенттік лауазым құрылып, енді мемлекет басшысы президент болады деді. Сол тұста «Президент – ел ағасы» деген сөз көтерілді. Балғабек Қыдырбекұлы: «Егер президент көпшілік дауыспен сайланатын болса, оған бірден-бір лайық кандидатура – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Республика басшысы Қазақстанның экономикалық дербестігі жөніндегі мәселені орынды көтеріп жүргені қай-қайсымыздың да көңіліміздегі жай» деп Қазақ ССР-нің президенттігіне сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болуы керек деген сөзді айтады.

Қазақ Советтік Социалистік Республикасының президенті болып, Жоғарғы Советтің қаулысымен Нұрсұлтан Назарбаев сайланады. Ерік Асанбаев төраға болып сайланғаннан кейінгі сөзінде Жоғарғы Советтің алдында тұрғын жеті міндетті айтады. «Қазір ең бастысы, осы мүмкіндіктерді жауапты және табанды түрде пайдалану, нағыз демократиялық, нағыз праволық, ізгілікті, бірақ талап қойғыш қоғамдық және мемлекеттік құрылысқа әр қадам сайын жақындай беру» дейді. Жоғарғы Совет (ол уақытта әлі кеңес деп айтылмаған) төрағасының осы мүмкіндіктер дегені одақтас елдердің жеке ел болып, егемендікке ұмтылып жатқан кезеңі болатын. Одақ басшысы да, мемлекет басшысы да «президент» деп аталып, демократиялық құндылықтар мен нарықтық экономикаға шығу, ауысу үдерістері туралы талас, пікірлер басталайын деп тұрған кез болатын.

Сол тұста газет беттері жаңадан сайланған Жоғарғы Совет депутаттарына сенім білдіріп, президентті қоштаған сөздері де жарыса жарияланып жатыпты. 12-шақырылым кезінде ғимарат алында жиналған жастар «Нұрсұлтан аға, жастар сізге» деген транспаранттар ұстап тұрды деп жазады. «Президент пайғамбар емес» дегенмен, президенттік институт дербес ел болуға бір қадам жақындау еді.

Жоғарғы Совет қайта құрылған соң қазақтың ұлттық мәселелері алға шықты.

«Абай мен Ыбырай сөйлеген қуатты тілдің құнын соңғы 30-40 жылдың ішінде төмендетіп жібердік. Сондайлық туған тіліміз қауқары жоқ, қажетсіз тіл ме? Олай болса, өзімізбен іргелес өзбек, грузин, армян, тәжік ағайындар ерте замандардан-ақ ана тілдеріне неге құрметпен қарап келеді?! Неге қазақ мектебінде оқыған оқушыларымыз жоғары оқу орындарына түскеннен кейін ана тілінде білімін жалғастыра алмайды? Қаумалаған қалың сұраққа қазір жауап табу қиын» деп шарасыз күйдегі тіл мәселесін де сөз етеді. Тек білім емес, ақпарат құралдары да алдымен орысша жазып, кейін соны аударып тарататын әдетке де сонау тоқсаныншы жылдары қарсы шыққан. Жер, шекара мәселесі де Жоғарғы Советте ұдайы сөз болып, қарсылыққа ұшырап жатқан.

Әзірбайжан Мәмбетов
Фото: ашық дереккөз

ССРО халық депутаты Әзірбайжан Мәмбетов: «Сол бір зәуметті күндерден кейін Алматыда алапат тасқындай түрлі қуғын-сүргін, соттау, жұмыстан, оқудан шығару, комсомол мен партия қатарынан аластату шаралары қаптап кетті. Өкіметтің осы әрекеттері жұмбақ бір жабық перде астында жүргізілді. Ал адамдар жариялылық, шындық пен әділеттілікті күтіп отыр. Сондықтан мен ССРО Жоғарғы Советіне Алматыдағы оқиғаларды тексеретін дербес комиссия құруды сұрап, өтініш жасап отырмын. Бұл комиссия сол кезеңге әділ бағасын берсе екен деп тілеймін» деп, дауыс көтереді. Бұл оқиғаға әлі де саяси баға берілген жоқ.

Жоғарғы Совет ғимаратында әлсін-әлсін егемендік туралы сөз болғанымен, бірақ компартия әлі жұмысын жалғастырып жатты. Н.Назарбаев Орталық комитеттің бірінші хатшысы қызметін жалғастыра берді. 1990 жылы 9 маусым күні республика коммунистерінің мәслихаты өтіп, Назарбаев қайтадан бірінші хатшы болып сайланды. Алдағы съезде «Партияның бірлігі мен социалистік таңдау жолында, жаңарған ССР Одағындағы Қазақстанның нақты егемендігі жолында есебі» бойынша қарар қабылданды.

1989 жылы КСРО халық депутаттарының 1 съезінде жаңа одақтық келісім шарттары жасау мәселесі көтеріліп, Балтық жағалауы республикалары, Украина, Қырғызстан республикалары егемендік туралы декларация қабылдайды.

Жаңа одақтық келісімшарт бойынша республиканың шекарасында өзінің жеріне, суына, қазба байлығына, әуе кеңістігіне, ұлттық байлығына даусыз иелік етеді. Өз территориясында Қазақстан Конституциясы мен заңдары үстем болады. 1922 жылғы шарттағыдай билік өктемдігін жүргізе алмайды деп есептелді.

Одақтас басқа елдер егемендігі туралы декларация қабылдап жатқанда біздің елде енді дайындалып жатты. Декларацияның ешқандай заңдық күші болған жоқ. Ол тек мемлекеттің ниетін ғана көрсететін. Жазда дайындалып, 7 тамыз күні Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының мәжілісі сөз болады. «Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» заңның жобасы қаралды. Бірақ бірден қолдау таппай, талқылау кейінге шегерілді.

Республиканың экономикасын нарықтық қатынастарға көшіру тұжырымдамасы қаралды. Экономикалық реформалар жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қ.Тұрыс баяндама жасап, Жоғарғы Советке таныстырды. Бұл ұсыныстарды халыққа таныстыру үшін баспасөзде жариялау туралы шешім қабылданады.

Қазақ ССР Жоғарғы Советінің президиумы күзгі сессияның қарауына көптеген заң жобаларын қалдырды. Жаңа одақтық шарт бойынша жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшу ең алдымен заңдардың реттелуін талап ететін еді. Сол үшін заң актілерінің тізбесі жарияланды. Сол тізбенің ішінде ең бірінші болып – «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының егемендігі туралы» заң жобасы тұрды. Қыркүйек айының соңында – «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының егемендігі туралы» декларацияны халыққа таныстыру үшін баспасөзге жарияланады.

Декларация қабылдаудың тарихи маңызын ескере отырып, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің президиумы: «6 қазан Республика күні деп есептелсін және ол жыл сайын Қазақстанның мемлекеттік, қоғамдық мейрамы ретінде аталып өтіліп отырсын» деп Ерік Асанбаевтың бұйрығымен жарыққа шығады.

Жоғарғы Совет декларацияны талқылайды. 12-шақырылымның 2-сессиясында күн тәртібіндегі негізгі мәселе Егемендік туралы декларация болатын. Бірақ депутаттар әр жаққа сүйреп, азық-түлік, жаңадан құрылған фракциялардың жобасын талқылап кетеді. Бірақ түстен кейін ғана егемендік декларациясын талқылауға отырады. Бұл декларацияны «Заң» деп атау ұсынылды.

Нұрсұлтан Назарбаевқа «Сіз Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан бас тартсаңыз қайтеді? Сонда президенттік міндетіңізге мол мүмкіндік ашылар еді» деген сұрақ осы кезде қойылды.

Егемендік туралы сөз болғандықтан, тұтас дербес елдің атрибуттары бойынша талқылаулар болған. Ұлттық армияның да жайы сөз болады. Сағадат Нұрмағамбетов: «Әзірге ұлттық армияның бізге керегі жоқ» деген сөз айтады.

Ұлттық валюта, тіл, жер тұтастығы – бәрі кеңінен талқыланып, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан өзінің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жариялады.

***

1991 жылғы 1 желтоқсанда бір ғана үміткердің қатысуымен Қазақ КСР-нің тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы өтеді. Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 98,7% дауысын иеленді. 10 желтоқсан күні Назарбаевтың президент қызметіне кірісіп, куәлік алу салтанаты өтетін еді. 8 желтоқсан күні Беларуссияның Беловеж пущасында үш славян мемлекетінің басшылары – Б.Ельцин, Л.Кравчук, С.Шушкевич кездесіп, «Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы халықаралық құқық негізінде өзінің өмір сүруін тоқтатты» деген мәлімдеме жариялады. Сөйтіп Жоғарғы Кеңес 10 желтоқсан күні Қазақ КСР атауын Қазақстан Республикасы деп өзгертіп, Назарбаевқа президент куәлігін тапсырады.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң қабылдайды.

***

Серікболсын Әбділдин Жоғарғы Кеңестің төрағасы қызметіне 1991 жылы 10 желтоқсаннан бастап кіріседі. 16 желтоқсанда Тәуелсіздік туралы заңды қабылдайды. Сонда төраға ретінде алғашқы қол қойғаны – Ел Тәуелсіздігі туралы заң болғанға ұқсайды.

Әбділдин төраға болғанда конституция, ұлттық валюта, шекара туралы заң әлі қабылданбаған еді. «Теңгені дайындау – Жоғарғы Кеңестің құқысында болды. Өйткені Ұлттық банкті, министрлердің барлығын Жоғарғы Кеңес бекітетін. Теңгенің дайындау жұмысын ешкімге айтпай-ақ өз бетімізбен бастадық. Сауық Тәкежанов деген комитеттің бастығы болды. Экономикалық реформа жасайтын. Содан кейін Тимур Сүлейменов деген депутат болды. Дизайнды сол жасап, теңгені қалай жасауды сол комитетке жүктедік» деген еді Серікболсын Әбділдиннің өзі бұл туралы кейінірек.

Серікболсын Әбділдин
Фото: ашық дереккөз

Әбділдин басқарған Жоғарғы Кеңес бірінші конституцияны қабылдайды. Ол конституция бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі болады. Парламенттің құзыры күшті болады. Демократияшыл-парламенттік заң, билік бір қолда болмайтындай жасалған еді. 1995 жылға дейін сол конституциямен жүрдік те, кейін өзгертулер енгізілді. Ол заңды кей саясаткерлер «Әбділдиннің конституциясы» деп атайды.

Күні кеше «Төраға Әбділдин» деректі фильмінің көрсетілімі өтті. Авторы – жазушы, журналист Қанат Тілеухан. Сол деректі фильмде Ұлттық банктің алғашқы төрағасы ғалым Байназаров: «Конституция тоқсан екінші жылдан бастап талқыланып жатты. Қабылдануы оңайшылыққа келген жоқ. Өйткені сегізінші тармақта қазақ тілі мемлекеттік тіл болады деген норма болды. Осы нормаға келіп тірелді де отырды. Осындай талқылаудан кейін тоқсан екінші жылдың аяғына дейін конституция қабылданбады. Сөйтіп депутаттар демалысқа шығып кетті. 1993 жылы қаңтарда қайтып келіп, конституция талқыланып кетті. Біз сол кезде бас прокурор, жоғарғы сот мен қатысып отыратынмын. Көз алдымызда өтіп жатыр. Енді дауысқа салу мәселесі қалды. Серікболсын Әбділдин мынандай тәсіл қолданды. Барлық нормаларға жеке-жеке дауыс бермей, белгілі нормаларды топтастырып, мысалы, бірден беске дейін. Бестен онға шейін дауыс берейік деп келісілді. Өзі ұсыныс жасап, келісті. Бір мен бес қабылданды. Тіл туралы заң сегізінші пункт. Біз, міне, бір мен бесті қабылдадық қой. Енді бес пен онға дейін қабылдайық деді. Бәрі дауыс беріп, заңдар қабылданып кетті. Сосын бір-екі минут өткеннен кейін бір топ депутаттар орыс халқының өкілдері: «Оны дұрыс талқыламай қабылдап жіберіппіз. Ол қалай? Болмайды» деді. Сегізінші пунктте «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп жазылған. 1995 жылғы конституцияда қазақ тілімен бірге орыс тілі официально қолданылады деп жазылған. 1993 жылғы конституцияда ресми қолданылады деген сөз жоқ. Тек ұлтаралық қатынас тілі деп жазылған. Міне, мәселе осында тұр. Парламенттің өзінің тәртібі бойынша дауыс беріп кеткен заңға қайта оралу керек. Серікболсын Әбділдин айтты: «Онда біз сегізінші пункке қайта ораламыз деген ұсыныс қоямын, соны дауысқа саламыз» деді. Дауысқа салып кеп жібергенде оған үш-төрт дауыс жетпей қалды. Сөйтіп біздің қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қабылданып кетті», – деген сөзді айтты.

Ол уақытта енді тәуелсіздік алған кезең. Саяси ерік-жігер мен қатар, айла-тәсіл де керек еді. Жоғарғы Кеңестің төрағасы болғаннан кейін «Заңдылықтың тура жолымен» деген мақаласы жарық көреді. Сол мақаласында парламент пен президенттің, мемлекеттік органдардың «биліктің ара-жігін ажырату» концепциясын түсіндереді. «...Дербес заң шығарушы, атқарушы және сот биліктерінің қалыптасуы жағдайында мемлекеттік дәрежедегі Кеңестер неғұрлым заң шығарушы және бақылаушы органға, ал әкімшілік-территориялық бірлік деңгейіндегілері жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілетті органдарына айналуы тиіс», – деді.

Сол заманда жергілікті билік өкілдерін тағайындамай, халық өзі сайлау керек деген сөзді айтты. Жаппай жекешелендіруге қарсы шығып, нарықтық экономиканың өзіне жоспармен көшуді ұсынды. Бірақ оған үкімет пен президент келіскен жоқ.

Әбділдин парламенттің негізгі функцияларының бірі өзі қабылдаған шешімдердің орындалуын бақылау деп есептеді. Ол кезде мемлекеттік органдардың маңызды функциясы ретінде бақылау көп өзгерістерге ұшыраған еді. Халықтық бақылау органдары тарап кетті. Жаңа бақылау ұйымы туралы сөз болғанымен, үкімет тыңдаған жоқ. Жаңа биліктік қатынастар орнап жатқанда мемлекеттік бақылаудың бір органға бағынышты бірыңғай механизмін құруды, я жасауды Серікболсын Әбділдин қолдаған жоқ. Өйткені «биліктің ара-жігін ажырату» концепциясына қарсы келеді деп түсінді. Биліктің бір тармағы арқылы бақылау ішкі жұмысты емес, сыртқы шаруаларды да бақылайтын болады. Ондай бақылау жұмыстың жүруіне кедергі келтіретінін айтты.

Сол үшін «Бақылау палатасын» құруды ұсынды. «Бақылау палатасы туралы» заң шыққаннан кейін заң шығарушылық қызметпен бірге арнаулы парламенттік бақылауды жүзеге асыра бастауымыз керек. Осылай еткенде ғана Жоғарғы Кеңестің қызметін тек заң шығарушы ғана емес, сонымен қатар республиканың бақылаушы органы ретінде де айқындау, парламенттік институттар мен құрылымдарды қалыптастыру процесі аяқталады» деген болатын.

Серікболсын Әбділдин биліктің үш тармағында да кешенді реформа жасауды ұсынды. Бір мезгілде және өзара байланыста дамығанда ғана реформа жемісті болатынын айтты.

Тәуелсіздік алған кезеңде саяси институттардың өзгеріске ұшырап, азаматтардың құқығы мен бостандығы, елдегі өзге ұлттардың құқығы тең дәрежеде болмай жатқанда, Әбділдин Кеңесі бәріне бірдей қарауды және билікті де тең ұстауды көздеді. Бірақ президент Назарбаев «Жоғары Кеңес нарықтық экономикаға өтуге кедергі келтіріп жатыр» деген себеппен Кеңесті таратуды ойлады.

Жоғарғы Кеңес төрағасы Әбділдиннің Үндістанға ресми сапары кезінде мәслихат сайлаулары дұрыс өтпеді деген желеумен кеңестер өзін-өзі тарқата бастады. Жоғарғы Кеңестің сайлауы бір уақытта өткендіктен, Әбділдин елге келгенге дейін Жоғарғы Кеңес тарап кетті. Басталған реформалар Әбділдин ойлаған жолмен жүрген жоқ.

Ермұрат Бапи
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «Төраға Әбділдин» деректі фильмінде: «Әбділдин келген кезде парламентті тарату туралы шешім шығып қойған. Оның бәрі жоспарланып жасағаны белгілі боп тұр ғой. Әбділдиннің Үндістанға ресми сапары алдын ала ұйымдастырылған. Әбділдин жоқ кезде саяси төңкеріс жасалып қойған. Оны кейін оппозицияға келген Алтынбек Сәрсенбаевтың өзі де мойындап жүрді», – деді.

***

Бұдан кейін тағы бір рет Жоғарғы Кеңес сайланды. Ол Кеңестің де ғұмыры ұзақ болған жоқ. Бірақ тәуелсіздік алар шақтағы, одан кейінгі Жоғарғы Кеңестің құзыреті де, салмағы да күшті болды.

Әбділдин бір жиында сөйлеген сөзінде: «Егер қазір дұрыс шешім қабылдамасақ, не уақыт жоғалтамыз, не мемлекет құруға берілген тарихи мүмкіндігімізден айырыламыз» деген еді. Тәуелсіздіктің 34-жылына аяқ басқан шақта, біз не жоғалттық, неден айырылдық деген сауалға жауап іздеуге тура келеді екен.

Бағашар Тұрсынбайұлы