Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 29 Тамыз 2024

Тарихы терең, тағылымы мол білім ошағы

жоо
Фото: pixabay

Ұлт саулығы – мемлекет болашағының кепілі. Осы орайда кез келген мемлекет балалардың тән мен жан саулығына көңіл бөліп, осы жолда көптеген жобалар атқаратыны сөзсіз.

 Әсіресе соңғы кезде елімізде ерекше күтімді қажет ететін балалардың саны жыл санап артып келеді. Сәйкесінше, оларды сауықтыруға арналған орталықтар мен мекемелердің де көбеюі заңды. Соның бірі – Түркістан облысы Кентау қаласындағы облыстық арнаулы-кәсіптік колледжі.

Кентау қаласында орналасқан оқу ордасы – еліміздегі жалғыз арнаулы кәсіптік колледж. Ерекше балалар мен студенттерді мамандыққа баулып, үлкен өмірге дайындайды. Тағдыр басына салған сынаққа сабырлық таныта білген мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген талпынысы мен құлшынысын шектемей, оларға жан-жақты қолдау көрсетуде тең құқықты білім берудің маңызы жоғары. Саналы тәрбие, сапалы білім беру арқылы кәсіби маман иесі болып шығуына үміт пен мүмкіндік беріп жүрген мекеменің тарихы әлдеқайда тереңде жатыр.

Ең алғаш Түркістан кәсіптік-техникалық училищесі боп 1942 жылдың қаңтар айында құрылған екен. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында мемлекет оқушыларды оқыту, асырау үшін қаржы бөліп, қамқорлығына алған еді. Мектептің бірінші директоры қызметін Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагері, соғыстан кейін жарақат алып, мүмкіндігі шектелген полк комиссары В.И.Гриднев атқарған. Мектеп сол жылдары жоба сызушыларды, құрылыс жұмысын басқарушыларды, жоспарлаушыларды, ауыл шаруашылықты және өндірістік бухгалтерлерді дайындаған. Аталмыш мекемеге 1950 жылдарға дейін оқуға тек соғыс мүгедектері қабылданған. Уақыт өте келе мекеме еңбек, әскер, бала кезінен және жалпы ауру салдарынан мүгедек болған азаматтар қабылдайды екен. Алпысыншы жылдары «есеп-жоспар» мектебі «кәсіптік» мектеп болып қайта құрылған.

Мүгедектер қоғамының басты міндеті – ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажына толық жауап беріп, әлеуметтік қолдау екені анық. Қоғамдағы осы топтағы адамдардың тіршілік ету сапасын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып белгіленген еді. 1991 жылы ҚР әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығы негізінде оқу орны кәсіптік-техникалық училище болып қайта құрылды. Оқу ордасында ерекше қажеттілігі бар студенттер «экономист-бухгалтер», «тігінші», «оператор» мамандықтарын меңгеріп, сан түрлі үйірмелерге қатыса алады. Бүгінде аталмыш колледжде еліміздің барлық облысынан келген мүгедектер білім алып жатыр, училище ашылған уақыттан бері 6000-нан астам мамандарды әзірлеген. 2008-2009 оқу жылы тамыз айынан бастап Кентау қаласына көшіп келуіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының арнаулы кәсіптік лицейі болып өзгертілген.

Бүгінде Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Арнаулы кәсіптік колледжі» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінде 1000-нан астам студент білім алуда. Соның бірі – Шымкент қаласынан осы колледжде білім алу үшін арнайы келген Фариза Ордай. Фариза қазіргі таңда тігінші мамандығын меңгеріп, жеңіл киімдер тігуді үйреніп жүр. Сонымен қатар оқу ордасындағы мәдени шараларды ұйымдастыратын белсенді шәкірт.

«Маған іште жатқаннан бастап даун синдромы диагнозы қойылған. Бірақ мүмкіндігім шектелді, аурумын деп қарап отырғым келмей, оқу орындарын зерттей бастадым. Кентаудағы арнаулы кәсіптік колледжді интернеттен көріп, осы жаққа келуді ұйғардым. Қазір мәдениет секторымын. Одан бөлек, тігіншілікті меңгеріп жатырмын. Кішкентай кезімнен бірнәрсе тігуді, киім үтіктегенді жақсы көретін едім. Отбасым тігінші мамандығына оқимын дегеніме қарсы болмай, қолдау білдірді. Бұл мекеме еліміздегі жалғыз арнаулы кәсіптік колледж екенін ескергеніміз жөн. Былтыр студенттердің жағдайы үшін жеделсаты орнатты. Оқуға құштар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандар бұған дейін қоларбаларын бірінші қабатқа тастап, жоғарыдағы дәрісханаларға сатымен көтеріліп жүрген. Бұрын қоларба қолданатын студенттерге баспалдақпен көтерілу қиындық тудыратын. Ал олардың жалпы саны оқушылардың 60%-ын құрайды. Енді тірек-қимыл жүйесі бұзылған колледж оқушыларының білім алу жолындағы тауқыметі жеңілдеп отыр», – дейді.

Ал колледж психологы Мархабат Қаламбаева колледждегі білім алушыларға үнемі психологиялық тренингтер мен семинарлар өткізетінін атап өтті.

«Өмір тауқыметіне түскен жандардың өмірге деген өкпесін ұмыттырып, қиындықтарды серпіп тастап, қоғамның толыққанды мүшесі болуға даяр болу үшін білім мен тең қарым-қатынас орнатудың маңызы зор. Адам баласының аз ғұмырында тағдырдың беретін сыйы мен сынағы мол. Сол тағдырда алдына қандай қиындық пен қасірет келсе де, сағын сағындырмай, қайратты рухының арқасында өз арманына адалдық танытатындар кемде-кем. Қоғамның қай саласына көз салсақ та, тағдыр талқысына түсіп, өмір мүмкіндігін шектеген кезде де, жанын кірлетпеген, рухын құлатпаған жандарды кездестіріп қаламыз. Жігері жығылмаған қайратты жандардың қоғамның дамуына, елдің әлеуетіне араласып жүргені талай жанға үлгі болары анық. Колледждің басты мақсаты – маманнан бұрын рухы мықты адам дайындау», – дейді маман.

Сәруар Бақберген

Түркістан облысы

Тегтер: