Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Тарихи тұлғаны толық тану үшін оның теріс істерін де білген дұрыс

Бейбіт Қойшыбаев
Фото: ашық дереккөз

Өкінішке қарай, оқығандар арасында бұл дерт әлі күнге жойылған жоқ, оны айтасыз, іштеріндегі неғұрлым оқу өтіп кеткендері күні бүгінге дейін әділетті белінен басып, өздерінің жалпыұлттық пайымымен жанаспайтын тар ұғымымен шектелген көзқарастарын көпшілік санасына қайткенде нағыз шындық есебінде тықпалау үшін небір амал-тәсіл қолданып жүр.

 Сөз бостандығына қолы жеткен жұрт ішіндегі әркімнің өз ойын еркін айтуға қақылы екені түсінікті, әйтсе де, қазіргі кейбір даукестер мен айтыскерлердің дұрыс сөзге тоқтамайтыны да рас. Содан да ғой, сіздің сауалыңыздың келесі тармағында: «Осындай оқиғалардың суық ақылмен, эмоциясыз төрелігін айтатын институттар, мекемелер жоқ па» деген сұрақ қойып отырғаныңыз. Иә, бірқатар тарихи тұлғаларды атадыңыз, оларға, олардың қатысы болған оқиғаларға неліктен «мемлекет тарапынан ғылыми тұжырым, нақты тарихи баға берілмейтінін» сұрадыңыз.

Мұндайда, шынында, кейбір даулы мәселеге адал да әділ қарайтын беделді мемлекеттік ұйымның тұжырымы дер кезінде қорытылып, ұсынылып отыруы қажет-ақ. Дейтұрғанмен, жекелеген ғалымдардың ірі тарихи тұлғалар хақында іргелі еңбектер бергені, тіпті бір билік мекемесінің әдебиеттегі әлдебір жасанды деп саналатын тұлғаның қалай пайда болғанын зерттеп шығарған шешімі болғаны да белгілі. Бірақ соларды, жарық көріп жатқан түрлі жарияланымдарға қарағанда, талайлар мойындай қоймады-ау. Сондай-ақ көне заманда жазылып, бертінде ғана жарияланды делінетін бір үлкен кітаптың жасандылығы дәлелденіп, қолдан миф жасаушылық ретінде қатты сынға ұшырағанымен, әлі күнгі дәріптелуден тынбай келе жатқанын да ұмытпаған жөн.

Сауалдарыңыздағы: «Әйтеуір қашан қарасақ, Рысқұлов, Тәшенов, Кенесары, Әбілқайыр сынды тұлғаларды әлде ақтап, әлде күстаналап жатамыз» деген жолға орай өзімнің қатысым болған бір жайтты айтайын. Осыдан он алты-он жеті жыл ілгеріде Тұрар Рысқұловтың 1924 жылы Бас хатшы Иосиф Сталинге және көшірмесін Мемлекеттік саяси басқармаға жолдаған құпия хаттары архивтен алынып, көпшілікке әйгілі болды да, үлкен шу туды. 2009 жылдың басында біз сол құжатты Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының басқармасында талқыладық (мен сол шақта қоғамның президенті едім). Мәжіліске қатысқан ғалымдар, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары қызу да өткір пікірлерін ортаға салып, қорытындысында тарихи тұлғаны толық тану үшін оның теріс істерін де білген дұрыс, сонда қаһарманымыздың толыққанды бейнесі сомдалып-тұлғаланады, сол себепті ашыққа шыққан Тұрар хаттарын жұртшылықтан жасыруға болмайды, тек оларды түсініп талдау абзал, өш алу, кек қайтару құралы етпеу керек деп қорытты. Мен сол талқылау нәтижесін арқау етіп, баспасөзге «Ұлттық ымыра» деген атпен мақала бердім. Бірақ мәселе сонымен тына қалды деп ойлай алмаймыз, жұрттың бірқатары Рысқұловқа шаң жуытпау жағында болды, біраз зерттеушілер архив деректеріне сүйеніп, оның көп кемшіліктерін одан әрмен ашып жатты. Кезінде Қазақ республикасын тарқатып жіберуді ұсынғанын, Алашордамен жүргізген күрестерін, басқа да теріс тірліктерін әшкерелеп, оны «ұлт сатқыны» деуге дейін барды. Осындай жайттарды ойлағанда, әрине, өткен жолымыз бен өткендегі қайраткерлеріміздің іс-әрекеттерін әділ саралап беретін беделді сөз керек-ақ екенін түйсінеміз.

Ал неге өткендегі тарихи оқиғалар мен солардың бел ортасында жүрген азаматтарымызға тәуелсіздік тұрғысынан «әлі де төрт аяғын тең басқан нақты тұжырым берілмей келе жатыр» деген сауалға билік тұтқасын ұстағандардың назарды кемшілікке емес, жетістікке аударған жөн деген үстем уәжі дайын тұр-ау деп ойлаймын. Баға беріле қалған жағдайда оны – «шынайы тарихты, шындықты қабылдауға халық санасы дайын ба» деп сұрапсыз. Білікті пікір күткен билігіміз асығып-аптықпауға тап соны – жұрт санасын шайқамауды, тыныштықты сақтаудың маңыздылығын желеу етуі ғажап емес. Менің ойымша, әділдікке, адалдыққа сүйенген, тек нағыз шындықты, бұлтартпас ақиқатты арқау еткен дәйекті де дәлелді бағаны халық санасы жатсынбайды, ел-жұрт шынайы тарихымызды түсіндіретін дұрыс сөзді қалтқысыз қабылдауға қашаннан дайын. Ал жалпы көтерілген мәселенің әрдайым дұрыс шешім тауып тұруы үшін қай-қайсымыз да өзді-өзімізді әділеттілікке әрқашан бас иетін адал азамат етіп тәрбиелеуге тырысайық дегім келеді.

Бейбіт Қойшыбаев,

тарих ғылымдарының докторы