Тарихта болмаған тариф немесе Сәтқалиевтің қожанасырлығы

Энергетика министрлігі «Инвестиция орнына тариф» саясатын ұстанғалы бір жылдан асты. Бастапқыда аталмыш бағдарламаны жүзеге асыратын кезде энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев: «Бұл жаңа тарифтік саясат энергетика секторына инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Тарифтерді қымбаттату арқылы елдегі электр станцияларының тозуын ең кемі 15 пайызға төмендетеміз, станцияларды жаңғыртуға және реконструкциялауға кең мүмкіндіктер ашылады» деген. Министрлік тарифтердің кезең-кезеңімен халықтың қалтасына ауырлық салмай қымбаттайтынын, «тарифтің өсуі инфляцияға ең минималды түрде әсер етеді, тіпті әсер де етпейтінін» айтқан.
Сөйтіп, мақтауын асырып, жаңа тарифтік саясатқа көштік. Содан бері коммуналдық төлемдер жаңа қарқынмен қымбаттай бастады. Тіпті биыл қаңтар айында бұл қызмет түріне түбіртек келген кезде біраз елдің жүйкесі жұқарды.
«Жас Алашқа» пікір білдірген экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова «Инвестиция орнына тариф» саясатын әлі де зерттеу керектігін, себебі қазіргідей геосаяси жағдай ушығып, сыртқы және ішкі экономикалық ахуал дағдарып тұрғанда бұл саясаттың жеміс бере қоюы екіталай екенін айтқан. Маманның ойынша, үкіметтің «Инвестиция орнына тариф» саясаты қазір тіпті Ұлттық банктің инфляцияны тұрақтандыру саясатына кері әсерін тигізіп жатыр. Мәселен, былтыр коммуналдық төлемдердің барлық түрінің бағасы 10-30 пайыз аралығында қымбаттады.
«Ұлттық банк жыл басында «инфляцияны белгілі бір межеден асырмаймыз» деп есеп береді. Былтыр, мысалы, инфляцияны 6 пайыз болады деп болжаған. Бірақ жыл соңындағы инфляция деңгейі 8,5 пайыздан асып кетті. Бас банк қымбатшылықтан сақтану үшін табиғи монополиялардың тарифіне де белгілі бір шектеу енгізіп барып болжам жасайды. Ал үкіметтің соңғы екі жылдағы «Инвестиция орнына тариф» саясаты Ұлттық банктің инфляцияны бұғаттау саясатына кері әсер етіп жатыр. Тарифтер өскен сайын инфляция да қоса өседі. Жылу мен жарыққа, суға қымбат төлеген кәсіпорын, өз өнімін арзанға сатпайды. Сондықтан тарифтер қымбаттаған сайын елдегі инфляция көрсеткіші кем дегенде 2 пайызға өсім беріп отырады. Былайынша айтқанда, үкіметтің жоспары мен Ұлттық банктің жұмысы үйлеспей отыр», – дейді экономист.
Арзан тариф туралы арман
Біз бұдан былай арзан тариф туралы армандай да алмаймыз. Себебі 30 жылдан астам уақыт әбден тоқыраған, тозығы жеткен саланың бірі осы энергетика саласы болып отыр. Қазір бұл саланың жыртығын жамау үшін ең кемі 13 трлн теңге қажет және бағдарламаның орындалу мерзіміне 20 жылдай уақыт керек. Ал мұндай қаражатты қайдан аларын білмей, тарифті қымбаттату арқылы күнін жалдап отырған үкімет жақын арада бір нәрсе өзгертеді дегенге сену қиын. Үкіметтікі тарифті реттеу үшін тарифті қымбаттататын бір қожанасырлық.
Министрліктің мәліметінше, елде 95 пайызға дейін тозған, қайта қалпына келтіруге келмейтін станциялар бар. Айталық қазір жұмыс істеп тұрған 37 жылу электр орталығының (ЖЭО) 19-ы қызыл аймаққа, 11-і сары, 7-еуі жасыл аймаққа кірген. ЖЭО жабдықтарының орташа тозу деңгейі 66 пайызды құрайды. Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы ЖЭО жағдайы тіпті қиын. Ондағы тозу көрсеткіші 80 пайыздан асып кеткен.
Жалпы, қызмет құнын қымбаттату арқылы сол саладағы қызметкерлердің жалақысын өсіру, шығынын түгендеу, жоқ-жітігін жамап алу нарықта бар заң. Бірақ бүтіндей бір ауқымды саланың жыртығын бір ғана тариф саясатын өзгерту арқылы түгендеп аламыз деуге тағы болмайды.
Алматы қаласының тұрғыны Айғаным Мұқажанова қымбат тариф қалтасын қағып бара жатқанын айтады. Кейіпкеріміз былтырдан бері коммуналдық төлемді уақытылы төлеу үшін күнделікті ішетін тамағынан ақша үнемдей бастаған.
«Сексенінші жылдары салынған 30 шаршы метрлік панель үйде жалғыз тұрамын. Қаңтар айының коммуналдық төлемін көріп, шалқамнан түстім. 30 шаршы метрлік үйге 54 мың теңге төлем келіпті. Шоттағы есептеулерді көріп, «шок» болдым. Элиталық Тұрғын үй кешінінде тұрсам бір жөн. Әшейін ескі үй ғой. Шулатып жүріп қайта есептеттім. «13 мың теңге артық есептеліпті» деп, қысқартып берді. Ол 13 мың теңге былтырғы жылдан қалған екен, оны төлегенімді дәлелдеп жүріп, түбіртектен алдырып тастадым. Сонда қаңтар айына аядай ғана үйге 41 мың теңге төледім. Бұл өте көп. Жақсы, менің алатын жалақым бар. Ал бір ғана зейнетақыға қарап отырған зейнеткерлер не істейді?! Оларға 10-15 пайыздық жеңілдіктер бар дегеннің өзінде тарифтер өте қымбат келіп жатыр. Меніңше, бұған бір шектеу енгізу керек», – дейді алматылық тұрғын.
Ал келесі бір кейіпкеріміз Марина коммуналдық қызмет үшін қаңтар айына екі бөлмелі үйіне 76 896 теңге келгенде тіптен қайран қалған. Бұл жайлы ол: «Отбасымыз 4 адамнан ғана тұрады. Айтарға сөз таппай қалдым. Былтыр ең көп дегенде 30 мың ғана төлейтінмін. Енді ай сайын 76 мыңнан асырып төлеу керек», – дейді.
Жалпы әлеуметтік желіде алматылық, астаналық тұрғындар коммуналдық төлемдердің тым қымбаттап кеткенін, былтыр бұл қызмет түріне 28 мың теңге төлесе, биыл 45 мың теңге төлеп отырғандарын, 38 мың теңге төлеп келгендер биыл 60 мың теңгеден асырып есептелген түбіртектер келгенін айтып, видеожазбалар жариялауда. Тұрғындар тариф құнының қалайша бұлай шарықтағанын түсінбей дал. Кейбір тұрғындар жаппай төлем жасаудан бас тартуға да дайын.
Ал біз сұрау салған энергетика министрлігінің мамандары Қазақстанның былтырдан бері жаңа тариф саясатына көшкеніне назар аудару керектігін айтты. Осы жаңа саясат аясында желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін азайту міндеті қойылғанын есімізге тағы бір салды. Сондай-ақ министрліктің бізге берген дерегінше, республикада 70-тен астам энергия беруші ұйым (ЭБҰ) заң талаптарына сәйкес келмесе де қызметін жалғастырып жатқан көрінеді. Міне, осы жекеменшіктегі заңсыз жұмыс істейтін энергия беруші ұйымдардың кесірінен де электр желілерінің тозуы жыл сайын артып, халықты электр, жылумен жабдықтау сапасы құлдырайды, тариф бағасы қымбаттайды. Министрлік бұл ұйымдар сапалы қызмет көрсете алмайды дейді. Соған қарамастан, бағаны да өсіретін солар.
Алатау «қаласының» жауы – жел
Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтің пікіріне сүйенсек, бізге осы жекелеп, заңға бағынбай жұмыс істейтін энергия беруші ұйымдардан келетін кедергі көп. Әсіресе ірі мегаполистердің шет аудандарында мұндай ұйымдардың дәурені жүріп тұр.
«Кезінде 2000 жылдары қалаға жақын ауылдарға барып олар өздерінің трансформаторларын орнатты. Өз беттерінше жер алып, үй салып жатқан тұрғындар солар арқылы электр жарығына қосылды. Ешқандай инфрақұрылымы жоқ жерлерге халық осылай өз қолымен «инфрақұрылым» жасады. Үкімет ол кезде мұның арты неге апаратынын бағдарлаған да жоқ. Енді, міне, 25 жыл өтті. Ол трансформаторлар тозды. Халыққа беріп отырған электр қуаты сапасыз бола бастады. Желілік сымдары да тозды. Олар беретін сымдағы кернеудің өзі әртүрлі бөлінген. Біреуінің балансында 220-350 кВт аралығында болса, екіншісінің балансында 10 кВт желілер болуы мүмкін. Сондықтан та энергия беруші ұйымдар жеке-жеке тариф бекітіп алған. Мысалы, Алматы облысына қарасты ауылдардың бір бөлігі электр тарифіне 23 теңгеден төлесе, енді бірі 34-39 теңгеден төлейді. Осының барлығы сол қызметтің сапасына, желіден берілетін кернеуге байланысты. Министрлік осы мәселені шеше алмай отыр».
Біз Алматы облысындағы Алатау қаласына (әлі салынбаған, статусы ғана бар «қала») қарасты ауыл тұрғындарымен де тілдесіп көрдік. Осы ауылдағы Жаңа Талап, Жаңа Дәуір, Қоянқұс ауылының тұрғындары ауылдарында мұндай мәселе бар екенін растады. Бұл ауылдың тұрғындары ескі трансформатор бұзылса ортадан ақша жиып оны жөндетіп, сол құрылғының бұзылмауын күндіз-түні тілеп отырады. Тіпті Қоянқұс ауылының Алатау, Жұлдыз, Бірлік көшесінде жазда нөсер, қыста жел болса жарық сөніп, тас қараңғылық орнайды. Ауыл тұрғындары ескірген трансформаторды жаңасына ауыстыру үшін 10 млнға жуық қаражат керек екенін, оған өздерінің шамасы келмейтінін, жалпы өздеріне электр қуатын беретін осы трансформаторларды мемлекет балансына алуды сұрап Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке өтініш жолдаған (бұдан Алатау қаласы әкімдігі де хабардар). Бірақ үш жылдан бері «қаланың суретін салып, ойнап жүрген» әкім электр проблемасын шеше салады дегенге тұрғындар да сенбейді. Әйтеуір, айтпады демесін деген далбаса көңіл.
Бір қызығы, ештеңеге қарамастан энергетика министрлігі мен Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы жаңа тариф саясатының болашағы жарқын боларына кәміл сенеді екен. Қауымдастық төрағасы Талғат Темірхановтың пікіріне сүйенсек, жаңа тарифтік саясат аясында электр және жылу өндірушілерге қомақты қаржы қарастырылады. Бұдан бөлек, былтыр 25 желтоқсанда энергетикалық инфрақұрылымды дамытудың Ұлттық жобасы бекітілген. Төрағаның сөзінше, бұл бұрын-сонды тарихта болмаған оқиға. Ол жоба аясында шамамен 13 трлн теңгеге дейін қаражатқа бүкіл Қазақстан бойынша 1 622 шақырым жылу желісі, сонымен қатар энергетикалық нысандарға жаңа жылу жүйелері қосылатын болады. Бұл, әрине, айналасы бір-екі жылда шешілетін шаруа емес. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 20 жыл уақыт керек екенін жоғарыда айттық. Электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы «осы жобалар негізінде тарифтер әлі де шамамен екі есеге дейін өседі» деген болжам барын жасырмайды. Төрағаның айтуынша, соның негізінде қаражат көзін ұлғайтып, мамандар жалақысын көтеру және жөндеу жұмыстарының көлемін арттыру мәселесі тұр.
Міне, сізге тарихта болмаған тағы бір «теңдессіз» жоба! Осы жоба аясында тарихта болмаған тарифке дайын болыңыз.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ