Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 12:00

Тарихты алдағысы келгендер тарихтың қарғысын арқалап, мазағына айналады

Ханкелді Әбжанов
Ханкелді Әбжанов

Қазір әңгіменің ауаны кей тарихи оқиғаларға кеп тірелсе, мұндай болған, болмаған, автордың фантазиясы дейтін бір тарап шығып жүр.

 Өздері қолына ұстап та көрмеген архив құжаттарын мысал етіп, деректер келтіріп жатады. Қалай десек те, кез келген тарихи оқиғаға әділ бағасын беретін ғалымдар мен тарихшылар ғана. Соған қарамастан, кей тарихшылардың өзі жік-жік боп бөлініп, кей тұлғалар, оқиғалар туралы айтысып, тартысады. Бұған себеп те жоқ емес. Сонау патша кезеңі, кейінгі кеңес өкіметі тұсында жазылып, сақталған деректер тарихшылар мен зерттеушілердің қолына түгел дерлік әлі тиген жоқ. Деректер мен архивтер толық емес. Күні бүгінге дейін керек құжатың, архив дерегі мен дәлелдер зерттеушілердің қолына беріле бермейді. Деректің толыққанды болмауы, оқиғалардың біріне-бірі қабаттасып, қиялдан шығарылуы – осының бәрі тарих туралы тұжырымды пікір айтуға бөгет боп отыр. Ал тарихи конфликтінің, қоғамда дау тудырған мәселенің ақиқатын айту үшін ең әуелі деректерді игеру керек. Деректер түгел дерлік ғалымның қолында болмай, бірін беріп, екеуін бермей шектеп отырса, осындай шатасулар мен адасулар, бірінің пікірін бірі жоққа шығарған, айтыс-тартыстар жалғаса береді. Сондықтан бірінші деректер қолжетімді ме – осыған баса назар аударған жөн.

Адамның абыройын көтеріп, тарихтан орын алуға лайық ететін бір-ақ дүние – оның артында қалған мұрасы мен ізгі амалы, әрекеті. Түптің түбінде шын асыл өзінің әйтеуір бір лайық бағасын алады, сол секілді кезінде қиянат жасағандардың амал‑айласы да ашылады. Ақиқат дерегі жүз, мың жылдан кейін де әйтеуір бір шығатыны анық. Тарихты алдағысы келгендер оңбай қателеседі. Өзі де тарихтың қарғысын арқалап, мазағына айналады. Ақиқат түбінде ашылады. Болар-болмас шаруасы бар, бірақ тарихшылар аспанға көтеріп, әуектетіп жүрген тұлғаларымыз да жетіп артылады. Жалпы тарихтағы ірі құбылыстар, тұлғалар туралы талас ешқашан тоқтаған емес. Тарихтағы ірі құбылыстар жайлы қоғамдық таластың, әртүрлі пікір алуандығының арасы алшақтап кетпес үшін мемлекет арнайы комиссия құрып, заң қабылдаса да болады. Патша өкіметі тұсындағы Қазақстан, Алаш қозғалысы және оның тарихи маңызы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ жағдайы немесе репрессия тұсындағы қазақ зиялысының қасіреті сынды тақырыптарға заң қабылдаса, осынша жан-жаққа тартып, жұлмалау да азаяр еді. Ұлттық тарихты кемел түзу үшін мемлекет пен биліктің болмысы, табиғаты, мазмұны ұлттық ұстанымда қалыптасуы керек. Біз әзірге ондай биікке көтерілген ел емеспіз. Жемқорлық, рушылдық, әділетсіздік, заңсыздық жойылмай тұрғанда ондай межеге жете де алмаймыз.

Біздің халықтың тарихи санасы шын мәнінде әлі қалыптасып үлгермеген. Бүгінгі қоғам «деген екенге» сене береді. «Деген екен» деп емес, нақты тұжырым жасап, заңмен шегелеп тастағанда ғана, бірін-бірі төпелеп, тепкілегендердің жақтаушылар мен даттаушылардың қарқыны бәсеңдейді. Әйтпесе, кеше батыр боп жүргендер, бүгін сатқын боп, кеше айыптаған адамыңнан ертең артығын таппайсың. Солай жалғаса береді. Негізі өмір дегеннің өзі де күрделі құбылыс қой. Бір жағына шығу үшін шығармашылық еркіндік, идеологиялық әралуандық, ұлттық мүдде сияқты ұлы ұстанымдарға жығылу керек. Әйтпесе анығы мен қанығына ешқашан жете алмаймыз. Ертеде Сталин заманына бір икемделіп, соған әбден сеніп алған адамдар бар. Олардың бейімделген сенімінен енді бас тартуы қиын сияқты. Оларға салсаң қазір де «Сталин данышпан, Брежнев Қазақстанның досы» деп айтудан тартынбайды. Ақиқаттан алыс кетпеу үшін заңның араласқаны артық етпес еді.

Ханкелді Әбжан,

тарих ғылымының докторы,

профессор