Тарихтың бір парағы – «Таңбалы тас»

Адамзат қай ғасырда, қай құрлықта өмір сүрмесін, оның ғұмырының шынайы жылнамасы тарих екені даусыз.
Егер өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын алтын көпір – тарих болмаса, онда ешбір ұлт пен ұлыс өз шежіресін тарқата алмас еді. Бүгінде көнеден сыр шертетін қазақ даласындағы тарихи жәдігердің бірі де бірегейі – «Таңбалы тастар».
Кең-байтақ Қазақстанның әр өңірінде әр ғасырда тас бетіне салынған таңбаларымен әйгілі «Арпа өзен таңбалы тастары», «Баянжүрек суреттері», «Ақбауыр үңгірі», «Қаратау шимайлы тастары», «Қойбағар таңбалы тасы» деп аталатын қасиетті жерлер бар. Бүгінде өзіміз тілге тиек етіп отырған бұл «Таңбалы тас» – соның бірі. Ол Іле өзенінің оң сағасында, Қапшағай суқоймасынан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Бұл сонау өткен ғасырлардан бері көзіқарақты қауымға алғашқы зерттеушілер Шоқан мен Пантусовтың жазбалары арқылы етене таныс Жетісу жеріндегі көне ескерткіш.
Сырттай қарағанда «Таңбалы тастың» жан-жағының бәрі толған сай. Орналасқан жері де бірыңғай жылғалар мен өзектерден тұрады. Ол жерде қараған жанның бірден көзіне шалынатын нәрсе – әбден күнге күйіп қақталған, беті айшықты суреттерге толы жалпақ гранит тас. Тасқа қашалып салынған таңбалардан бұғы, таутеке, жылқы, киік, шошқа, бұқалардың кескіндерін көруге болады. Бұған қоса, өте әдемі бейнеленген, қолдарына найза ұстап, белдеріне қылыш асынған, желбірете ту ұстаған ұзын саны 22 салт атты сарбаздың суреті де көзге бірден шалынады. Зерттеушілердің айтуынша, бұл V-VІІ ғасырлардағы түрік жауынгерлерінің бейнесі. Археологтардың «Таңбалы тасқа» жүргізген зерттеу нәтижесінде бұл жердің тас дәуірінде адамдардың табынатын қасиетті мекені болғаны анықталған. Зерттеу барысында 5000-дай сурет есепке алынған. Олардың салынғанына 4000 жылдай өткен. Таңданарлығы сонда, мамандардың айтуынша, мұндағы тастар табиғаты жағынан аса қатты емес. Содан да болар, оған кім-кімнің де қандай да бір суретті салуы аса қиын емес.
Аталмыш таңбаларға қатысты пікірлер легі сан алуан. Оның бәрін жіпке тізбей, бір ғана «Atalarmirasy» ресми сайтында жарияланған дерекке көз жүгіртсек, басқаны айтпағанда, мұндай тасқа қашалған суреттер мен таңбалардың ең алдымен ежелгі көшпенділер өмірімен тығыз байланысты болғаны былайша сипатталады: «Еуразия кеңістігінде тарихта «прототүрк» деп танылған ата-бабаларымыздың тілдік деректері, жазулы мәтіндері бізге жетпеді. Қазірге дейін тілі мен жазуына қатысты айғақтар анықталынбаған. Өйткені ол кезеңдерде жазу-сызудың болмауына байланысты оның ілкі формалары – алғашқы қарапайым суреттер, петроглифтер, пиктограммалар, идеограммалар, жартас суреттері, символдар, таңбалар көптеп қолданыла бастады. Ол сызба суреттерде күн, ай, жұлдыздар, жылқылар, жыртқыш аңдар, бұғылар, адамдар, арба көлік құралдары, қару-жарақтары сияқты алуан түрлі семантикалық көріністер болатын. Демек, аталмыш артефактілердің барлығы дерлік жазудың, жазба мәтіндердің алғашқы көріністері деуге болады. Көшпелілердің дүниені тану, жаратылыстың құпиясын ашуға ұмтылуы мифтік наным-сенімдеріне әсер етті. Соның нәтижесінде синкреттік өнер туындылары, тасаттық-ғұрыптық кешендері (күн, ай, қару, бұғы және басқалар) қашалып бейнеленген ұстынтастар, яғни бұғытастар орнату ғұрыптары пайда болды. Көсемдер мен ру-тайпалық қатынастарында мүліктік айырмашылықтар пайда болды, айырбас саудалар дамыды. Бір сөзбен айтқанда, Еуразия кеңістігінде әйгілі аттылы көшпелілер өркениетінің негіздері басталып, әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосты».
Мұндағы жазулар б.з.д. ІІ ғасыр мен б.з. ХІІІ ғасырлары аралығында ойып салынған. Бірақ бұл таңбалар мұнымен ғана шектелмейді. Жарқабақтағы біріне-бірі жалғасқан, бірінің үстіне бірі жапсарлас орналасқан тастардың 18-інде түрлі жазулар бар. Олардың басым бөлігі ежелгі тибет жазуы түріндегі дұғалар мен көне түрік әліпбиімен жазылған моңғол тіліндегі жазулар. Яғни бұлардың қатарына ұдайы жаңа мәтіндердің қосылып отырғанын моңғол, жоңғар шапқыншылықтары кезеңімен байланыстыруға да негіз жоқ емес.
«Таңбалы тастағы» ең әйгілі бейнелі кескіннің бірі – Будданың суреті. Ежелгі сақ тайпалары будда дінінде болып, күн, жер, соғыс құдайларына табынғанын ескерсек, «Үш Бұрхан» суреттерінің астындағы ежелгі моңғол тіліндегі «Ман – Да Буддаға сыйынамын» деген дұға соның дәлелі. Бұл жәдігерлік өлке жайлы деректер көпшілікке алғаш рет 889 жылы белгілі болса, мұндағы руна жазулары да көрген жанды бейжай қалдырмайды.
Күні бүгінге дейін ғалымдар арасында аталмыш суреттердің салыну кезеңіне қатысты түрлі пікірлер бар. Оның бірінші нұсқасы – таңбаларды ХVІ-ХVІІ ғасырларда будда дінін ұстанған жоңғарлар салды десе, екінші нұсқада ІХ-Х ғасырларда Іле өзені бойын жағалай сауда жасап келген қытай саудагерлері салған деседі. Үшінші нұсқасы, бұл – қазақ даласында бұрын өмір сүрген буддизмді ұстанушылардың қолтаңбасы. Буддизм үшін табиғаттағы төрт стихия – жел, күн, су, кеңістік аса маңызды екенін ескерсек, таңбалы тастың дәл осындай ашық аспан астында орналасуы да бекер болмағаны деп ой түюге болады.
Қай қырынан қарасаң да, ондағы сонау көне дәуірде жазылып, бүгінгі күнге дейін сақталып қалған таңбалар ғасырлар бойы қазақ жерін қоныстанған тайпалардың тасқа қашап түсірген шежіресі екенін айғақтайды. «Таңбалы тас» тарихы туралы деректерге көз жүгіртсек, кезінде бұл киелі орында әр дәуірде өмір сүрген хандар бас қосып, жиындар өткізген. Және де «Таңбалы тасқа» әр рудың таңбалары басылып, құрым киізге ойылып таратылған. Сонда қай рудың таңбасы артық қалса, ол сол әскердің басқосуға келмегенін білдірген. Сондай-ақ бұл жерде жазғытұрым үш жүздің баласы жиналып, таңбаларын алып, жаз жайлау, қыс қыстауларын белгілеп, жер бөлісіп отырған.
Жазба деректерде «Таңбалы тасты» 1840 жылы ашқан ресейлік ғалым А.Шренк екені айтылады. Ол бұл өлкедегі әр тайпаның белгілі бір аймақта орналасуы мен қыс қыстайтын, жаз жайлайтын қоныстарын терең зерделей отырып, олардың тас бетіне салған таңбаларының мәні де сонымен байланысты екенін ашып көрсеткен. Өз зерттеу еңбектерінде: «Таңбалы тастың» зор атаққа ие болуының себебі – бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бір ел болып қосылған жер» дейді. Ондағы жазулар Орхон-Енисей жазба ескерткіштері таңбаларымен теңдес белгілер болып табылады. Біз бұл «Таңбалы тастан» Сібірдегі қия тасқа түсірілген жазу үлгілері сияқты белгілерді табуға үміттендік, ол үмітіміз босқа кетпеді. Ондағы Орхон жазуына ұқсас алфавиттен бірнешеуін түсіріп алдық. Бір сөзбен айтқанда, бұл тасты «тарихтың зор куәлігі» деуге болады», – деп атап өтеді. Бұл «Таңбалы тастың» үш жүздің баласының бас қосуының гео-этносаяси астарын тарқатып беруге негіз бола алды» деген ойларға жетелейді.
«Таңбалы тас» әркез тек топографтар мен тарихшылардың ғана емес, басқа сала мамандарының да қызығушылығын тудырды. ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда қазақ даласын зерттеген ғалымдардың ішінде «Таңбалы тасқа» тамсанбағандар некен-саяқ. Мәселен, 1796 жылы көктемде Ташкент бағытына бет алған атаман Телятников осы жерде тоқтап, көрген-білгенін күнделігіне жазған. Бұл жерге ат басын шалдырған М.Иванин, Ю.Шмидт секілді Ресей саяхатшылары мен дипломаттары да өз көздерімен көрген «Таңбалы тастың» қазақ жеріндегі қасиетті жәдігер екенін бірауыздан атап өткен. Солардың ішінде әсіресе әйгілі инженер Ю.Шмидтің «Таңбалы тас» – қазақтың жан-тәнімен ардақтайтын бір киелі тасы» деген пікірі кім-кімді де ойландырмай қоймайды.
«Таңбалы тастың» қадір-қасиеті исі қазақ үшін Сарыарқа төсіндегі Ұлытау мен Атыраудағы Сарайшықтан бірде-бір кем емес. Содан да болар, отандық тарихшылардың ішінде өткен ғасырда алғашқылардың бірі болып зерттеу жұмыстарын жүргізген тарихшы-ғалым Әлкей Марғұлан өз жазбаларында: «Қазақ сахарасындағы мәдениеттің жарқын бір түрі – тарихи дәуірлерде осы арнаны қоныстанып келген тайпалардың тас бетіне жазып қалдырған белгілері», – деп атап өтеді. Анығында, ежелгі адамдардың тасқа қашап бұлай таңба салуы олардың этникалық мәдениетке деген талпынысы екенін еске салатындай.
Айта кету керек, ХІХ ғасырдан бастап тасқа басылған бұл таңбалар мен дұға мәтіндердің мәнін ашу барысында бірқатар тарихшы-ғалымдар еңбектенді. Солардың ішінде есімдері «Таңбалы таспен» байланыстылары 1856 жылғы Ш.Уәлиханов, 1877 жылғы К.Ларионов, 1896-98 жылдардағы еңбектерімен танымалдары Н.Пантусов пен А.Познеевтер. Сонымен қатар 2008-10 жылдары «Таңбалы таста» ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы монументалды өнер мен тарих ескерткіші ретінде Б.Әубәкіров, А.Рогожинский сынды мамандармен бірге, Санкт-Петербургтен келген ресейлік моңғолтанушылар Н.Яхонтова, Ю.Елихиналардың қатысуымен кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Мұнда ескі заманнан бері сақталған петроглифтер мен қорым-қоныстарды қорғап, зерттеу мақсатында 2003 жылы «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайы ашылып, жұмыс істеуде. Бүгінде аталмыш мұражайдың 3800 гектар аумағында 3000-нан аса тарихи жәдігерлер қоры тұтастай Іле өзені бойындағы құнды ескерткіштер болып табылады. 2004 жылы аталмыш мұражай-қорық кешені ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.
Бүгінде жер-жерде тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылық күн санап артуда. Сол себепті елімізде мәдени-саяхат шаралары да қарқынды дамуда. «Таңбалы тас» жәдігері ашық аспан астында орналасқан нысан болғандықтан да, отандық саяхаттаушылардан бөлек, оған жыл сайын дүниежүзінің түкпір-түкпірінен туристер ағылып келіп жатады. Шетелдік қонақтарды әркез таңғалдыратыны – жартастарға бейнеленген суреттер ғана емес, ондағы ежелгі жерлеу орындары мен тұрақтар.
Жаңа ғасыр басталысымен «Таңбалыдағы» құнды жәдігерді зерттеудің жаңа кезеңі басталды. Десек те, мұражай-қорық ашық аспан астында орналасқандықтан, ауа райының әсеріне орай, тастардағы кейбір суреттердің көмескілене бастағаны да көңілге мұң ұялатады. Бәлкім, болашақта оның да бір шешімі табылар. Қуантатыны – бүгінгі таңда мұнда 5000-нан астам петроглифтер құжатталып, көшірмелері жасалған. Лайым, бұл «Таңбалы тасқа» қатысты тың ізденістердің бастамасы деп білейік.