«Тәртібің нашар болса, алтын алқа алмайсың»

«Естімеген елде көп» демекші, кезінде жарлы-жақыбайға көмек беру үшін соқыр тауығына дейін санаған билік енді алтын құрсақты аналардың да тәртібін қарайды екен.
«Елімізде «Батыр ана» мәртебесін беру үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аналардың тәртібін тексереді екен» деп мәлімдеді «Шаңырақ» көпбалалы аналарды қолдау орталығының төрайымы Ләззат Қожахмет. «Алтын алқа» беру үшін көпбалалы аналардың алтыншы немесе жетінші баласы бір жасқа толған соң ғана құжат қабылдай бастайды. Осыдан кейін де аналарды әуре қылатын құжат жинау машақаты көп екен.«Әр тұрғын аудан әкімдігіне барып құжат тапсырады. Цифрландыру заманында әкімдікке қағаз жинатудың қажеті қанша? Барлығы министр базасында тұр емес пе? Бірақ аналар қаншама құжатын жинап тапсырады, аудан қалаға, қала облысқа, облыс астанаға жібереді. Октябрь ауданының әкімдігі мамырда жіберген 45 ананың «Күміс алқасы» мен «Алтын алқасы» әлі келген жоқ. Мәселен, Света Алтаеваның алтыншы баласы 1 жас 3 айға келді. Оған «мамыр айында жіберген 45 ананың алқасы келмей, құжаттарды қабылдамаймыз» депті. Менің ойымша, мәселенің мәнісі жәрдемақыда жатыр. Бала бірге толғанда бірден алқа беріле салса, үкіметтің қазынасы ортайып қала ма?» – деп мәлімдеді Ләззат Қожахмет. Алтын, күміс алқаға ай сайын 18 мың теңге жәрдемақы тағайындалады. Аналар «осы ақшаның өзін көп құжат жинатып, әуре-сарсаңға түсіріп әзер береді» деп қынжылады. Ең сорақысы сол – құжат тапсыратын аналардың тәртібі тексеріліп, сотталмағандығы туралы анықтама сұрайды. Өңірде бір көпбалалы ана өзіне баласының бұзақылық жасап полицияға түскені үшін «Алтын алқаның» берілмегенін айтып шағымданған. Балаларына өмір сыйлап, олар үшін бейнет кешкен аналардың тәртібін тексерудің өзі қисынсыз екені сөзсіз.
Құжат жинап шаршаған аналардың өкпе-назы көп. Халыққа қызмет көрсету орталықтары жалғызбасты аналарға беретін 04 анықтамасы бар. «Жалғызбасты ана» деген мәртебе берілетін аналарға 2 пайыздық жеңілдікпен ипотека алуға мүмкіндік берілген. Осы анықтаманы әр баласы үшін растау құжатына АХАЖ бөлімі 800 теңгеден алады екен. Өзі жалғызбасты жүріп, балаларын асырап жүрген анаға әр құжат үшін ақша шығарып отыруы қып-қызыл шығын екені рас. Көпбалалы аналар «мардымсыз жәрдемақыны алу үшін сабылтып жүгіртіп қоймай, билік жеңілдік жасаса» деген өтініштерін білдіреді.