Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 05 Наурыз 2025

Тәртіпсіз балалар ата-аналарын құқығынан айыра ма?

Ата-ана мен бала
Фото: chatgpt

11 ақпанда лифтіде болған жағдай естеріңізде шығар. Астанада психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған жасөспірім 5 жасар баланың бетін пышақпен тілгілеген.

 Оны айтып ауыз жимай жатып, Семейде алтыншы сынып оқушысы соққыға жығылып, бір топ баланың жабыла тепкілеп жатқан видеосы әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Қоғамда резонанс туындап, артынан қылмыстық іс қозғалғаны, қатыгездік жасаған балалардың ата-анасы ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін екені хабарланды. Ізінше Талдықорғандағы мектептердің бірінде болған оқиға шу тудырды. Оқушылар түрмеге «еліктеп» ойын ойнаған, бейәдеп сөздер мен әрекеттерге барған. 

Алдымен, Астанадағы оқиғаға тоқталайық. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған оқиға көпшілікті дүрліктірді. Онда жасөспірімнің кішкентай балаға пышақ салғаны көрінеді. Небәрі бес жастағы жәбірленуші №2 қалалық ауруханаға жеткізілген. Ал оған залал келтірген баланың психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған кәмелетке толмаған жасөспірім екені анықталды. Құқық қорғау қызметі қылмыстық іс қозғаған, оның заңды өкілдері баланы тәрбиелеудегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін қатаң жауапкершілікке тартылатынын жеткізген. Іс бойынша қандай да бір жаңалықтар бар ма деп, Астана қалалық полиция департаментіне хабарластық. Баспасөз қызметі: «Қылмыстық іс қозғалды, әлі де жүріп жатыр. Әзірше жаңалық жоқ. Сараптамалар аяқталып, тиісті қорытындылар шыққанша ешнәрсе айта алмаймыз», – деп жауап берді.

Келесі оқиға да таспаланған, тараған. Бірақ оны әлімжеттікке барған жасөспірімдердің өзі түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеген. Бірнеше қатарласынан аяусыз таяқ жеген 6-сынып оқушысы ауруханаға жеткізілді. Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасы: «Оқушы 23 ақпанда қабылдау бөлімінде тексерілді. Пациент 2013 жылы туған ұл бала. Диагноз – жабық бас-ми жарақаты. Оған қоса, бастың шашты бөлігінде, шүйде аймағында, аяқ-қолдың төменгі тұсында көптеген теріасты гематомасы анықталды. Баланың жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық, бірақ психоэмоционалдық күйі мен диагнозына байланысты бақылау қажет», – деп ресми мәлімдеме жасады. Ал облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Төбелескен оқушылар түгел анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілген. Сол секілді білім басқармасы мен өңірдегі бала құқықтарын қорғау жөніндегі өкіл Эльзира Жүнісова психологиялық көмек пен бақылау жайлы бірнеше рет мәлімдеме жасады.

Бұл оқиғаға қоғамның реакциясы ерекше болды. Тіпті оқушының туыстарының есепшотына 24 млн теңге жиналып, артынан бұл соманың 35 миллионға жеткені де айтылды. Енді жалдамалы пәтерде тұратын отбасы үй алмақ. Сол секілді өңірдегі танымал спорт секцияларының бірі баланы өз қамқорлығына алған.

Ал бұзақылардың жағдайы күрделі. Оқиғаға қатысты өңірдегі кәмелет жасына толмағандар ісі жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, онда төбелеске қатысқан балаларды арнайы мектепке ауыстыру мен олардың ата-аналарын ата-ана құқығынан айыру туралы ұсыныс айтылды. Комиссияның бұл шешімі сотқа жолданған. БАҚ беттерінде «ата-ана құқығынан айырды, арнайы мектепке ауыстырды» деген ақпарат өріп жүр. Оның анық-қанығын білу үшін облыстық әкімдік пен полиция департаментіне хабарластық. «Комиссия шешімі сотқа жолданды. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сот жасөспірімдердің мамандандырылған мекемеде болу мерзімін анықтап, ата-ана құқықтарынан айыру туралы түпкілікті қаулы шығарады», – деп жауап берді облыстық ПД өкілі Дина Әмренова.

Балалар арасындағы тәртіп пен тәрбие қандай деңгейде деген сұрақтың өзектілігі артып тұрған тұста, Талдықорғандағы мектептердің бірінен тағы бір «репортаж» шықты. Дәретханада түсірілген видео тіпті жаға ұстатады. Бұл оқиғаға қатысты балалардың ата-анасына айыппұл салынды, олардың кешірім сұрап жатқан видеосы да тарады. Мектептің директорына қатаң сөгіс жарияланған, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жұмыстан қуылған. Сынып жетекшілері қызметінен шеттетілген.

Ата-ана құқығынан айыру шарттары қандай?

Осы салаға жауаптылар балалар арасындағы құқықбұзушылық жылдан-жылға азайып келеді деп жүр. Алайда өткен жылдың аяғында сенаторлар дабыл қағып, балалар арасында күніне 5 құқықбұзушылық тіркелетінін айтқан (тіркелмейтіні қаншама). Ресми статистика бойынша, 2024-те балалар арасында 1 300-ден астам құқықбұзушылық болған. Әдетте жасөспірімдер арасындағы қылмыстың негізгі себебі ретінде балалардың ата-аналарының бақылауынсыз болуы мен интернет-ресурстардың теріс әсері айтылады. Сондықтан балалар қылмысының фонында ата-аналар да жауапкершілікке тартылып жатады. Мәселен, соңғы бес жылда балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылғандар саны үш есеге артып, 2024 жылы 18,5 мың жағдайды құрады. Соның ішінде ата-ана құқығынан айырылғандар да аз емес. ІІМ деректеріне сүйенсек, өткен жылы 600-ден астам азамат ата-ана құқығынан айырылған.

Мұндай шара қандай жағдайда қолданылады, баланы ата-анадан айыру не үшін қажет екені жайында Жетісу облысындағы бала құқықтары жөніндегі өкілмен сөйлестік.

«Өткен ғасырларда құқықтық жүйесі дамыған елдер баланың қауіпсіздігіне назар аударып, ата-ана құқығынан айырудың механизмдері пайда бола бастады. Мысалы, 1920 жылдары Ұлыбританияда балаға қатыгездік көрсеткен ата-аналарды құқығынан айыруға мүмкіндік беретін заң қабылданды. Ал АҚШ-та 1930 жылдары балалар мен олардың құқығын қорғау туралы заң одан әрі жетілдіріліп, ата-ана құқығынан айыру шарасы жиі қолданыла бастады. Халықаралық қатынастар мен құқықтың даму барысында көптеген елдер осы әдістерге көшті. 1989 жылы қабылданған БҰҰ-ның конвенциясы да маңызды құжат еді. Осының бәрі сынды Қазақстан да отбасын құрметтей отырып, ондағы баланың қауіпсіздігін басты назарға алады.

Елімізде қандай жағдайда ата-ана өз құқығынан айырылады деген сауалыңызға келер болсақ, ол ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексіне сәйкес реттеледі. Егер ата-ана өз міндеттерін орындаудан, алимент төлеуден жалтарса, өз баласын «роддомнан», жетім балаларға арналған немесе сол секілді мекемелерден алып кетуден себепсіз бас тартса, ата-аналық құқығын бұрыс пайдаланса, қатыгездік танытса, физикалық немесе психологиялық, жыныстық қысым көрсетсе, алкогольді шектен тыс, есірткі өнімдерін, психотроптық заттарды тұтынса ата-ана құқығынан айырылады. Әрине, мұның бәрі ата-ананың кінәсі дәлелденген жағдайда ғана сот арқылы жүзеге асады. Ата-ана құқығынан айыру екі ата-ананың бірі, баланың басқа да заңды өкілдері, прокуратура, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының арызы болған жағдайда заңнамалық ретпен жүргізіледі.

Мен бірнеше жылдан бері облыстағы бала құқықтары жөніндегі өкілмін. Өз тәжірибемде бір баланың ата-анасын ата-ана құқығынан айыруға бар күшімді салдым. Себебі 10 жасар ұл баланың денесінде соққының анық іздері болды. Қолмен ғана емес, белдікпен, сол секілді басқа да заттармен зақым келтірген. Әкесі – өгей. Ал анасы ішімдікке тәуелді. Ақырында сол баланы ата-анасынан алып, арнайы мекеменің тәрбиесіне бердік. Кейде осындай шараларды қабылдауға тура келеді. Ата-ана заң талаптарына сай болмаса, оны құқығынан айырудан басқа амал жоқ. Себебі бала мен оның өмірі, құқығы, физикалық-психологиялық саулығы бәрінен маңызды.

Семейдегі жағдайды көріп отырмыз. Бұл жағдайда ата-аналарын расында да құқығынан айыруы мүмкін. Егер аталған комиссияда балалардың ісі бұған дейін бірнеше рет қаралған болса, олардың ата-аналарына бұған дейін ескерту жасалған болса, 224-баппен жауапқа тартылған болса, бірнеше пункт қатар тұрса, әбден мүмкін», – дейді Қанат Батанұлы.

Бұл туралы психолог маман Жанат Болатбекұлымен де тілдестік.

«Қандай да бір құқықбұзушылыққа барған балаға да, балаға қатысты заңбұзушылық жасаған ата-анаға да арнайы сараптама жасалып, оның психологиялық күйі бағаланады ғой. Ата-аналар тақырыбын «Жас Алашта» осыған дейін де талдаған едік. Ал балаға келсек, олар ішкі тірек болмаған кезде оны сырттан іздейді. Кейде әке фигурасын тапқысы келеді. Қатыгездік болса, өзінің эмоциялық қысым көргенінен, соның әсерінен эмоциялық аффектілеріне иелік ете алмағаннан туындайды. Яғни іште агрессия жиналса, адам ішкі күйзелістеріне ие бола алмай, сыртқа қатыгездік арқылы шығарып жатады.

Ал ата-ананы құқығынан айыру баланың жасаған әрекеттері үшін емес. Ата-ананың баласын қарамағаны, ие болмағаны үшін. Қорғаншылық және қамқоршылық органдары мұндай шешімге жайдан-жай келмейді. Әлеуметтік жағдайын, ата-ананың күйін, басқа да бірнеше факторларды ескере отырып қана қорытынды жасайды. Шын мәнінде, баланың аш-жалаңаш жүргеніне, оның физикалық қысым көріп, психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшырауына қарағанда арнайы мекемелерде өмір сүргені де жақсырақ шығар. Ал Семейдегі оқиға, сәл өзгеше кейс. Алайда баланың тәртібі мен тәрбиесі де ата-ананың жауапкершілігі. Сондықтан зәбір көрсеткен балаларға тәлім-тәрбие беруді жетілдіру үшін ондай қадамдар қабылдануы да ғажап емес», – дейді психолог.

Баян Мұратбекқызы