Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:14, 21 Ақпан 2023

Тартысқа түскен Jusan bank. Олигополия дәуірі осымен біте ме?

None
None

Өткен аптада Jysan Holding Қазақстан үкіметін сотқа берді. Жәй берген жоқ, АҚШ-тың Невададағы округтық сотына арызданды.

Себебі, бұл компания сол жақта тіркелген. Бір сөзбен айтқанда, ол Қазақстан үкіметімен «Жусан» банк үшін таласып отыр. Оның алдында, дәлірек айтсақ, одан екі күн бұрын Қазақстанның Бас прокуратурасы Jusan bank АҚ және басқа да құнды активтерге иелік ететін Pioneеr Capital Invest фирмасының осы активтердің барлығын британдық Jusan Technologies Ltd компаниясына тегін бере салуын заңсыз деп тауып, қазақстандық сотқа тиісті арыз түсірген. Осы арыз бойынша Алматы қаласының Бостандық аудандық соты істі өндіріске алып, процесс ашылды.

Егер «Жусан» банк британдық Jusan Technologies Ltd компаниясына берілсе, онда американдық Jysan Holding компаниясының қатысы қанша деген сұрақ туындайды. Тікелей қатысы бар. Себебі британдық Jusan Technologies Ltd өз кезегінде «Жусан» банкті американдық Jysan Holding компаниясына тегін аудара салған.

Қазақстан прокуратурасы қазақстандық сот арқылы «Жусан» банкті өзіне қайтарғысы келеді. Ал американдық Jysan Holding АҚШ соты арқылы «Жусан» банкті өзінде сақтап қалғысы келеді. Бір ауыз сөзбен айтқанда, қазір осындай жағдай орын алуда.

Сонда екі сот процесі қатар жүретін сияқты. Біреуі Алматыда, біреуі Невадада. Қазақстан соты Бас прокуратураның арызын қанағаттандырады деп болжауға негіз бар. Себебі «Жаңа Қазақстан» бұл мәселеде әділдік орнатқысы келеді. Ал Неваданың тәуелсіз судьясы қандай шешім шығарады. Бәрімізге осы сұрақ қызық. Не болса да бұл 1-2 жылдың көлемінде бітпейтін дау деп кесіп айта аламыз. Мысалы, Қазақстан әкелі-балалы Статилермен он жыл бойы соттасып келе жатыр.

Jysan Holding компаниясының Невада сотына түсірген арызында былай делінген:

«Қазақстан үкіметі қорқытып, үркіту, қолдан жасалған сот процестері, қылмыстық және азаматтық іс қозғау, және активтер мен Jusan тобы иелік ететін Jusan Bank заңды түрде бөлуді жоспарлаған 387 миллион доллар көлеміндегі дивидендті заңсыз бұғаттау арқылы Jysan Holding және New Generation Foundation қоры мен Jusan тобына кіретін өзге еншілес ұйымдардың активтерін заңсыз жолмен басып алмақ болды».

Сонда Jysan Holding Қазақстан үкіметін өзінен 1,5 миллиард долларға бағаланатын активті тартып алмақ деп айыптап отыр. Бір қызығы, тартыс жүріп жатқан негізгі актив – Jusan bank Қазақстан үкіметіне, кем дегенде, 1,2 триллион теңге қарыз. Себебі банктің қолына тегін өткен «Цесна» банк пен «АТФ» банкке мемлекет осындай көлемде қаржылай қолдау көрсеткен болатын. Банк оны қайтаруы тиіс, бірақ ол өз міндетін орындаудың орнына қожайындарын ауыстырып, АҚШ жағына өтіп кеткен.

«Жусан» банктің 78 пайыз акциясына иелік етіп отырған Jysan Holding компаниясына, өз кезегінде, New Generation Foundation қоры иелік етеді. Қор өз басқарушы құрамынан қазақстандықтардың барлығын шығарып тастаған. Қазір оны Амитабха Мукерджи, Джоэл Макклири, Роберт Армао, Аскока (Ашока) Танкала мен Нұралы Бектұрғанов басқарады. 2000 жылдары бізде Білім мен ғылым министрлігін басқарған Нұралы Бектұрғанов қазір ресми түрде АҚШ азаматы болып табылады. 

Қазақстанға қарсы американдық Willkie Farr & Gallagher LLP, Holland & Hart LLP заң фирмаларының заңгерлері – Тарик Мундия, Майкл Готтлиб, Джеффри Б., Дж. Стивен Пик пен Эрик Медлилер соттасатын болады. Ал Невадада Қазақстан тарапын кім қорғайтыны әлі белгісіз. Жауап беруші жақ Қазақстан үкіметі болғандықтан, іске Әділет министрлігі кірісуі тиіс.

Қазақстанның Бас прокуратурасының ақпаратынша, талдау барысында Jusan тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі жүйесі анықталды. Аталған жүйені жүзеге асыру нәтижесінде, топтың қызметін бақылау құзіреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген.

«Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі Pioneer Capital Invest ЖШС-ның қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған. Бұл әрекеттер қоғамдық мүдделерге, оның ішінде, «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» ондаған мың қазақстандық студенттері мен оқушыларының мүдделеріне қауіп төндірді. Себебі Jusan тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері аталған оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі. Бұдан бөлек, 2023 жылғы 3 ақпанда Бас прокуратураға бірқатар субъектілердің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан, «Жусан» тобы шетелдік азаматтардың бақылауына өтіп кету фактілері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы «Назарбаев қорының» арызы келіп түсті. Осылайша, прокуратура органдарының мақсаты – тек әділеттілікті қалпына келтіріп, Jusan тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтару» – деп жазды, Бас прокуратура.

Өз кезегінде, банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) бұл жағдайдың банк тұрақтылығына кесірін тигізу мүмкіндігін ойлап, алаңдай бастады.

«ҚР Бас прокуратурасының Jusan Bank-тің шетелдік акционерлеріне қатысты азаматтық талап-арызы банкті бақылауды шетелдік юрисдикциядан қазақстандық юрисдикцияға қайтаруға бағытталған және банк үшін ешқандай тәуекелдері болмайды. Jusan Bank штаттық режимде жұмыс істеуде, барлық пруденциялық нормативтерді орындауда және қаржылық орнықты банк. Сондай-ақ клиенттер алдындағы міндеттемелерді уақытылы және толық көлемде орындауда», – деп көрсетілген ҚНРДА мәліметінде.

Jusan Bank елдегі ең ірі банктердің бірі және меншікті капитал көлемі бойынша үшінші орында. Мәселен, банктің меншікті капиталы 537 млрд теңге болса, капитал қоры – 367 млрд теңге. Өтімділік мөлшері – 1,5 трлн теңге. Сонымен бірге, банк пруденциялық нормативтерді елеулі қормен орындап отыр. Оның капиталының жеткіліктілігі к1 = 34,3%, к2 = 53,8%, буферді ескере отырып, нормативі сәйкесінше, 7,5% және 10,0 пайыз болады. Бұл ретте, банк капиталының жеткілікті деңгейі банк жүйесі бойынша капитал жеткіліктілігінің орташа көрсеткіштерінен асып түседі. Яғни тиісінше к1 =19,1% және к2 =22,3%. Норматив кемінде, 0,3 болған кезде, өтімділік коэффициенті к4 2,5-ке тең болады.

Тегтер: