«ТАС ДӘУІРІ» аяқталды ма?
Тас дәуірінің тағы бір атауы – алғашқы қауымдық құрылыс. Яғни, адамзаттың төрт аяқтылардан айырмасы аз, жабайылау кезеңі. Қазақстанның да бодандықтан құтылған тұсында, ел басына Назарбаев келді де, жемқор, ынсапсыз, жабайы қоғам құрды.
Билік алмасып, біршама өзгеріс болса да, «жабайы» мен «жабайы еместі» ажырату қиынға соғып тұр. Соған қарамастан, Иманғали Тасмағамбетовтің орны бір төбе. Өйткені бұл кісі көптің көзіне «тас дәуірінің тарланы» секілді бөлекше көрінеді.
ҰҚШҰ-дан «қара тізімге» дейін
Бүгін Иманғали Тасмағамбетовтің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Бас хатшысы ретіндегі өкілеттілігі аяқталады. Орнына кім келетіні де айқындалып қалған сияқты. РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың сөз ләміне қарағанда, Тасмағамбетовтің орнына қырғызстандық Таалатбек Масадықов баратынға ұқсайды. Бірақ орнына кім келетіні аса маңызды емес. Маңыздысы, Тасмағамбетов енді не істейді? Оған Тоқаев қызмет бере ме? Әлде «осы тойғаныңмен демал» дей ме? Мұны тап басып айту әзірге қиын. Дегенмен болжам жасауға әбден болады. Алайда оған дейін «ҰҚШҰ Тасмағамбетовке не берді?» деген сауал мен «Тасмағамбетов кеше кім еді?» дейтін сұраққа жауап бергеніміз орынды.
Турасын айтсақ, ҰҚШҰ – ойыншық ұйым. Өйткені ҰҚШҰ-ны Қыдырәлінің «Бал-баласы» секілді ойнататын кілт Кремльдің суырмасында жатады. Әйтпесе Тасмағамбетовтің «Еуропа Украинаға әскер жіберсе, ҰҚШҰ түрлі көмек нұсқаларын қарастырады» деп НАТО-ға сес көрсететіндей, қайбір күш-қайраты бар дейсіз. Мәскеуге мұндай сөзді Ресей саясаткері емес, өзге мемлекеттің адамы айтқаны тиімді. Сол үшін де Тасмағамбетовке дейін бұл қызметті Беларусь Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Станислав Зась атқарған. Ертең Таалатбек Масадықов атқаруы мүмкін. Былайша айтқанда, біреу келіп, біреу кететін уақытша қызмет. «Қай қызмет мәңгі болушы еді, бәрі де уақытша емес пе?» дейтіндер табылса, таласпаймыз. Бірақ ҰҚШҰ-ның бас хатшысы қызметі өз халқыңның алдында сүйкіміңнен айырып, басыңа бәле тауып беруі де ғажап емес.
Мәселен, Тасмағамбетовтің Ресейді жақтап, батысқа қыр көрсете сөйлеуі қазақ қоғамына ұнаған жоқ. Себебі жұрт «бұл енді қазақтарды соғысқа тартпақ па?» деп, бас хатшыны айыптады. Иманғалидің аяқасты «Иванғали» аталып кеткені де осы кез. Өзін сынаған жұртқа өкпе айтып, әлеуметтік желіге жариялаған 6 минуттық видео үндеуі халықтың жүрегін жібітіп жіберді деп айта алмаймыз.
Қазақ қырын қараған саясаткерге украиндер тіпті өшікті. Украинаның «Миротворец» сайты Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдайтын адамдардың «қара тізіміне» Тасмағамбетовті де кіргізді. «Тасмағамбетов Ресейдің Украинаға жасаған зымыран шабуылдарын ақтап сөйлеген. Сондай-ақ ол Батыстың Киевке қару жеткізуіне қарсы шығып, ресейлік агрессияны толық қолдап келеді. Бұған қоса, Выборг кеме жасау зауытының акционері және КамАЗ-дың директорлар кеңесінің мүшесі», – делінген «Миротворец» жариялаған материалда.

Дос Көшім, саясаттанушы:
«Тасмағамбетов қоғамды өзгертеді» деп сенетіндерге таңғаламын
– Тасмағамбетов – биліктің бағытымен жүрген, билікке қызмет еткен адам. Әкім болса да, премьер-министр болсын, елші болсын, жүйеге бағынып, сол сызған сызықпен жүрді. Кезінде өзін «Назарбаевтың өнімімін» деп атады әрі сол сөзінде қалды. Онысын кейде дұрыс деп санаймын, адам бір сөзді болып, азаматтық-саяси көзқарасынан айнымағаны жөн. Тасмағамбетов сияқты адамдарды тоталитарлық жүйеде орындаушы дейді. Тоталитаризмде адамның жеке пікірі, жеке саяси бағыты мүлде болмайды, егер болса, жазаға ұшырайды. Бұл тоталитаризмнің негізгі шарты.
Тасмағамбетов ҰҚШҰ-да Бас хатшы болғанда қызметіне сай мәлімдемелер жасап жүрді. ҰҚШҰ – Ресейдің бастамасымен құрылған ұйым, сондықтан оның Бас хатшысы ресейшіл бағытта сөйлейтіні анық. Мұны тіпті оның қызметтік міндеті деуге болады. Сондықтан оны ресейшіл болды дей алмаймын. Ол тек біздің биліктің бағытын ұстанып, жұмыс істеді.
Тасмағамбетов бұрыннан биліктің ұстанымына сай сөйлейтін адам екенін айтып отырмыз. Оның нақты өз бетінше тәуелсіз ой айтқанын көрген емеспін. Ол өзгеріс жасай алады деп халық үміттенгені рас. Бірақ бұл үлкен қателік деп ойлаймын. Ол әуелі коммунистердің бауыры комсомолды басқарды. Кейін Қазақстанның билік жүйесінде үлкен лауазымдар атқарды. Соның бәрінде ол билік жүйесіне беріле қызмет істеп жүрді. Сол үшін кейбіреулердің Тасмағамбетов қоғамды өзгертеді деп сенетініне таңғаламын. Иә, ол жақсы адам шығар, оның жаманшылығын көрген жоқпын. Бірақ саяси тұрғыда оның көзқарасы менің көзқарасыммен сәйкес келмейді. Халық көп жылдан бері жалған үмітке алданып жүр. Оның қазақшылдығы бар екенін мойындаймын, бірақ оның осы жүйеге толық берілген, биліктің айтқанын істейтін адам екенін ұмытпаған жөн.
ТАС-та салмақ бар кезде...
Жоғарыдағы салыстыруымызды жалғастырсақ, Тасмағамбетов «тас дәуіріндегі» жабайы қоғамның «жалмауыз» билігіне комсомолдан барды. Атқармаған қызметі, отырмаған креслосы аз. Президенттің көмекшісі, Президент әкімшілігінің басшысы, Алматы мен Астананың әкімі, Үкімет басшысы, Мемлекеттік хатшы сынды талай лауазымды атқарды. Ақын-жазушылармен, журналистермен жақын болып, зиялыларға баспана берді. Екі тілде жатық сөйлейтін саясаткердің түпкі көңілінен қазаққа жанашырлық секілді әлдене байқалатын. Осындай ерекшеліктері оны жұртқа бір табан жақындатты.
Обалы не керек, 4 жыл сайын президент ауысып тұрса, Тасмағамбетовтің де таққа мінер сәті әлдеқашан болған. Бірақ оған президенттік қызметті жеке-дара меншіктеген Назарбаев мүмкіндік бермеді. Тақтан түспейтін адамның менмендігі шегінен асқанда, «Тасмағамбетов түбі оппозицияға кетеді» деп болжағандар кездескен. Алайда Иманғалидан ондай ерлік шықпады. Керісінше, Назарбаевтың «өнімі» болып жүріп, дегеніне жеткісі келді. Дегені – президенттік таққа ұқсайтын. Мұны өзі ашып айтпаса да, саясаткердің түпкі ниетінде сондай арман-мақсаттың болғанын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Әнебір жылы Әбіш Кекілбаев Назарбаевтың қолын сүйгенде, «Батыстық кланды» Аслан Мусин сатып кетіпті» деген әңгіме тараған. Мұның анық-қанығын кім білген, әйтеуір айналасындағы кландық топтарды ию-қию қылып, байлап-матап ұстайтын Назарбаев Тасмағамбетовтің адым ашуына жол берген жоқ.
«Өнімі» болсам, қалғанын өмір көрсетер» деген дәме алдады. «Шаңырақ» оқиғасында Тасмағамбетовтің қолы қанға малынды. Ел алдында азды-көпті абыройы бар, әрі ісіне мығым саясаткерді экс-президент «ұзын арқан, кең тұсаумен» ұстады да, билікті берер алдында Ресейге елші қылып жіберді.

Есенғазы Қуандық, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Оның жауапкершілігіндегі мәселе көп
– Мұстафа Кемал Ататүрік «ұлтты кім басқарады» деген сұраққа «ұлтқа кім қызмет етсе, сол ғана басқарады» деген екен. Ал Иманғали Тасмағамбетов елге қызмет етті дей алмаймыз. Демек ол халық лидері бола алмайды. Тасмағамбетов ақын-жазушылармен дос болып, оларға қамқорлық көрсетті. Кітабын шығарып берді, үй сыйлады. Ал олар мұны әбден мақтап, «Тас» деген ат қойды. Тасмағамбетовті халық қолдайды деген пікірмен келіспеймін, оның жақсылығын көрген бірен-саран адам болмаса, жұрттың көпшілігі жарата бермейді.
2002 жылы ол қалай Үкімет тізгінін ұстады, елімізде солай саяси нәубет басталды. Саясаткерлер қудаланып, түрмеге қамалды. Газеттер жабылып, баспаханалар өртенді. Мұның бәрі Тасмағамбетовтің тікелей жауапкершілігінде болатын. Тасмағамбетов Президент әкімшілігінің басшысы бола тұра, сайлау штабына жетекшілік жасады. Сол кезде елде қандай сойқын сайлау өткенін көрдік.
2003 жылы 20 маусым күні экс-президент Н.Назарбаев жерді шетелдіктерге сатуға мүмкіндік беретін Жер кодексіне қол қойды. Жерді жекеменшікке беру құқығы жергілікті әкімдіктердің қолына берілді. Осы істе де сол кездегі премьер-министр Тасмағамбетовтің қатысы бар. Ол өзінің тарихта қалған «мен президенттің өнімімін» деген сөзін сол жерді сатуды заңдастырып жатқан кезде айтқан болатын. 2004 жылғы желтоқсанда Алматы қаласы әкімдігіне Тасмағамбетов келгеннен кейін «дағдарысты» ықшамаудандардың төңірегіндегі проблемалар қордалана түсті. «Шаңырақ» ықшамауданының үйлерін бұзғызды, халықты әуреге салды, адам қаны төгілді. Кейін осы іс бойынша бірнеше адам ұзақ мерзімге сотталды. Сондай-ақ оның Назарбаевқа қарата: «Құрметті елбасы, 128 қаған мен хан жасай алмаған жақсылықты жасадыңыз», – деп көлгірси мақтағанын да ешкім ұмытқан жоқ.
Енді не істейді?
Көпшілік үшін ең қызық сұрақ осы болып тұр. Өйткені Тасмағамбетовтің Тоқаевпен арақатынасы сәл түсініксіздеу. Біреулер «Тоқаев президенттік сайлау кезінде Тасмағамбетовтен қаймығып, оны зейнетке жіберді» дейді. Бірақ бұл нұсқа қате. Себебі Назарбаев қатыспаған алғашқы президенттік сайлау 2019 жылдың маусым айында өтті. Ол кезде Тасмағамбетов экс-президент «қадап кеткен» жерде, яғни, Ресейде елші болып отырған. Ал Тоқаевтың жарлығымен оның зейнетке кетуі 2019 жылдың желтоқсан айына тура келеді. Демек Қазақстанда сайлау болып жатқанда, Тасмағамбетов саяси доданың қызығына Мәскеудегі елшіліктің «терезесінен» қарап тұрды.
Дегенмен 2023 жылы ҰҚШҰ-ға баруына Қазақстанның қатысы болмады деп те ешкім айта алмайды. Демек Тоқаевтың «батасын алған» Тасмағамбетов жаманды-жақсылы міндетін атқарды. Енді қайда барып, не істемек? Әрине, лауазымы жағынан жоғары қызмет бұйырса, саясаткердің бас тартпайтыны ақиқат. Алайда Ақорданың ондай мүмкіндік береріне күмән көп. Оның бір себебі, билік құрылымы расында да әжептәуір жаңарды. Отыз-қырықтың төңірегіндегі жігіттер министр, облыс әкімі сынды қызметтерді атқарып жүр. Жетпіске тақаған Тасмағамбетовтің қырықтың бесеуіндегі Бектеновтің қол астында жұмыс істеп жүруі – көрер көзге де ерсі. Оның үстіне, «тас дәуірінің» соңғы тұяғындай көрінетін Тасмағамбетовке бүгінгі билік тосырқай қарайтын сияқтанады.
Сондықтан Имекеңе қоғамдық Қордың жетекшісі, Ардагерлер кеңесінің төрағасы, университеттің ректоры сынды саяси ықпалы жоққа тән, жеңіл-желпі қызметтер ұсыныла ма екен деген болжамымыз бар. «Мұның болмайды, басқасын бер» дейтін заман емес. Осы жорамал расқа шықса, «Тас дәуірі» шынымен тәмам болды деген сөз. Ал басқаша болу ықтималдығы туралы сөз қозғау артық секілді...
Сансызбай НҰРБАБА