ТАС кімді тыңдайды: Путинді ме, «батьканы» ма?
Көктем жақындап, күн жылыған сайын геосаяси жағдай, тіпті, қызайын деп тұр. Мәселе Ресей-Украина арасындағы соғысқа байланысты.
Рас, қазір украин жерінде қан қасап, кескілескен ұрыс жүріп жатыр. НАТО қаруымен қарулана бастаған украиндықтар орыс әскерін тықсырып келе жатқанымен, берісер Ресей жоқ. Бірақ алғашқыдай емес, Ресейдің жағдайы күн өткен сайын қиындап барады. «Әлемнің екінші армиясы» делінген Ресей әскері бір жылдан бері Украинаны ала алмай, әлек. Қоры да, қуаты да кеміді. Керісінше, НАТО қаруымен толыққан Украина әскері көктем шыға күшеюі мүмкін. Өйткені жаңа күш, әскери техника келе жатыр. Тіпті, өткен аптаның соңында өткен Мюнхен конференциясында Украина президенті Владимир Зеленский: «биыл Ресей құлайды» деп мәлімдеме жасап та жіберді. Бұл пікірді ол қандай дәлелге сүйеніп айтты, ол жағы белгісіз. Рас, орыс әскерінің күші сарқылып бара жатқаны ол енді ақиқат.
Бірақ бізді алаңдататыны, дәл осы геосаяси жағдай шиеленіскен уақытта Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) Иманғали Тасмағамбетовтің бас хатшы болып келуі. Өткен аптаның соңында бас хатшыны Белорусь президенті Александр Лукашенко қабылдады. Ал Лукашенконың қабылдауда айтқан сөзі бізді біраз ойландырып тастағандай.
Беларусь президенті «егер біреу Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстың бізге қатысы жоқ, «біз басқа жерде тыныш отырмыз» деп ойласа, онда қателеседі. Уақыты келгенде, мұның бәрі белгілі бір позицияны ұстануды талап етеді» дегендей, ой айтты. Демек, бұл пікірдің астарында не жатыр? Бұл «біз бір жағына шығуымыз қажет» деген астарлы сөз бе? Ал ақиқаты, қазір Путин де, Украинамен шекаралас елді басқарып отырған Лукашенко да не істерін білмей отырған сияқты. Артынша, «батька» далбасалап, «Украина бізге шабуыл жасаса ғана соғысамыз» дегенді тағы да айтты. Лукашенконың соғысқысы бар, бірақ ертеңін ойлап, қауіптенеді. Сондықтан өз пікірі өзіне қайшы келіп, әр нәрсені айтып отыр. Кеше британ барлау қызметі «беларусь жағынан 30 мың Ресей әскері Украинаға шабуылдамақшы», деген хабар таратты. Ал бұл қаншалықты шындық? Осыдан бір жыл бұрын Ресей әскері Украина шекарасының маңына шоғырланғанда, осы ағылшын барлау қызметі «алдағы бір-екі айда Ресей Украинаға соғыс ашады», деген мәлімет таратқан-ды. Ақыры, болжам шындыққа айналды. Бұл жолы ағылшындар қандай дерекке сүйеніп, жорамал жасап отыр? Ал бізді ойлантып отырған нәрсе, биыл беларусь жерінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің «Өзара іс-қимыл», «Эшелон» және «Поиск» деп аталатын үш әскери жаттығу жиыны өтеді. Мүмкін, британ барлау қызметі осыны меңзеп отыр ма екен?!
Қалай айтқанда да, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшы лауазымына кіріскен Иманғали Тасмағамбетовке оңай тимейін деп тұр. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше Қазақстан беларусь жеріндегі әскери жаттығу жиынына қатыса ала ма? Егер қатысқан жағдайда оған Украин тарапы қалай қарайды? Бұл бір. Екіншіден, Тасмағамбетовтің іргесі сөгілгелі тұрған ұйымға бас хатшы болып келуі оған қаншалықты ұпай береді? Бір шындық бар: Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы іргесі сөгілгелі тұрған ұйым. Мұны өткен жылдың соңында бас қосқан жиында Армения премьер-министрі Никол Пашинянның сөзі дәлелдеп бергендей болды.
–Қарабақ дауы тұсында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскери күштері Арменияға көмектесе алған жоқ. Бұл аталған ұйымның өз ішімізде, халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтірді, – деді Никол Пашинян.
Осылай наразылығын білдірген Пашинян 17 келісімнің екеуіне қол қоюдан бас тартты. Әрине, Әзербайжан Қарабақты қайтарып алды. Бұл жерде Пашинянның пікірі орынсыз. Ал Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына кіретін Ресейдің қазіргі қадамы белгілі. Украинаға соғыс ашты. Ал бүгінгідей, өте күрделенген геосаяси жағдайда әскери ұйымды басқарған Тасмағамбетов тығырықтан шыға ала ма? Жасанды ұйымға басшы болу Тасмағамбетовке қандай ұпай әперуі мүмкін? Дәл қазір болжам жасау қиын. Алғашында, өзбек жерінде іргесі қаланып, «Ташкент пактісі», «Ташкент келісімі» деп аталған бұл әскери ұйымнан Қазақстан шығып кете ала ма? Ресми Астана үшін бұл мүмкін емес сияқты. Ал сол Ташкентте іргесі қаланған осы ұйымнан Өзбекстан баяғыда-ақ бас тартқан. Ал өткен жылы қаңтарда бұл әскери ұйымның «қамқорлығын көрген» Қазақстан қайтпек? Рас, Ресей-Украина соғысына қатысты ресми Астананың ұстанған позициясы белгілі. Десек те алдағы уақытта Тасмағамбетовтің ҰҚШҰ-дағы тірлігі тастай бола ала ма? Әскери ұйымда бас хатшы бола жүріп, ол кімді көбірек тыңдауы мүмкін? Путинді ме, «батканы» ма?!