Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:50, 29 Қараша 2022

«Тас» талқан бола ма?

None
None

Біздің қазақ қызық. Адамның ісіне емес, сөзіне қарап бағалайды. Жасаған жамандықтарына көз жұмып, көсемсіп сөйлеген сөзіне бола жақсы көре салады.

Мысалы, Иманғали Тасмағамбетов қазаққа қаншалық қайырлы қарекет қылды, қылмады, оны білмедік? Бірақ əкім боп тұрған кезінде Шаңырақты шайқалтқаны үшін баспанасынан айырылып қан жұтқан қазақтың ешқайсысы жақсы көрмейді оны қазір.

Шаңырақтың жарасын ешкім ұмытқан жоқ. Сол кезде бесігінде шошынған сəбилер қазір жалындаған жас. Отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын шақтары. Соларға «Иманғали өте қазақшыл. Өте ұлтшыл. Мықты ұйымдастырушы. Білікті басшы» деп көріңізші! Сенгілері келсе де, сенбейді, кешіргілері келсе де кешірмейді. Неге? Өйткені Тасмағамбетов олардың сəби күлкілерін, балдай тəтті балалықтарын ұрлады. Үйлерін қиратып, шаңырақтарын шайқалтты. Қоғамда қазақша сөйлейтін əкім, ақын-жазушыларға тегін үй беретін жомарт əкім ретінде образы қалыптасқан Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ-ның басшысы болыпты.ҰҚШҰ-ға басшы болу  – өз тəртібімен, өз ретімен айналып келіп тұратын қалыпты лауазым саналады екен. Алайда дəл қазіргі əлемдік геосаяси жағдайлар сол қалыпты тəртіптің «тəртібін» бұзуы мүмкін. Путиннің батасы болмаса, ҰҚШҰ-ға Иманғали тағайындалар ма еді, тағайындалмас па еді? Тасмағамбетовтың əскери маман емес екенін бəрі біледі. Бір жылдары Қазақстанның қорғаныс министрі де болды. Қазақстанда қалыпты жағдай бұл: металлургтің президент болатынына, педагогтың денсаулық сақтау министрі қызметін атқаратынына көзіміз үйренген. Ал ҰҚШҰ-дағылар Тасмағамбетовтың əскери лауазымын мойындай қояр ма екен? Қоғамда Имекеңнің бұл лауазымға тағайындалуына байланысты əртүрлі əңгіме көп. Кезінде Назарбаев Шаңырақты Иманғалидың қолымен қиратып, азаматты тарихи қылмысқа араластырып еді. Содан бері Имекеңді жақсы көретіндер мен қылмысынан ақтап алғысы келетіндер Шаңырақ шайқасына келгенде, ауыздарын аша алмай қалады. Арасында «Тасмағамбетов Шаңырақты қиратқанымен, ары таза. Ол өз еркімен барған жоқ, ондай қадамға, өз еркімен бұйрық берген жоқ» дейтіндер болушы еді. Солар енді не деп ақтар екен?

«Иманғалиды арандатты» дейтін жанашырларының түсінігіне салсақ, ол бұл қызметке де өз еркімен бара жатқан жоқ. Аяқ-қолын байлап, азат басын айдап апарып отырғызып қойған болуы мүмкін. Сонда Назарбаев пен Путиннің айтқанына көніп, айдағанына жүретіндей Иманғали Тасмағамбетовтың өзіндік ұстанымы, бас еркіндігі жоқ басыбайлы атқарушылары ма? Назарбаев пен Путиннің қолшоқпары болатындай, олардың алдында не қылмысы бар Тасмағамбетовтың? «Иманғали «Шаңырақ оқиғасы», ЛРТ үшін жауап беруден қашып, осындай қадамдарға барып жатыр» дейтіндер кездеседі қоғамда. Бұл нұсқадағыдай болса, Тасмағамбетов ҰҚШҰ-ға басшы болуды өз еркімен қалап отыр деп түсінген дұрыс. Онда əңгіме бөлек...

Иманғалидың жаңа лауазымын қалыпты жағдай ретінде қарастырғымыз келген. Алайда Ресей мен Украина арасындағы соғыс күннен-күнге өршіп тұрған уақытта, мұны əдеттегі тағайындаудың бірі деу қате пікір сияқты. Неге? Өйткені қулығы мен қитұрқылығына құрық бойламайтын Путиннің соғыс айласы өзгеріп, шайқасқа ҰҚШҰ тартылатын себеп қолдан ұйымдастырылса, бұйрықты бірінші болып Тасмағамбетов беруі керек. Ондай жағдайда Иманғали ағайдың қолы тағы да былғанады.Назарбаев  – бір, Путин  – екі пайдаланса, Имекеңнің қазақ алдында абырой, беделі қала ма? Украина мен Ресей соғысы деген  – Шаңырақ шайқасы емес. Ол геосаяси қақтығыс. ҰҚШҰ тартылса, оның салқыны Қазақстанға да тиеді. Ал оған Иманғали кінəлі болса, мұның салмағы тіптен ауыр болмақ.Мұның бəрі болжам ғана. Ресей мен Украина соғысына ҰҚШҰ-ның жасақтары тартылмауы да мүмкін. Біздің ғана емес, ұйымдағы барлық елдердің бұл соғысқа араласуға құлықсыз екені анық. Қазақстанның батыс аймақтарындағы ағайындар Имекеңді жақсы көргені үшін азаматқа біз де жанашырлықпен ескерту жазып отырмыз. Бұл дұшпандық емес, ағайынгершіліктен туған бір үзік ойымыз.

Ел ішінде Имекеңнің «Тас» деген тастай лақап аты бар. Біреулер «Тастың» талқан болатын күні осы дегендей ой айтыпты.

Тегтер: