«Тәшиев келесі президент бола ма?»: Садыр Жапаров қауесеттерге жауап берді
Қырғызстан президенті «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында Камчыбек Тәшиевпен арада «бірі бір мерзімге, кейін екіншісі президент болады» деген жасырын келісім болғаны туралы қауесеттерді жоққа шығарды.
Мемлекет басшысы Қырғызстанның демократиялық ел екенін атап өтіп, билікті халықтың өзі таңдайтынын еске салды.
«Сондықтан “бір мерзім мынау, бір мерзім анау” деген әңгімелер демократиялық қағидаттар мен саяси мәдениетке сай келмейді. Мұндай пікірлер халықтың таңдау құқығын жоққа шығаруға бағытталғандай қабылданады», - деді Садыр Жапаров.
Президенттің айтуынша, Камчыбек Ташиевті қызметтен алу туралы шешім қабылдар алдында ол досымен телефон арқылы сөйлесіп, жағдайды түсіндірген.
«Мен бұл шешім арқылы досымды сақтап қалдым деп есептеймін. Себебі оның айналасы оны қате жолға бағыттады», - деді президент «Кабарға» берген сұхбатында.
Тәшиевпен достығы жалғаса ма?
Садыр Жапаров соңғы кадрлық шешімдерге қарамастан, Ташиевпен достық қарым-қатынасы сақталғанын айтты.
«Біздің достығымыз жалғасып жатыр. Қызметтен босатар алдында онымен сөйлестім, мән-жайды түсіндірдім. Бұл шешім мемлекеттегі тыныштық пен қоғамдағы келісім үшін қабылданды. Достықты қандай да бір лауазыммен немесе мүддемен байланыстыру дұрыс емес», - деді ол.
13 ақпанға қараған түні, шамамен сағат 03:00-де Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамчыбек Ташиевтің Бішкекке келгені белгілі болды. Журналист Айбек Бибосынов Facebook желісінде жариялаған қысқа видеода Ташиевті әуежайда үш ер адам қарсы алып, оның жол талғамайтын көлікке отырғаны байқалады.