Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:07

Ташиев Қытай компаниясы қызметкерлерінен қырғыз тілін үйренуді талап етті

Ташиев
Фото: 24.kg

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамчыбек Ташиев елде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан қытайлық China Road компаниясының қызметкерлеріне қырғыз тілін үйрену туралы қатаң талап қойды.

Бұл мәселе Ыстықкөл облысы аумағында автожол құрылысына арналған жиын барысында көтерілген. Жиын кезінде Ташиев Барскоон-Қаракөл жолының белгілі бір бөліміне қай компания жауапты екенін сұраған. China Road өкілі бұл сұраққа орыс тілінде жауап беріп, жол құрылысын өз компаниясы жүргізіп жатқанын растаған.

Осыдан кейін Қамчыбек Ташиев Қырғызстанда шамамен 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания өкілдерінің мемлекеттік тілді әлі күнге дейін меңгермегеніне наразылық білдірді.

«Неге осы уақытқа дейін қырғыз тілін үйренбедіңіздер? China Road Қырғызстанда қанша жылдан бері жұмыс істеп келеді? 20 жыл! Сонда қырғызша сөйлей алмайсыздар ма? Үйреніңіздер!» – деді ол.

China Road компаниясының өкілі бұл ескертуге басын изеп, келісетінін білдірген.

Сонымен қатар жиында ұзындығы 75 шақырым болатын автожол құрылысының мерзімдері де талқыланды. Компания өкілінің айтуынша, келісімшарт бойынша жол құрылысы 2028 жылғы 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Алайда мердігер жұмыс мерзімін жеделдетіп, жобаны 2027 жылдың соңына дейін аяқтауға уәде берген.

Тегтер: