Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:45, 01 Тамыз 2024

Тасқыннан зардап шеккен диқандар көмекке зәру

1

Биыл көктемде Қазақстанда көп жылдан бері болмаған үлкен су тасқыны болып, тұрғындар зардап шекті.

 Республиканың он облысында төтенше жағдай жарияланып, мыңдаған адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. Су тасқыны кезінде көптеген үй құлап, жарамсыз болып қалды. Оның үстіне суға кеткен мал мен егістік жер де аз емес.

Кейін Қазақстан үкіметі шығын толық есептеліп, тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты көмек берілетінін хабарлады. Ресми ақпарат бойынша үкімет су тасқыны салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

Қазірге дейін 70 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралды. Зардап шеккен аймақтарда тұрғын үйлер толық тексеріліп, жалпы сомасы 44,2 миллиард теңгеге 7 823 отбасы баспанасын жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды. 3 987 отбасы қираған баспанасының орнына жаңа үй мен пәтерлерге қоныстанды. 2 578 үй салынып жатыр. 34 023 отбасы 12,5 миллиард теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. 20 913 отбасына жалпы сомасы 9,5 миллиард теңгеге 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде жоғалған қажетті заттарды сатып алу үшін қосымша өтемақы төленді.

Ал суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 миллиард теңгеден асты. Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы сомасы шамамен 1,5 миллиард теңгеге 252 өтінімі қаралып, мақұлданды.

Бұл ел үкіметінің ресми есебі. Бірақ әлі билік назарына ілінбей, көмектен кенде қалып жатқан тұрғындар да бар. Мысалы, кей өңірдегі егінші-малшылар шыққан шығынының орнын толтыра алмай отыр. Оған ең алдымен кейбір алыс елді мекендерге әлі жол түспей, арнайы комиссияның тексеруге бара алмауы себеп болса, екіншіден, көп шаруада бүлінген мүлкіне төлем алуға негіз болатын құжат жоқ екен.

Биылғы тасқын диқандарға да ауыр зиян тигізді. Мысалы, су шайып кеткен жерге өнім дұрыс шықпайды. Салдарынан жер егіп күн көріп отырған диқандар қауымы биліктен көмек сұрауға мәжбүр. Жақында Батыс облыстарға іс-сапармен барған мәжіліс депутаттарынан жергілікті диқандар су тасқынынан кейінгі шығынды өтеуге қатысты көмек сұрады.

Шілде айының аяғына қарай мәжіліс депутаттары Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында барып, жергілікті шаруалармен, кәсіпкерлермен және тұрғындармен кездесті. Халық қалаулылары азаматтармен жеке қабылдау өткізді.

Кездесуде шағын бизнес өкілдері жаңа салық кодексінің жобасы аясында салық жүктемесін азайту қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ олар жоғары эквайринг комиссиясына, санитарлық заңнама талаптарын бұзуға қатысты айыппұлға қатысты шағымын айтты.

Ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мәжілісмендерге жеңілдетілген ауыл шаруашылығы несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін, техника мен құрал-жабдықтарды субсидиялау төңірегінде сұрақтар қойып, келген шығынның орнын толтыруға көмек сұрады.

Сондай-ақ шаруалар көктемгі су тасқыны салдарынан мал ғана емес, ғимараттар, құрылыс нысандары, ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары, өнімдері де зардап шеккенін айтып, билік бұл мәселені де естен шығармауы қажет екенін ескертті. Депутаттар кездесуде көтерілген барлық мәселе парламент деңгейінде қаралатынын айтып, уәде берді.

Депутаттар Ақтөбе облысы Қобда ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан үйлердің құрылыс барысымен танысты. Қазір аталған ауылда 151 тұрғын үй салынып, көше құрылысы мен абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар халық қалаулылары Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданы Сұлукөл ауылында өтіп жатқан AGROFEST BATYS-2024 форумына қатысып, өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жайымен танысты. Ауыл шаруашылығы технологиясы, асыл тұқымды мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудегі селекциялық жетістіктер саласындағы жаңалықтарды таныстыратын фестиваль үшінші рет өтіп отыр.

Біз Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сұрау салып, су тасқыны кезінде ауыл шаруашылығы саласына нақты қандай зиян келгенін және зардап шеккен шаруаларға қандай көмек көрсетіліп жатқанын сұрадық. Өйткені Атырау облысы тасқыннан ең көп зардап шеккен өңірлердің бірі. Жайық өзені ернеуінен асып, жағалауындағы бірнеше елді мекенді және шаруа қожалықтарын су басқан болатын.

«Табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты су тасқыны салдарынан барлығы 1805 бас ауыл шаруашылығы жануары, оның ішінде 1273 бас төрт түлік мал (288 бас ірі-қара, 764 кой-ешкі, 158 бас жылқы, 63 бас түйе) және 532 бас үй құстары шығын болды.

Арнайы комиссиялардың шешімімен 208 өтініш бойынша мал шығынына 274,4 миллион теңге өтемақы төленді. Егін шаруашылығына келтірілген залалды өтеу жөнінде келіп түскен өтініштер саны жүзден асты. Шығын болған егістік көлемінің болжамды сомасы 526,4 миллион теңгеден асты», – деп жауап берді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қолындағы азын-аулақ төрт түлігіне қараған малшылар мен жер емшегін емген диқандарға биылғы су тасқыны ауыр тиді. Ұзақ жыл бойы еңбек етіп жиған дүние-мүлкі суға кетіп, табыс көзінен айырылды. Демек, шаруаларға көмек көрсетіп, шығынның орнын толтыру кезек күттірмейтін маңызды мәселе деп есептейміз.

Еламан Өмірхан