Татарстанда Абай Құнанбаевтың ескерткіш-бюсті ашылды
Іс-шара Қазақстан Президентінің 2024 жылғы 22-24 қазан аралығында өтіп жатқан БРИКС мемлекет басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына жұмыс сапары аясында өткізілді.
Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Татарстан Республикасының Мәдениет министрі Ирада Аюпова, Қазандағы ҚР Бас консулы Ерлан Ысқақов, сондай-ақ Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркаил Зайдуллин, сондай-ақ қала тұрғындары мен қазақ ұлттық-мәдени автономиясының өкілдері қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазанда ескерткіштің ашылуын халықтар арасындағы достықтың, өзара түсіністік пен рухани туыстықтың үлгісі екенін айтты.
«Бүгінгі іс-шараның БРИКС мемлекеттері ынтымақтастығы саммиті аясында өтіп жатқанының өзі іс-шараға ерекше сипат беріп тұр. Бұл екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтып, тереңдете түсері сөзсіз. Абай – өз ұлтының рухани байлығын бойына сіңіре отырып, жалпы адамзаттық ой-пікір деңгейіне көтерілген тұлға. Біздің халықтар арасындағы өзара мәдени құндылығымыз артып, достығымыз нығая берсін», – деді Аида Балаева.
Ұлы ойшылдың ескерткіші Қазан қаласында Назарбаев пен Качалов көшелерінің қиылысында орнатылды. Бюст авторы – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Нұрбол Қалиев.
«Қазақстанның Ресеймен достық қатынасын дамыту аясында Татарстанға, біздің мәдениетімізге шынайы қызығушылық танытып жатқаны қуантады. 2018 жылы Қазақстан тарапынан Қазан қаласына қонақжайлық белгісі – «Тайқазан» мүсіні сыйға берілді. Бүгін Абайдың ескерткіші де дәл осы жерде, осы алаңда орнатылуы кездейсоқ емес. Ресейде ұлы қазақ ақынына деген құрмет ерекше. Еліміздің астанасында Абайдың ескерткіші орнатылған. Сондай-ақ Ресейдің бірқатар қалаларында Абай Құнанбайұлының атымен аталған көшелер бар. Бүгінгі іс-шара – қазақ пен татар халықтарының рухани бірлігіне негізделген ұзақ жылдар бойғы жемісті іскерлік пен мәдени байланыстардың нәтижесі деп білеміз», – деді Татарстан Республикасының Мәдениет министрі Ирада Аюпова.
Салтанатты іс-шара қазақ ақынының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен қорытындыланды.