Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:58, 25 Қазан 2023

«Тәтті шай» ішкен күндер

12
Фото: из открытых источников

Қаңтар оқиғасынан кейін ел билігінде біршама өзгеріс болды.

Талай шенді тағынан тайып, саяси мансабын аяқтады. Кейбірі сотталды. Экс-президенттің туыс-туғанынан бөлек бұрын әкім, министр болған, үкіметті басқарған «дәулердің» дәурені өтті. Әрине, «Жаңа Қазақстан» бәрін қидай сыпырып, қамап тастаған жоқ. Бірі – биліктен кетті, бірі – шетел асты.

Мысалы, билік баспалдағында ракетаның жылдамдығымен жоғарылап келе жатқан Бауыржан Байбек (оны болашақ президент ретінде көргендер де бар), мәжілісті 10 жыл басқарған Нұрлан Нығматулин, премьер-министр болған Асқар Мамин, 30 жыл биліктің биік мінберінен түспеген Әділбек Жақсыбековтер былтыр қаңтардан кейін жұрт назарынан тыс қалды.

Бұлар биліктен аяқастынан кетті, бірақ сотталған жоқ. Ең қызығы осында болып тұр. Олар кінәсіз болса, неге үн-түнсіз ірі қызметтен алып тастады? Ал кінәлі болса, неге жауапқа тартпады? Бұл сұраққа қазірше ешкім жауап берген жоқ. Жоғарыда аты аталған экс-шенділердің ішінде Жақсыбеков сәл ерте зейнетке кеткен. Бірақ экономикалық секторда және Қазақстан футбол федерациясында басшылық қызмет атқарып жүрді. Ал Байбек, Нығматулин және Мамин биліктің ең биік үш шыңында отырған. Мамин үкімет басшысы қызметінен, Нығматулин конституция бойынша елдегі үшінші тұлға саналатын мәжіліс спикері қызметінен босады. Ал Байбек билік партиясы – «Нұр Отанда» екінші адам болды. Ол бұл қызметте әкесінің кластасына ғана бағынатын.

Байбек бірден шетел асты. Кейін жұрт оның Кипрде, Германияда жүргенін естіді. Нығматулин де бақытын басқа елден іздейді деген ақпарат тараған. Бірақ экс-спикер видеоүндеу жариялап, елде жүргенін дәлелдемек болды. Ал Мамин мүлде «жоғалып» кетті. Билікте жүргенде де бар-жоғы аса білінбейтін Асекеңді көпшілік ұмыта бастаған. Тек тамызда Астанадағы алып мешіттің ашылуында төбе көрсетті. Бірақ оның бұл жүрісі мешітке келген бас қонақ – Назарбаевтың тасасында қалған. Ал қыркүйектегі қадамы жұрт назарын аударды.

Күңгірт бұрышта күбірлескен үшеу

2022 жылы қыркүйектің басында әлеуметтік желіде Мамин, Нығматулин және Жақсыбеков үшеуі бірге түскен сурет тарады. Суреттен белгісіз мейрамхананың күңгірт бұрышында бас қосқан үшеудің аса көңілді емес екені байқалады. Тіпті үшеуі дастарқанға қарай сәл еңкейіп, күбірлесіп отырғандай әсер қалдырады. Әрине, бұл бізді осындай ойға жетелейтін сәтсіз кадр болуы мүмкін. Басқа кезде олар жарқылдай күліп, көңілді отырған шығар. Өйткені Мамин БАҚ-қа сол кезде туысқанының «сырға салу» қуанышына қатысқанын айтыпты.

Жұрт «тәтті шай» ішіп отырған үшеудің бұл суретін жеткілікті талқылап тастаған, қайыра тоқталып жатпайық. Анығы, бұл Қаңтар қасіретінің жарасы жазылмай, жұрт көңілін күдік басқан кезең еді. Қаңтардан кейін Кәрім Мәсімов, Қайрат Сатыбалды сияқы «мықтылар» ұсталып, Назарбаева, Байбек секілді туыс-туған шетелге шығандап кеткен уақыт. Осыған қарап, Жаңа Қазақстан орнағандай көрінсе, Қаңтарда оққа ұшқан бейбіт тұрғындардың сұраусыз қалуы мен түрмедегі азаптаулар ескі Қазақстанды еске салатын. Осындай алмағайып кезеңде көптен көзге түспеген Мамин, Нығматулиндер жұрт алдына қайта шыға бастады. Оның үстіне тамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұрлан Нығматулин мен сыңары Ерлан Нығматулин тергеуге алынғанын растаған.

Осындай кезде бұрынғы шенділер оңаша кездесіп, не талқылауы мүмкін? Қанша дегенмен ұзақ уақыт билікте болған адамдар, шұғыл жиналып, Нығматулинді антикордан арашалап алуды талқылауы мүмкін ғой. Немесе Жаңа Қазақстанның өздеріне қарсы қысымы шектен шығып бара жатқанын айтып, қарсы айла қарастыруы ғажап емес. Жұрт күдігі де осыған ұласқан. Бірақ Мамин мұның бәрі арандатушылық екенін айтып, өздері той тойлап жүргенін жеткізді.

Асқар Ұзақбайұлы осы басқосудан кейін тағы көрінбей кетті. Бірақ ол Қазақстан хоккей федерациясының басшысы қызметінен босаған жоқ. Сол қызметіне орай биыл көктемде Ташкентте хоккей матчында жүргенін көрдік. Бейнесі Асекең саясатты біржола қойып, спортқа ден қоюға бел буған сияқты. Бірақ «сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады». Оның үстіне, бұрын жүріп өткен жолы күмәннан тазармаған Мамин секілділерге саясаттан кету тіптен оңай емес.

Жақында қоғам белсендісі Санжар Боқаев утилизация және «отандық автоөндіріс» жөнінде мәселе көтерді. Ол утилизация бағдарламасы бос сөзге айналып, үкімет жұрттан утиль алымын орынсыз жинап отырғанын айтты. Боқаев осы заңсыздықтарға Мамин басқарған үкімет кінәлі деп санайды. Ол мұндай ойын Мамин билікте отырғанда да айтып жүрді. Санжар өздерін «отандық автоөндірушіміз» деп атайтын көлік құрастырушыларға субсидия төлеуді тоқтатып, утилизация бағдарламасын жөнге салуды ұсынды. Елдегі кейбір БАҚ қазір антикор мен бас прокуратура экс-премьерді тексеруге ынта танытып отырғанын хабарлады. Тіпті Ұзақбайұлы елден ұзап шықпасын деген бұйрық та бар дейді.

Дәл осы утилизация бағдарламасына қатысты бұған дейін Әлия Назарбаеваның аты аталған. Депутат Ерлан Сайыров бұл істе Назарбаеваны назардан тыс қалдырмауды ұсынған. Осыған қарап, тергеу органдары «кіші қызды» тексеретін шығар деп болжаған едік. Бірақ олардың Әлияға әзірше әлі жетпейтін сияқты. Қоғам талқысына түскен сұраққа қатысты бас прокуратура «Ә.Назарбаеваның бұл қылмыстық іске қатысы жоқ, сондықтан одан жауап алынбады», деп мәлімдеді.

Кіші Назарбаев

Баста айтқанымыздай, Нығматулин 10 жыл мәжіліс төрағасы болды. Спикер болып тұрғанда Назарбаевтан көргенін істеп, депутаттарды бір шыбықпен басқаратын. Тіпті мәжіліске келген министрлерге де ұрсатыны бар. Оның осы әрекеті жиналыста кейбір шендіні орнынан тұрғызып қойып жекіп сөйлейтін бұрынғы президентті еске салады. Жұрт арасында Нығматулин Назарбаевқа еліктейді деген сөз тарап, оны «кіші Назарбаев» деп атайтындар табылған.

Нығматулин экс-президентке еліктеумен шектелмей, өзі де ел басқаруға ұмтылған сияқты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаев осындай болжам жасады. Шабдарбаев «Elmedia» YouTube арнасына берген сұхбатында экс-спикерді «Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылардың бірі» деп санайтынын айтты. Оның айтуынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Нығматулин мен Мәсімов қазіргі президент Тоқаевқа кіріп, «ұшақ дайын тұр, елден кетіңіз» деген. Бұрын мұны Мәсімов айтыпты деп жүретін, ол қазір қамауда жатыр, енді Мәсімов емес, Нығматулин айтыпты деген сөздің шығып қалуы тегін емес сияқты көрінеді.

Олардың жоспары бойынша президент елден кетсе, орнына мәжіліс төрағасы Нығматулин отырмақ болыпты-мыс. Негізі конституция бойынша елдегі екінші адам – сенат төрағасы. Бірақ Мәулен Әшімбаев жас болғандықтан, саяси салмағы одан гөрі басымдау Нығматулиннің президент атануға мүмкіндігі мол болған. Билік иерархиясы бойынша елдегі үшінші тұлға, оның үстіне мәжілісте іскер, қатал басшының рөлін сомдап, кей жұртқа ұнағаны бар. Осыны ескерсек, Шабдарбаевтың сөзінің жаны бар секілді. Мәсімовке қарағанда Нығматулиннің президент болғаны ақылға да, логикаға да сияды. Бірақ бәрі олар ойлағандай болған жоқ.

Нығматулин мәжілісте депутаттарды дедектетіп, әділ адамның рөлінде жүргенімен, оған айтылар сын аз емес. Ел арасында Нұрлан және Ерлан Нығматулиндер Қарағанды өңірінің бизнес саласын бақылауда ұстады деген әңгіме бар. Былтыр тамызда антикор оларға қарсы рейдерлік басып алу ісі бойынша тексеріс бастаған. Нығматулин мәжіліс спикері қызметінен кеткен соң балқаштық кәсіпкер Қуат Сұлтанбековке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Ол 2012 жылы Ерлан Нығматулинмен кикілжіңнен кейін 21 жылға сотталып, 10 жыл түрмеде отырған. Сұлтанбеков өзін түрмеге жабуға Нығматулиндер тапсырыс бергенін айтып жүрген. Ұзақ жылға сотталған кәсіпкердің Нығматулин қызметінен кете сала ақталғаны да бұл болжамды растауы мүмкін. Айта кетерлігі, Ерлан Нығматулин де бұрын мәжіліс пен сенатта депутат болған.

Қаңтардан кейін қызметтен кеткен шенділерді тексеру қажет

Биыл қазанда елде Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды. Мекеме заңсыз активтерді іздеп тауып, мемлекетке қайтарумен айналысады. Су жаңа комитет алда талай алаяқты су бетіне шығаруы мүмкін. 21 қазанда антикор дәл осы заңсыз активтерді қайтару ісінде заң бұзған бұрынғы әділет министрі ұсталғанын хабарлады. Антикор ұсталған экс-министрдің есімін атаған жоқ, бірақ БАҚ оның Марат Бекетаев екенін анықтады. Ең қызығы, Бекетаев та Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен босап, биліктен қол үзген шенділердің бірі. Әрине, биыл ақпанға дейін үкіметте кеңесші болып жүрді, бірақ мұны бұрынғы ресми лауазымдарымен салыстыруға келмейді. Бекетаевтың ұсталуы Қаңтардан кейін қызметтен кеткен шенділерге тықыр таяғанын білдіре ме? Заңсыз активтерді қайтару тапсырмасы талай тосынсыйдың бетін ашуы мүмкін. Шетел асқан шенділер құрқол кетпегені анық. Шетелдегі бүкіл ақшаны қайтарып ала алмасақ та, кем дегенде кімнің кім екенін анықтауға мүмкіндік туатын шығар.

Отандық БАҚ ұсталған экс-министр ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің досы екенін хабарлады. Жақында бас прокуратура экс-президенттің туысына қатысты тергеу бастаған. Ол істің қалай жүріп жатқаны әзірге белгісіз. «ӨКМ операторы» ісіне Әлияның қатысы жоқ екенін мәлімдеген прокуратура Әбішті де уысынан шығарып алуы ғажап емес.

Антикордың сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің басшысы Қанат Сүлейменов Мамин, Нығматулин және Байбектің активіне қатысты еш ақпарат жоқ екенін хабарлады. Демек, бұл кісілерге қатысты тергеу жүріп жатқан жоқ. Біз бұрынғы шенділердің бәрін кінәлі деп отырған жоқпыз. Тек биліктің биік мінберінде жүрген адамдардың бір сәтте саяси мансабын аяқтап, үн-түнсіз кеткені таңғалдырады. Жақында мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бауыржан Байбектің қызмет жолын тексеруді ұсынды. Расында, Қаңтардан кейін күтпеген жерден қызметтен кеткен шенділерді тексеру бастала ма, жоқ па? Заң бұзған жері болса, жазаласын, қолдары таза болса, оны айтсын. Сонда халық та күдіктен арылады, экс-шенділердің де ел алдында беті жарық болар еді. Не де болса, бір «науқан» басталар-басталмас болып тұрған сияқты. Мұндайда, қоғам «билік дәліздерінде «саудаласу» жүріп жатыр екен» деген дақпыртты көп айтып кетеді.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед:

«Бұл азаматтар ең алдымен іштей моральдық жауапкершілік сезінді деп ойлаймын. Елдегі жағдайдың Қаңтар оқиғасына дейін жетуіне өздерінің жауапкершілігі бар екенін сезіп, одан әрі жұмыс істеудің мәні қалмағанын түсінген болар. Екіншіден, кімді қызметке тағайындайды, кімді тағайындамайды, президенттің құзіретіндегі мәселе. Біздің елде «елбасышыл» саяси-әлеуметтік жүйе қалыптасқан. Осы жүйе елді тығырыққа тіреді. Жеке басқа табыну өршіп кетті. Елдің барлық саласында «отбасының» мүддесі басым орынға шықты. Барлық жерге өз адамын қою белең алды. Сол жүйені құрған басты адамдар енді бәрі өзгеретінін түсініп, биліктен аяқ тартқан болу керек.

Ал бұл азаматтардың Қаңтар оқиғасына қатысы бар-жоғын қазір нақты айту қиын. Құзырлы органдар баға бермеген соң бұл туралы айтуға әлі ерте деп есептеймін. Бірақ Қаңтардан кейін қызметтен кеткен бұрынғы шенділерді алдағы уақытта жауапқа тарту мүмкіндігі өте жоғары. Менің байқауымша, қазіргі билік радикалды тәсіл қолданбай, ақырындап жұмыс істеп жатқан сияқты. Осы қарқынмен де әр істің соңына дейін жетуі мүмкін».

Қуаныш Қаппас