Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:42, 14 Наурыз 2023

ТӘТТІ ҚАУЫН «ОПЕРАЦИЯСЫ»

None
None

Кез келген адамның өміріндегі ең тәтті шағы балалық кезеңі. Балалық шақ тәтті болса, ол адамның өмірінде қалатын мәңгі естелік саналады.

Осы орайда, кішкентай оқырмандарымызға Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сағындық Ордабековтің балалар мен жасөспірімдерге арналған Тәтті қауын «операциясы» әңгімесін ұсынып отырмыз.

Біздің туып-өскен, ат жалын тартып өскен Үшбас атты ауылымыз қарт та қазыналы Каратаудың бесігіне айналған Көсегенің Көкжонында. Жергілікті тұрғындар оны «Жон» деп қысқартып айтады. Дүбірге, сапырылған қызыққа толы орталықтан шеткері, у-шуы мол қалалардан қашықтау, моп-мопақан бұйығы жатқан алақандай ғана үркер жұлдызындай шағын мекен.

Тұрғындары күнделікті коңыр тірліктен қысы-жазы қолдары бір босамайды. Топ жұлдыздай санаулы түтіні бар ауыл болғандықтан, мәдениет үйі, клуб деген атымен жоқ. Жаз айларында анда-санда аудан орталығынан автоклуб келіп, ауыл көшесін екі-үш айналып, радио-рупорын даңғыратып, кешке болатын киноға тұрғындарды шақыратын-ды. Жұрт елеңдеп, балалар мәз болып, бір-бірінен сүйінші сұрағандай «кешке кино болады, барамыз ба?» деп дуылдасып қалатын. Ымырт жабылып, түнгі аспанда сансыз жұлдыздар жылтырып, қараңғылық қоюланғанда ауыл орталығындағы механизаторлардың жатақханасы жанында көлемді ақ матадан жасалған экранынын үй қабырғасына іліп, кино көрсету басталады. Қандай кино екенін білмесе де ауыл тұрғындары үй шаруасын тәмамдап, қойын қоралап, сиырын сауып, сүтін қайнатып, кешкі тамақтарын апыл-ғұпыл ішіп, бала-шағасын ертіп, әлгі жатақхана маңындағы «ашық дала кинотеатрына» қарай ағылады. Әрқайсысының қолдарында әртүрлі орындықтар, табуреткалар, түрлі-түсті құрақ көрпешелер және т.б. Киноқондырғы жалғыз болғандықтан, әр кинопленкасын рет-ретімен, кезек-кезек асықпай ауыстырып, көптеген санаусыз үзіліс жасап барып киномыз түнгі 12-лер шамасында әупірімдеп жүріп әрең бітетін еді. Кино көреміз деп ата-анасына еріп келген жас балалардың бір бөлігі киносеанс аяқталмай-ақ маужырап, ашық ай астында ұйқыға кетеді. Оларды кино соңынан «ей, бар болғыр-ай...» деп ұйқыларынан оятып, ата-анасы жетектеп немесе қолдарымен көтеріп, үйлеріне қайтып бара жатады. Ересектеу біздер сол маңдағы үйлердің ауласына тігілген бір киіз үйге жиналып, жаңа ғана тамашалап-көрген киномызды жарыса талқылап, мәз-майрам болып, әр кейіпкердің рөлін талқыласақ, бізден 3-5 жас үлкен ағаларымыз түннің біраз уақтысына дейін карта ойынына қызыға кірісетін-ді.

… Бірде жаз айларының ортасына таман түнгі кинодан кейін әдеттегідей ауыл ортасындағы Ілес ағаның ауласындағы киіз үйге жиналдық. Өздерін біздерден ересек санайтындар қызу карта ойынына кірісіп кетті. Сөзден-сөз шығып, бір кезде бізден біраз жас үлкендігі бар Базарбай деген ағамыз: «Жігіттер қауын-қарбыз пісетін уақыт келген сияқты. Кеше байқадым, көршіміз Маңдайшаш атаның бақшасындағы қауындары теңкиіп-теңкиіп көзге көрініп қалыпты, сірә, сарғайып піскен тәрізді. Иісі алыстан-ақ мұрын жарады. Сендер екі-үшеуің барып, білдірмей сол атаның бақшасынан 3-4 піскен қауыннан алып келіңдер. Құдай біледі, атаның еккен қауыны жеуге жарап қалды. Барыңдар, қауын алып келіңдер, сендерге бүгінгі тапсырма осы», – деп, біздің құлағымызды көтеріп, офицердің қол астындағы солдаттарына тапсырма бергендей етті. Мына сөзден кейін бізде тұрыс бар ма. Үш-төртеуіміз тез жиналып, «дәмді қауын операциясына» аттанып кеттік. Ауыл сыртындағы өзенді жағалай жүріп, дыбысымызды білдірмей Маңдайшаш атаның бақшасының етегіне жеттік. Ай жарығы жап-жарық, жан-жағымыз сүттей ақ, бақша алақандағыдай анық көрінеді. Бақша ортасына кереует-төсек қойылыпты. Оның үстінде Маңдайшаш ата мезгіл-мезгіл жөтеліп қойып, жан-жағына зер салып, қырағы отыр, ұйықтайтын ой жоқ. Жер бауырлап, кинолардан көріп жүрген кәдімгі әскери барлаушыларға ұқсап, жан-жағымызды селт еткізбей тың тыңдадық, екі көзіміз бақшада. Солай қимылдамай бір-бірімізге тек ыммен хабар беріп, біраз уақыт жаттық. Атаның үйіне кіру немесе ұйқыға кетер түрі жоқ, әлі сергек. Сөйтіп, атаның әр қимылын аңдып жатқанымызға бір сағаттай уақыт өтті. «Операциямыздың» орындалмай қалуы қыл үстінде тұрды. Содан менде бір тың ой келді де қасыма жақындау жатқан Өсербайға «кері артқа қайтайық» деп белгі бердім. Ол мені сөзсіз түсініп, Дулат пен Жамбайға ым жасап, кері қайтып, өзенге түстік. Арнайы келгеннен кейін бізге қауынсыз қайтуға еш болмайды. Міндетті орындамай қайту біз үшін масқара тірлік. Әйтпесе ағаларымыз бізді «ынжықтар», «қорқақтар», «сужүректер», «бездельниктер» деп күлкі етеді. Ойласа келе Маңдайшаш атаның көршісі, бізді қауын «операциясына» жіберген Базарбайдың бақшасына түсіп, екі-үш қауын алмақ болып шешім қабылдадық. Базарбайдың бақшасына еркін еніп, пәлектен ірілеу төрт қауын үзіп алып, кері қайттық. Киіз үйге енгенімізде біздің қолымыздағы қауындарды көргендер шу етіп, көздері жайнап кетті. Не дегенмен биыл әлі дәмін татып үлгермеген әуес ас қой. Базарбай көңілденіп, алақанын ысқылып, «Бысымыллә» деп қолына алды. Өткір пышақпен қауындарды тіліп жатып: «Айттым емес пе сендерге Маңдайшаш атаның қауыны пісті деп. Қараңдаршы, уылжып пісіп тұр, жарықтықтың исі қандай...» деп гүмпілдеп, мақтауын жеткізіп жатыр. Ол алдындағы қауындардың өз бақшасынан екенін еш сезбейді. Қолдан келгенше жерге сиғызбай мақтап, мәз-мейрам болып дәмді қауынды қомағайлықпен асығыс жеуде. Қауын «операциясын» сәтті орындап келген біздер мына көріністі тамашалй отырып, қыран күлкіден ішегіміз түйіле жаздады. Тіпті базбіріміз ішімізді ұстап күлкіге тұншығып, жерде аунап жатырмыз. «Мыналарға не болған ей. Бізге де айтсаңдаршы» деп ағаларымыздың сұрақтарына жауап беруге күлкіден бізде мұрша жоқ. «Мына тәтті қауынды жеп болыңдар, содан кейін айтамыз, алдымен қауынды жеп болыңдар...» деп жұмбақтаймыз. Қауын желініп болғаннан соң ғана бұл дәмді піскен қауындар кімнің бақшасынан екенін айттық. Қыран-топан күлкі түнгі тұнық аспанды тіліп өтті. Базарбай ағамыздың жүзі нарттай қып-қызыл болып, көздерінің қарасынан ағы көбейіп: «Ой, нәлет, жүгермектер, мені қатырдыңдар-ау, ә...» деп орнынан атып тұрып, бізді қуа жөнелді. Қай-да-а-а-н, оған жеткізер біз жоқ, киіз үйді айналып, ішек-сілеміз қатып, күлкіге көміліп жүрміз.

 Бұл оқиға қазақтың әлгі «Дуананың бидайын өзіне қуырып беріпті» деген мақалына саяды. Сол балалықпен жасаған ерке тірлігімізді қанша жылдар өтсе де кей сәттерде еске алып, «Ой, шіркін, балалық-ай!» деп жерлестерімізбен, құрдастарымызбен бас қосқанда рахаттана күліп аламыз.

 Уақыт керуені бір сәт аялдамай алға тартып барады. Біз де біраз жасқа жетіп, самайларымызды ақ қырау шалып, немере сүйіп, «ата», «әже» атанып отырсақ та сол қимас балалық бал дәуренімізді сағынамыз, өткен күндерді, тай-құлындай тебісіп, жарыса өскен құрдастарымызды, бірге жүрген достарды, алтын бесігіміз ауылды аңсап еріксіз ауыр күрсінеміз.

 Қимас балдәурен кезден санама сіңіп қалған жоғарыда айтылған қызықты оқиға-хикаяларды қағазға түсіріп, сіздерге ұсынып отырмын. Әрине, сіздерде де есте қалған осы тәрізді қызықты дүниелер бар екеніне күмән келтірмеймін. Өйткен сіз де бала болдыңыз, асыр салып ойнадыңыз, доп қуып, қозы қайырдыңыз, су жиналған ауыл сыртындағы қой тоқытатын тоғанға рахаттана шомылып, өзіңнің бау-бақшаңда бар болса да көршілердің бау-бақшасына түсіп, таңдайдан дәмі кетпейтін уылжыған қауын-қарбызын, алма мен өрігін ұрлап жеп, велосипедпен шаңды жолдарда жарысып, қойдың кезегіне шығып, кешке қарай ауыл шетінен өрістен қайтқан қой-ешкіні қарсы алып, күннің ми қайнатар шыжыған ыстығына дес бермей, өзен-көлдерден балық аулап, қайғысыз-мұңсыз думанды күндерді бастан өткердіңіз.

 Шіркін-ай, балалық – өмірдің бір керемет, қайталанбас, әркез сағынышпен еске алатын қимас кезеңінің бірі ғой. Балалық шақ – адам өміріндегі ең ғажап «патша тағы» секілді уақыт. Ол кімді де болмасын сағынтпай, аңсатпай қоймайды. Қайран, келмеске алыстап кеткен, сағынышпен еске алатын сол бір думанды, қызықты шақ… Бәріне тәубе дейік, барына береке бергей.

 Балаларымыз бақытты, саналы, рухты, білімді болғай!

Тегтер: