Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:16, 23 Желтоқсан 2020

Тау шаңғысы: Өскемен «Шерегешке» қашан жетеді?

None
None

Алтайдың бір жүлгесі жете беріп сұлап түскен Өскемен қаласына биіктен қарап тұрмыз.

Қаладан 37 шақырым жерде орналасқан «Нұртау» демалыс кешенінің биік нүктесі – теңіз деңгейінен 600 метр биік. Қарағайы мен ақ қайың, қара ағашы қатар тізіліп, ерекше сән құрап өсетін қолат-қолаттың сұлулығына армансыз көз суарып тұрғаныңда жатаған таулардың жазылып барып жазыққа ұласар тұсынан не бұлт емес, не тұман емес, қараған адамның тынысын қарадай тарылтып бітетін қарақошқыл қоймалжыңға еріксіз көз тоқтатасың. Бұл қоймалжыңның астында Өскемен жатқанын біз сияқты Алматыдан келгендер болмаса, өзге жұрт байқамай да қалады. Қара тұманның арасынан сорайып-сорайып мұнара-мұржалар көрінеді. Төмендегі қара түтінді сорып тауыса алмай жатқандай аспанға будақ-будақ түтін бүркеді. Анығында, қаланы басқа емес, осы мұржалардан шыққан түтін буып тұрғанын ойлап өтесің. Бір қарағанда ауасы құрғақ, аязы ащы, желі күшті, тұрғыны аз қаланың мұндай жағдайға түсуі ақылға онша сыймайтындай көрінеді.

Табиғаты керемет ұлан-ғайыр жеріміз бар, соның бәрін тиімді пайдалануымыз керек деп желпінгенде желбезегі делиіп шыға келетін басымыз соңғы жылдары Қазақстанда туризмді дамыту керек деп жүрміз. Әкімдер берген есепке, оны сан-саққа жүгіртіп, жұлмалай таратқан БАҚ-тағы ақпаратқа көз тіксең, бұл науқан өте сәтті өтіп жатқандай әсер қалдырады. Өскеменге сапарымыздың себебі де осы – туризм, туризм болғанда да, Шығыс Қазақстан облысында қысқы спорт түрлерінің даму мәселесі болатын.

Пресс-тур құрамында Алматы мен астанадан жиналған жиырма шақты журналист бар. Ұйымдастырушы – «Қазақ Туризм» ұлттық компаниясы. Жиырма журналист түгелге жуық шаңғы тебумен айналысады – Қазақстанда 2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан халықаралық SCIJ клубының мүшелері. Арысы әлемнің біраз елінде болып, мақтаулы шаңғы жолдарында шаңғы теуіп көрген, берісі Алматыдағы Шымбұлақ пен Ой-қарағай, Ақбұлаққа жиі баратын шаңғышы-журналистердің жиналуы Өскемендегі «Алтай Альпісі» мен «Нұртау» тау-шаңғы курорттарының тым-тырыс жолдарына қан жүгірткендей болды. Бұлай дейтініміз – мұнда сенбі, жексенбі күндері болмаса, жұмыс күндері өлі тыныштық. Қаланың 1 пайызға жетпейтін тұрғыны ғана аяғына шаңғы байлайды, сырттан – өзге қалалар мен шетелден келушілер жоқтың қасы. Болса да, көбі шаңғы тебу үшін емес, табиғат аясында демалу үшін келеді. Ал екі курорттың да шаңғы жолдары бес күн бойы мүлде жұмыс істемейді. Біз барғанда арнайы ашып, екі сағаттан сырғанауға мүмкіндік берді.

                             «Алтай Альпісі»

Бұл курорт жыл бойы әртүрлі қызмет көрсетеді. Тау шаңғысы базасы қысқы мезгілде ғана, онда да аптаның екі күні ғана жұмыс істейтіндіктен, курорт негізгі табысын өзге қызмет түрлерінен ажыратады. Курорт иесі Александр Чиликин мен облыстағы турфирмалардың бірінің директоры Валерия Тополнякты ортаға алып, «Алтай Альпісі» орналасқан Таулы Үлбі шатқалына барғанымызда, ең алдымен, ондағы бағаның арзандығына таңғалдық. Баға болғанда, шаңғы тебу төңірегіндегі емес, өзге қызметтер мен тағамдардың құны. Үйді жалға алудан бастап, тау арасына серуендеуге дейінгі бүкіл қызметтердің пакеті шамамен бір адамға 15 теңге шығады деп қалды.

Жалпы, Таулы Үлбі аумағында демалыс базалары аз емес. Солардың ішіндегі бәсі жоғары, атағы да біршамасы осы «Алтай Альпісі». Чиликин мырза сөзінің басын әкімдіктің кәсібін жүргізуге қарайласып тұратынын, біз келе жатқан жаңа асфальт жолдың салынғанын айтып бастағанымен, артынша туризмді дамытуға және кәсіп жүргізуге бюрократиялық кедергілердің көп екенін айтып кетті.

— Жалпы, туризм бойынша шағын объектілер жұмыс істей алмайды. Бәрі үлкен болуы керек. Біздің 40 мың, 25 мың гектарлық жеріміз бар. Табиғаты өте сұлу жерлер. Бұл жерлерді игеру бойынша тек немістермен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Француздар да, итальяндар да емес. Немістер өте ұқыпты, уақытпен жұмыс істейтін адамдар. Біздікілермен мүлде жұмыс істемейміз. Олардыкі тек үнемдеу, тартыншақтау. Миды ашыту, басты ауырту, ішу… «Алтай Альпісіндегі» ең үлкен мәселе – маусымдық жұмыс. Біз қарашаның ортасынан наурыздың аяғына дейін жұмыс істейміз. Тұтынушыларымыз көктем шыға салысымен бұл жаққа келіп, шаңғы тебуді ұмытады. Әйтпесе жағдай жоқ емес, ол кезде де қар жатады. Жаңа маусым жақында ғана ашылды, адам өте көп болды, өйткені алғашқы сырғанау алғашқы қарбыз сияқты – адамдар жапатармағай ұмтылады. Сосын, таппай қаласың.

Александр Чиликин әзірге туризмді дамыту деген науқанның тек сөз жүзінде жүріп жатқанын айтады. Олардың алдындағы кедергінің бірі – инженерлік жүйенің жоқтығы. Коммуникация мәселесі де өзекті. Кәріз, су, электр жүйелері совет заманынан бері келе жатқан ескі. Қаладан 30 шақырым қашықтағы курорт қожайынынан «автобус жүре ме» деп сұрадық. Жүрмейді екен. Таксимен келсең, шамамен 5 мың теңге төлейсің. Ал оған жеке көлігі жоқтар шығынданғысы келмейді. Расында, есептеп көріңіз, шаңғы жабдықтарын 3000-6000 теңгеге жалға аласың, кіру ақысы 4000-8000 теңге аралығында. Оның сыртында ас-ауқатыңыз бар, жалпы алғанда, бір өзіңізге 15-20 мың теңге керек болады. Бұл, әрине, анау айтқандай үлкен ақша болмауы мүмкін, бірақ мұнда бір маусым бойғы демалыс жайлы сөз болып отыр. Аптасына бір мәрте келіп, шаңғы теуіп қайттың деген күннің өзінде, ай сайын біраз қаржы жұмсалмақ. Демек, шаңғы тепсем деген адамға басты кедергі осы тұстан шығады. Сондықтан жолға кететін қосымша шығын азайса, қалтаға түсетін салмақ та әжептәуір жеңілдемек. Чиликиннің айтып отырғаны да сол.

— Біз жақтың табиғаты шаңғы, сноуборд, фристайлды дамытуға таптырмас өлке. Жасанды қар шашудың да қажеті жоқ, 5-6 ай қар жатады. Еуропадағыдай таңертең шашқан қарың түстен кейін езіліп жатпайды, ауа райы да салқын, құрғақ. Бірақ соған қарамастан, біз қыста 40 күн ғана адам қабылдаймыз. Қалған уақытта қаңырап бос тұрады. Қазір туризмді дамыту, шетелден турист тарту деген жиі айтылады, бірақ Шығыс Қазақстанда қысқы спорт түрлері өлі күйде жатыр. Жалпы жұрт айналысатын бұқаралық спорт түрлерінің жайы осы. Облыстық әкімдік бар күшін жеңіл атлетика, волейбол сияқты спорт түрлеріне бөледі, легионерлерге ақша шашады. Ал бізге келгенде жоқ, – дейді ол.

Субсидия мәселесін сұрағанымызда, езу тартып алып, үзілді-кесілді «субсидия жоқ» деп жауап берді. Қазір курорттың пайдасынан шығыны асып кететін кездері болады. Бірақ кәсіпкер бұл жақтағы шығынды өзге салалардағы – емдеу-сауықтыру орталықтары, аңшылық алқабы арқылы жабуға тырысады. Тау шаңғысы курортын алдағы уақытта жағдай жасалып қалар деген үмітпен ұстап отыр.

Кәсіпкердің бір сөзі бәсекеге қабілетті ел боламыз деп далақтап жүргенімізді еске түсірді. Дамыған шаңғы курорттарының ішінде «Алтай Альпісіне» ең жақын орналасқаны ресейлік «Шерегеш» тау шаңғысы кешені екен. Өскеменнің өзінен бастап, осы қалаға жақын деген Омбы, Томск, Новосибирск, Павлодар қалаларының тұрғындары «Шерегешке» барғанды құп көреді. Осылардың есебінен «Шерегеш» жылына миллион турист қабылдайды. Өйткені барлық жағдай жасалған. Расында, «Алтай Альпісі» аптасына екі күндік жұмыспен «Шерегешке» бәсекелес бола алмайтын түрі бар. Сол үшін де қолы қысқа қарапайым халыққа оңтайлы болсын деп, қызмет түрлері мен тағамдар бағасын барынша арзан ұстауға мәжбүр. Ал «Қарақол», «Шымбұлақ», «Шерегеш» сияқты бәсекелестерімен бой таластыру үшін аспалы жолдар жасап, инфраструктура жөнделуге тиіс. Былай қарағанда, Өскеменге шаңғы тебуге адам келмей қалады деп қорқудың қажеті жоқ. Жоғарыда аталған қалалардың тұрғындары тегі келмей қалды деген күннің өзінде, көршілес Семей қаласының тұрғындары да 200 шақырымды алыссына қоймаса керек.

«Алтай Альпісі» курортының орнында бұрын комсомол лагері болған. Одақ тараған соң, ұзақ уақыт бойы қараусыз қалған, тек 2005 жылы ғана осы курорт ашылыпты. Енді-енді жаңа үйлер салынып, өңірлерден қонақ тартуға тырысып жатқаны байқалады. Шаңғы жолдары да тым еңіс емес, жатағандау, бірақ қардың сапасы жақсы. Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз дейтіндей емес, ауа температурасы көбіне салқын, жолдары оңайлықпен бұзыла қоймайтын сияқты көрінді. Қар шашатын «пушка» мүлде қолданылмайды, қарайып қалған тұстарға жеті-сегіз жұмысшы қарды қолмен шашып жүрді. Аспалы жолы да ескі, сыры кеткен бағаналар біртүрлі көңіліңді құлазытады. Бұл жағдайға қарап және Александр Чиликин айтқан кедергілерді ескере отырып, курорт иесінің мына сөзімен келіспеске амалың қалмайды: «Шынын айтайын, мына түрімізбен «Шерегештің» деңгейіне жетуге біздің өміріміз жетпейді».

— Біздің жеріміз орман шаруашылығына қарайды. Мынадай заң бар: екі мәрте заң талаптарын бұзсаң, аспалы жолдарыңды жинап ал да, қайқай. Мен бұл жерге ақша салуға дайын тұрған түріктермен, болгарлармен, поляктармен келіссөз жүргіздім. Жердің менің меншігім емес екенін білген соң, бірден бас тартты. Өйткені ешқандай кепілдік жоқ. Мұндай кедергілермен бизнес ешқашан дамымайды, – дейді Чиликин.

Қазір «Алтай Альпісі» бір күнде мың адам қабылдай алады. Біз барған қарсаңда төрт аспалы жол істеп тұр деді, бесіншісі екі күннен соң іске қосылмақ екен. Келер жылы тағы екі аспалы жол қосылмақ, қазір 90 пайыз жұмысы аяқталып тұр.

                                              «Нұртау»

Бағасы жағынан да, инфраструктурасы жағынан да «Алтай Альпісіне» кереғар тау шаңғысы курорты – «Нұртау». Мұнда арзан нәрсе таппайсыз. «Нұртаудың» негізгі бағыты тау шаңғысы емес, жалпы туризм – демалыс, емдеу-сауықтыру. Үлкен аумақты алып жатқан кешеннің негізгі құрылымы шағын үйшіктерден бастап, алып коттедждерді жалға беруден тұрады. Оның сыртында келушілерге көрсетілетін өзге де қызметтер қысы-жазы тоқтамайды деуге болады. Мұнда да сол мәселе – келуші аз болғандықтан, маусымдық шаңғы спортына сүйену мүмкін емес. Қаладан 35 шақырым, автобус қатынамайды. Бұл кешен «Азия авто – Бипэк авто» холдингіне қарайды, яғни кешеннің 80 пайыз шығынын осы компания қаржыландырып отыр. Мұнда холдингтің кеңсесі де бар.

«Алтай Альпісінде» баға арзандау көрінсе, мұнда керісінше, бәрі қымбат. 40 мың теңгеден басталатын үйшіктерден бастап, 450-500 мыңға дейін жететін коттедждерді жалға алу, тамақтану, қыдыру, емделу, демалу құны өте жоғары. Бірақ соған қарамастан, келушілер жеткілікті. Біз барғанда «жаңа маусым ертең ашылады» деп жатты, бірде-бір үй бос емес, бәрін алдын ала алып қойғанын айтады. Қарапайым демалушыларға арналмаған алып базаның жалпы жұмысы жайлы кешен басшылығы арнайы баспасөз конференциясын өткізді, бірақ біз алдымен тау шаңғысы кешені жайлы айтайық.

«Нұртауда» аспалы жол мәселесі қиындау көрінді. Орындықпен немесе жабық кабинамен емес, қарапайым жұрт «швабра» атап кеткен, сырғаната сүйреп шығатын аспалы жол. Таудың арғы бетінде болмаса, біз сырғанайтын жолда шаңғысыз адамдарға жоғары көтерілу мүмкін емес. Бұл жақта да жасанды қар шашу аппараттары жоқ, арнайы техникамен күреп әкеліп, тегістейді. Содан да ма екен, қарды қолмен шашып жүрген «Алтай Альпісіне» қарағанда қары қалыңдау көрінді. Мұның тағы бір себебі – жаңа маусымның әлі ашылмауынан болуы да мүмкін. Өйткені сұрастырғанымызда, алдағы сенбі-жексенбіге ашылады деді. Сырғанау жолының ұзақтығы – 1800 метр, жолдың кеңдігі де әудем жер, еңіс те әжептәуір. Шатқалдың өзі сала-сала, сырғанау жолдарының санын да қалағанынша көбейтуге мүмкіндік мол.  Егер алдағы уақытта жарнамасын жасап, аспалы жолдарды көбейтсе, келушілерді көптеп тартуға болады.

Қазір келушілер демалыс күндері (жұмыс күндері сырғанақ жол жабық) 1000 адамнан енді-енді асып келеді. Бір жылда шамамен 100 мың адам қабылдауға болады дейді. Шаңғы кешені жылына 40 күн жұмыс істейді десек, 40 мың адам келеді. Ал оның сыртында жай сырғанау үшін, тамашалау үшін келетіндердің есебінен 100 мың адамға жеткізуге болады.

«Бипэк авто – Азия авто» холдингінің туристік бағыт бойынша жетекшісі Роза Байғазанова «Нұртауға» келушілердің дені жергілікті тұрғындар мен Алматы, елорда сияқты мегаполистерден екенін айтады. Шетелдіктер жоққа тән. Ол Өскеменнің айналасында туризмді дамытудың өзіндік қиындықтары бар дейді. Мұнда да сол – транспорт мәселесі кесе-көлденең шыға береді.

— Өскемен – қуыстағы қала. Сондықтан турист тарту үлкен күшке түседі. Жергілікті тұрғындардың тәуліктеп жатуға жағдайы келе бермейді. Сол себепті біз клиент тарту бойынша үлкен жұмыстар жүргізуден бұрын, ішкі құрылымды реттеумен айналысып жатырмыз. Қалай дегенде де, туризмнің дамуы облыс орталығының дамуына тікелей байланысты. Қала сыртында орналасқандықтан, мұнда орталықтандырылған жүйе жоқ: су, кәріз, жылу, электр мәселесі өзекті. Су мен жылуды өзіміз өндіруге мәжбүрміз. Мына үйлердің бәрі электр қуатымен жылынады. Суды тереңнен қазып шығарамыз, оны тарту жұмыстары да аз шығын емес. Осындай проблемалардан кейін бағаны көтеруге мәжбүрміз. Оның үстіне азық-түліктің 80 пайызы өзіміздікі. Көп шығын электр қуатына кетеді. Осы мәселеге байланысты біздің өзге де әріптестеріміз дами алмай жатыр, – дейді Роза Байғазанова.

Бізді үш күн бойы алып жүрген Валерия Тополняк та туризмді дамыту бағдарламаларында бірізділіктің жоқ екенін айтып қалды.

— Бір ШҚО-ға ғана емес, жалпы Қазақстанға ортақ бір жағдай – туризмді дамыту бағдарламасында ортақ концепцияның жоқтығы. Басшылыққа келген шенеунік өзінің концепциясын ұсынады, сол бойынша бағдарлама жасалады, қаржы бекітіліп, жұмыстар басталады. Сосын, ол орнынан түсіп қалады немесе басқа жаққа ауысып кетеді, орнына келген адам оның жұмысын жалғастырудың орнына өз концепциясын жасайды. Сол себепті кәсіпкерлерге ұзақ уақытқа арналған жоспар жасау мүмкін емес. Жалпы, мемлекеттің туризм бойынша бизнесмендерге көрсетіп жатқан қолдауы әзірге келіссөз деңгейінде ғана деуге болады, – дейді ол.

Ал, облыстық әкімдік өңірдегі туризмді дамыту бойынша біраз шаруалардың пандемияға байланысты бөгеліп тұрғанын айтады. Келушілерді демалыс орындарына жеткізу бойынша атқарылып жатқан негізгі шаруа жол салу төңірегінде болып тұр екен.

«Облыс әкімінің қолдауымен қысқы туризм объектілерін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, 2016-2017 жылдары аралығында облыстық бюджет қаражатына (650 млн теңге) «Нұртау» және  «Алтай Альпісі» тау-шаңғы кешендеріне апаратын жол жөнделді. Туристердің ыңғайлылығы үшін облыстық бюджеттен шамамен 800 млн теңгеге Сібе көлдеріне апаратын жаңа жол салынды. Жыл сайын әкімдікпен аталған жолдарды күтіп ұстау және тазалау жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағыттар бойынша тұрақты туристік автобус тасымалын ашу мәселесі КВИ шектеулеріне (наурыз айынан бастап ШҚО-да ауданаралық автобус тасымалына рұқсат берілмеген) байланысты кейінге қалдырылды», — дейді облыс әкімдігі өкілдері.

Басқа – басқа, қысқы спорт, оның ішінде тау шаңғысын дамытуға мүмкіндігі жоғары жер көп емес. Ал Шығыс Қазақстан сондай санаулы аймақтың бірі. Құрғақ ауасы, қалың қары, сұлу көрінісі… Егер инфраструктура жолға қойылса, арнайы барып шаңғы тебуге әбден болады. Тіпті арыдағы «Шерегештің» келушілерін тартып алуға мүмкіндік бар. Дамыған 30-50 елдің қатарына кіреміз деп жүрген елдің кәсіпкерлері «Шерегешке» өлсек те жете алмаймыз» деген сөзді айтпауы керек қой.

Тегтер: