Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:31

Шахдақта Еуразия тау курорттарының фестивалі өтті

1

2025 жылғы 4 наурызда Әзербайжанның Шахдақ туристік орталығында Еуразия құрлығындағы тау курорттарының екінші фестивалі ресми түрде ашылды.

Бұл шараға 5 мемлекеттің өкілдері мен 6 ірі таулы курорттың басшылары, атап айтқанда – Әзербайжан (Шахдақ), Қазақстан (Шымбұлақ пен Oi Qaragai), Ресей (Роза Хутор), Өзбекстан (Амирсой) және Оңтүстік Корея (MONA YongPyong) қатысты.

2024 жылы алғашқы фестиваль Сочиде өткен болатын. Осы бастаманың жалғасуы – аймақтағы тау туризмінің қарқынды дамуының көрсеткіші. Биылғы фестиваль Шахдақта ұйымдастырылып, аймақтың заманауи әрі қарқынды дамып келе жатқан курорттарының бірі екенін көрсетті. Бұл іс-шара тау туризмі саласындағы болашақ мүмкіндіктер мен мәселелерді талқылауға арналған маңызды ортаға айналды.

Фестиваль тау курорттарының дамуына қандай мүмкіндік береді?

Фестиваль – тек сарапшылардың басқосуы ғана емес, ол тау курорттарыныңкүшін біріктіретін, тәжірибе алмасатын және жоғары стандарттарды қалыптастыратын мықты платформа. Мұнда қауіпсіздік, инвестиция тарту, халықаралық туристік маршруттар құру, экологиялық тұрақтылық пен қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланады. Қатысушы курорттар өзара тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа серіктестер табуға мүмкіндік алады.

Фестивальге кімдер қатысты?

Форум аясында "Еуразия тау туризмінің болашағы мен мүмкіндіктері" атты конференция ұйымдастырылып, оған мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, альянсқа мүше курорттардың басшылары, сондай-ақ Беларусь, Грузия, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен келген 150-ден астам туристік индустрия өкілдері қатысты.

Фестиваль ашылу салтанатымен басталып, пленарлық отырыстар, альянсқа мүше елдердің өкілдерінің туының салтанатты шеруі және ұлттық музыка сүйемелдеуімен шаңғышылардың өз өнерін көрсеткен кешпен ұйымдастырылды. Сонымен қатар, нұсқаушылар арасында жарыстар, ұлттық мәдени кеш, B2B кездесулер және фестивальдің жабылу рәсімі өтті, онда келесі фестивальді ұйымдастыратын курортқа ресми түрде ту тапсырылды.

Еуразия таулы курорттар альянсының туристерге қандай пайдасы бар?

Альянстың басты мақсаты – тек тау туризмі индустриясының дамуы ғана емес, сонымен қатар туристерге ыңғайлы, қауіпсіз және қолжетімді демалыс ұсыну. Курорттар жүйесі қызмет көрсету сапасын жақсартып, оны кең аудиторияға ұсынуға мүмкіндік береді.

Альянстың туристер үшін негізгі артықшылықтары:

  1. Бірдей қауіпсіздік стандарттары. Елге немесе аймаққа қарамастан, бірыңғай қауіпсіздік нормалары енгізіліп, туристер үшін қауіп-қатерлер азаяды және курорттарға деген сенім артады.

  2. Саяхат ыңғайлылығы. Халықаралық туристік маршруттар жасау және адалдық жүйесін құру арқылы саяхатшылар бюрократиялық кедергілерсіз түрлі курорттарға оңай бара алады.

  3. Экологиялық тұрақтылық. Альянс мүше-курорттары тұрақты инфрақұрылым қалыптастырып, табиғи ресурстарды сақтау және болашақ ұрпаққа таза экология қалдыру бағытында жұмыс істейді.

  4. Қолжетімділік. Альянстың негізгі мақсаттарының бірі – тау туризмін мүмкіндігі шектеулі жандар, балалармен келген отбасылар және бұрын таулы курорттарға баруға мүмкіндігі болмаған туристер үшін қолжетімді ету.

  5. Жергілікті экономиканы дамыту. Туристерді тарту және инфрақұрылымды жетілдіру тек курорт иелеріне ғана емес, жергілікті қауымдастыққа да пайда әкеледі. Жаңа жұмыс орындары ашылып, шағын бизнес қолдау табады, бұл тау аймақтарындағы өмір сүру деңгейін жақсартады.

Келесі қадам қандай?

Шахдақтағы фестиваль тау туризмі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңіне айналды. Қатысушылар жаңа туристік маршруттарды құру және халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды ұйымдастыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті. Келесі Еуразия тау курорттары альянсының фестивалі 2026 жылы альянсқа мүше курорттардың бірінде өтеді.

Тегтер: