Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 27 Маусым 2024

Тәуелділіктің соңы трагедияға апарады

лудомания
Фото: narkology.info

Қазақстанда бәс қабылдайтын букмекерлік кеңселердің саны жыл сайын артып барады. Спорттық ойындарға ақша тігудің азартына жұтылған жастар тығырықтан шығудың жолын іздеп, суицидке де барып жатады. Психолог мамандар құмар ойындарға тәуелділік психологиялық дерт, оны дер кезінде емдеу керек дейді. Тіпті тәуелділік тұқым қуалайтын көрінеді.

Құмарлықтың себебі неде, тәуелділік ауру ма, әлде әдет пе деген сұрақты Sezim орталығының психолог маманы Мая Огайдан сұрап көрдік.

«Ойындарға патологиялық тәуелділік проблемасының өзектілігі үш негізгі себепке байланысты қарастырылады. Бірінші себеп – патологиялық ойыншылар. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік және қаржылық проблемасы бар адамдар. Ойыншылардың 23%-ы қаржылық проблемалары бар, 35%-ы ажырасқан, 80%-ы некеде тұлғааралық қатынастар бұзылған. Екінші себеп – құқыққа қайшы әрекеттердің таралуы құмар ойындарға тәуелділердің 60%-на дейін құқық бұзушылық жасайды. Үшінші – суицидтің жоғары қаупі, жалпы патологиялық ойыншылардың 13-тен 40%-ға дейін суицид әрекеттерін жасаса, 32-70%-ында суицидтік ойлар байқалады. Ойынға тәуелділіктің бес жағдайының төртеуі ер адамдарда кездеседі (негізінен 20-30 жаста) және 90%-дан астамы жасөспірім кезінен бастап ойнай бастайды. Біздің орталыққа емделуге келген пациенттің бірі бәске үйін ғана емес, әйелін де қойған жағдай болған», – деді маман.

Психологтың айтуынша, құмар ойынға тәуелділікке бала кездегі травмалар әсер береді. Әсіресе ата-анасы тарапынан көп шектеу көрген, өте мәдениетті, тәрбиелі балалар өскенде құмарлық құрбанына жиі айналады.

«Тәжірибеме сүйенер болсам, бала күнінде өз сезімін, ішкі күйін ашық көрсете алмаған балалар шалдығады. Оларға ата-анасы, жақындары тарапынан «жылама», «орынсыз күлме» деген секілді тыйымдар көп жасалып, шектеу қойылған. Нәтижесінде, бала эмоцияларын ішке жиып, жұта береді. Ал ол эмоцияны адам бәрібір бір жерге жұмсауы тиіс, үндемей тып-тыныш жүретін балалар сосын көлікті қатты жүргізу, интернетке тәуелділік, ставка тігу деген сынды өзімен-өзі қалатын осындай дүниелерге назар аударатын болады. Оларды емдеу оңай және тез уақыт аралығында жүзеге аспайды, жылдар бойы терапия керек. Ең бастысы – ол адамның бойындағы өлі сезімдерді ояту, жанашырлық, ұждан, мейірім, өздерінің біреуге қажет екендерін сезіндіру. Жалпы осы туралы ата-аналарға айтсақ «барымызды беріп өсірдік, ештеңеден кем болмады» деп қолдарын бір сілтеп жатады. Негізгі проблеманың өзегі ішкі күйде, бала кездегі өзіне жасалған қарым-қатынаста», – дейді Мая.

Маман емдеудің кезең-кезеңдері болады дейді. Психотерапия көмектеспейтін адамдарға емдік дәрілер тағайындалып, бақылауда болады.

«Әдетте когнитивті-мінез-құлық психотерапиясы, психодинамикалық психотерапия, мотивациялық кеңес қолданылады. Неғұрлым ауыр немесе ілеспе симптомдар мен жағдайлар (психотикалық жағдайлар, депрессия, ашулану реакциялары) дамыған кезде оларды жеңілдету үшін транквилизаторлар, седативтер және антидепрессанттарды пайдалануға болады. Жақыныңыз құмарлық шырмауына түскен болса, уәделері мен ақталуларына сенбей, маманға жүгінген жөн. Соңғы кездері құмар ойынға тәуелді адамдардың жас мөлшері жасарды, жасөспірімдер арасында ойынға тәуелділік дерті өршіп тұр. Балаңыздың смартфоннан бас алмай, артық ашқа жиі сұрайтын болса, алаңдауға негіз бар. Бәс тігудің ләззатына кірген бала ертең оны қанағат тұтпай, есірткі мен алкогольге жүгінеді. Өзіне ләззат сыйлау сезімінің арбауына тереңдеп кетпей тұрғанда адамға көмек қолын созу жеңіл болады», – деді психолог.

Статистика мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда Қазақстанда лудомания дертіне 440 мың адам шалдыққан. Құмар ойындарға патологиялық құмарлықты диагностикалау мен емдеу «Құмар ойындарға патологиялық құнығу» (2023 жылғы 13 қазанда денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссиясы бекіткен) клиникалық хаттамасына және халыққа психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына (Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-224/2020 бұйрығымен бекітілген) сәйкес жүргізіледі.

Лудомания патологиясы психика, мінез-құлық бұзылған ауруға жатады, осыған байланысты диагностикалау, емдеу және оңалту емін дәрігер психиатр жүргізеді. Еліміздің барлық облыс орталықтарында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында психикалық денсаулық орталықтарында тегін емделуге барлық тұрғынның құқығы бар. Сонымен қатар аудандық, қалалық емханаларда алғашқы психологиялық медициналық қызмет көрсететін кабинеттер жұмыс істейді.

Қаламгүл Әділова

Тегтер: