Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 14 Желтоқсан 2021

Тәуелсіздік медалін Храпунов та алды

None
None

       Қазақ елінде ең қасиетті мереке бар: ол – Тәуелсіздік мерекесі. Бірақ ол, өкінішке қарай, бүкілхалықтық мейрамға айналған жоқ.

Оны, біріншіден, сол тәуелсіздікке от берген Желтоқсан көтерілісінің күнімен қатарластырып қойып, азалы күннің қасиетін де, Тәуелсіздік күнінің сипатын да көмескілендіріп жіберсе; екіншіден, екі аптадан кейін келетін, қазақ халқының тарихына да, салт-дәстүріне де ешқандай қатысы жоқ Жаңа жыл тойының ырду-дырдуының Тәуелсіздік мейрамын басып кететінінде болар. Әрине, бұл биліктің әдейі ойластырылған шешімі екені түсінікті, шын мәнісінде Тәуелсіздік декларациясы жарияланған 25 қазан – Тәуелсіздік күніне лайық болатын.

        Қазақ елінде ең қасиетті марапат тәуелсіздікке қатысты марапат деп білемін. Алайда осы марапат отыз жыл бойы тәуелсіздікке қатысы жоқ адамдарға берілуде. Оны Тәуелсіздік мерекесіне қатысты марапаттау дейді. Меніңше, тәуелсіздікке ешқандай қатысы жоқ немесе сол тәуелсіздік үшін күрескен жандарға қарсы шыққан, оларды жазалауға қатысқан жандарға Тәуелсіздік марапатының берілуі ақылға сыймайтын ақымақтық және мемлекеттік деңгейдегі қылмыс. Әлі есімде, Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған марапат тәуелсіздік үшін жұмыс істеген «желтоқсандықтар», «азаттықтар», «социал-демократтардың» бірде-біреуіне берілмеді, бірақ Мәскеудегі мемлекеттік төңкеріс жасағандарды (ГКЧП) қолдап, Алматы қаласына төтенше жағдай енгізу туралы жарлық шығарған Храпунов мырзаға табысталды.

        Меніңше, марапатты алушының сол марапатқа нақты қатысы болуы шарт. «Берлинді алғаны үшін» медалі сол қала үшін болған шайқасқа қатыспағандарға берілмейді. Кешегі індет кезінде өздерінің өмірлерін басқа азаматтардың тірі қалуы үшін берген дәрігерлерге берілетін марапатты басқалардың алуы немесе басқаларға берілуі қылмыспен бірдей әрекет деп ойлаймын. Сондықтан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған марапат 1991 жылдың 16 желтоқсанына дейін қоғамдық-саяси өмірде жұмыс істеп, Қазақ мемлекетінің тәуелсіз ел болуына үн қосқан жандарға берілуі керек деп ойлаймын. Айтпақшы, бұл қатарға елбасы да кірмейді.

Тегтер: