Тәуелсіздікке 30 жыл

Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Биыл сол құдірет төрінде тербеліп жүргенімізге 30 жыл.
Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі.
Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.
Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күнде, 1991 жылдың 16 желтоқсан күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді
Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты… Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.
Тарих толқынында талайды бастан кешірген қазақ елі 30 жыл бұрын өз тәуелсіздігін алған тұста дұрыс таңдау жасағандығын бүгінгі таңда уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Тәуелсіздігіміздің алғашқы таңынан бастап қазіргі кезеңіне дейінгі оңды өзгерістер Елбасымыздың тікелей бастамасымен болып жатқаны аян. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келеді.
Қазақстан 30 жылдың ішінде неге жетті? Бұл сұраққа жауап беретін болсақ. Әрине 30 жылдың ішінде еліміз қол жеткізген жетістіктер өте көп. Атап айтар болсақ, 1991 жылы Қазақстан егеменді ел болды. 1991 жылдың 2 қазанында қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа сапар шекті. Дәл осы жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі атанды. Осы жылы мемлекеттік рәміздер — Әнұран, Елтаңба және Туды жасауға конкурс жарияланды. 1992 жылдың маусымында Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны туралы» заңға қол қойды.
1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының тұңғыш Ата заңы қабылданды. Осы жылы 15 қарашада ұлттық валютамыз — теңге айналымға енді. 1994 жылдың 16 ақпанында Елбасы Н.Назарбаев Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды. Сөйтіп Қазақстан өз еркімен қуатты қарудан бас тартып, ядролық қаруы жоқ ел ретінде осынау зұлматпен күрестің алғашқы баспалдағын қалады. 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданып, 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. 1996 жылы Қазақстанның араласуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылды. 1997 жылы 20 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады.
2000 жылдың 10 қазанында Астанада халықаралық экономикалық ұйым ретінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды. Аталған қоғамдастықты құру туралы келісімге Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттері қол қойды.
2010 жылы Қазақстан Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ете бастады. Осы жылдың желтоқсан айында Қазақстанда саммит өткізілді.
2011 жылы Қазақстанда алғаш рет қысқы Азия ойындары өтті. Қазақстанның намысын қорғаған спортшылар 70 медаль иеленді. Олардың 32-сі — алтын, 21-і — күміс және 18-і — қола.
2015 жылдың 27 шілдесінде Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды.
2017 жылы Қазақстанда EXPO-2017 көрмесі ұйымдастырылды. Аталған көрме 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астанада өтті. Оны тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді. Ал көрмені өткізуге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті.
Бүгінде Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтағы жауапты да құрметті әріптесі, Орталық Азияның шешуші елі.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ұлы мақсаттарға жетелейтін – «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынды. Барша қазақстандық бұл идеяны үлкен қуанышпен қабылдады.
«Мәңгілік Ел» сөзі біздің тамыры тереңде жатқан түп тарихымыздан белгілі. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік ел» деп өсиет қалдырған. Елбасымыз Тоныкөк бабамыздың өсиетін тілге тиек ете келіп: «Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де Мәңгілік ел деген құдіретті ұғымға сыйып тұр»,– деген болатын. Ұшар басында алып самұрығы қанат қаққан «Қазақ елі» монументі – бабаларымыздың «Мәңгілік ел орнату» идеясына қойылған ескерткіш белгі. Халқымыздың өткені мен болашағын жалғап тұрған, оның мәңгілік мұраты мен асыл арманы бейнеленген бұл алаң – еліміздің басты алаңы. Болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мұраттарға жетелейтін «Мәңгілік Ел» идеясының ұғымын, оның мазмұнын, мәңгілік мұраттарға қол жеткізудің құндылықтарын насихаттау, жас ұрпақтың санасына сіңіру – қазақ қоғамы үшін аса көкейкесті мәселелердің бірі.
Қазақстан 30 жылдың ішінде жоғарғы көрсеткіштерге ие болып, саяси сахнада өз биігіне жетті. Елбасының сындарлы саясатының арқасында өзге елдерді мойындатты. Президентіміз Қ.Ж.Тоқаевтың жаңа бастамалары Қазақстанға жаңа леп сыйлады. Қазір әлем сахнасында Қазақстан ұлы мемлекеттердің бірі. 30 жылда қалыптасқан Қазақстанның 30 жылдық мерейтойы мәңгілік болсын!