Тәуелсіздікті қарсы алдық Қызылжармен
Түсінген адамға Тәуелсіздіктен ұлы мереке болмау керек. Оны айтып жатудың өзі артық.
Бірақ 30 жылда қолымыз жеткен биіктен жетпегені көп сияқты. Жасағанымыздан жасамағанымыз басымдау. Ащы да болса ақиқат осы. Мәселен, Қазақстанның тәуелсіз деген атына сын, бетімізге шіркеу болатын бір дүние болса, ол – Павлодар мен Петропавл қалаларының атауы.
Отыз жылда осы екі қаланың атауын ауыстыруға шамамыз жетпеді. Қоғам тарапынан қаншама рет ашық хат жазылды, үндеу тасталды. Тіпті, ұлтшылдар мен саясаттанушылар Кеңес одағынан қалған ескі ныспының тәуелсіздігімізге қауіпті екенін, тұрақтылығымызға кедергі келтіретінін әртүрлі мысалдармен түсіндірді. Алайда оған құлақ түрген мемлекет, билік бар ма?
Теріскейдегі облыстар мен қалалардың әлі күнге дейін тоңы жібімей сіресіп, орыс тілді қауымның мысы басып тұрған бір себебі сол – Қызылжар мен Кереку атауының тұғырға қона алмауынан. Егер өңірге тарихи атауы қайтып берілсе, ұлттың рухы көтерілер еді. Ұлттың рухы көтерілсе, мемлекеттің тұрақтылығы беки түседі. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін дүние.
Алматыда отырып, теріскейдегі Павлодар мен Петропавлдың атауына ренжігеніміз қисынсыздау ма деген де ой келеді кейде. Өйткені, отыз жылда біздің парламент бір ғана заңды қазақ тілінде қабылдапты. Қазақ тіліне бұдан артық қандай мазақ керек? Ал оның қасында тіні бөтен Қызылжар мен Кереку жұртының қала атауына табандап қарсы тұруы қалыпты дүние сияқты.
Көңіл «жұбанатын» тағы бір дүние бар. Қызылжарды қала атына бере алмағанымызбен, ащысуға айғайлатып тұрып қойдық. Қазір дүкен сөрелерінде «Қызылжар» деген брендпен «тұнық су» тізіліп тұратын болыпты. Біреулер «Күндердің күні Қызылжар қаласына да жетерміз. Қазірше, арағына шүкір ете тұрайық», деп тост көтеретін көрінеді. «Ащы су» туралы әзілдің ащылығы сондай, намысыңды тіліп өтеді екен.