«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай несие кешірілсін!»

Күн санап өскен баға халықты әбден титықтатты. Дәл қазір халыққа несиені төлеудің өзі оңай тимей тұр.
Өйткені айлығы шайлығына жетпеген халық азық түліктен ауыстырып, несие төлеуге шамасы жетпей отыр. Осы орайда Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне азаматтардың берешегі өтіп кеткен 199 млрд теңгелік несиесін кешіріп, оларға рақымшылық жасауды талап етті.«199 млрд теңге – мемлекет үшін түкке тұрмайды. 30 жылдыққа орай мемлекет халықтың несиесін кешіруі керек» – деді Мәжіліс депутаты. Депутаттар бұл талапты үкімет басшысының орынбасары Әлихан Смаиыловқа бағыттап отыр.
«Қазақстан халқының банктердің алдындағы қарызы көбейіп бара жатыр. Қазіргі таңда халықтың 27 пайызы банктер борышкер, Ипотекалық несиелелер берешегі 2,7 трлн теңгеге жетіпті. Тұтынушылық мақсаттағы несиелер 5,19 трлн теңгеге жетсе, мерзімі өткен берешек 199 млрд теңгені құрап отыр. Елде заңды тұлғалардың банкроттығы туралы заң бұрыннан жұмыс істеп келеді. Бірақ жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жоқ. Біз бұған дейін де осы мәселені көтергенбіз», — деді депутат.
Шыны керек, халық қарызға белшесінен батып барады. Мерзімі өтіп кеткен несиелер де күн өткен сайын қордалануда. Ал банктер коллекторларға тапсырып, коллекторлар халыққа озбырлығын көрсетуде. Сондықтан депутаттар да банктерге коллекторлардың артына тығылмай, ашық жұмыс істеуі керектігін талап етіп отыр.
«Банктер қарақшыдан сорақы болып барады. Қарақшының өзі соңғысын тартып алмаған. Олар әлеуметтік көмек пен зейнетақыға дейін қолға салып отыр. Амалы қалмаған адам өз-өзіне қол салады», — дейді мәжілісмендер.
Осы орайда айта кетер жайт, биыл елімізде қылмыс жасағандарға рақымшылық жасалуда. Ендеше қаржылық қиындыққа тіреліп отырған азаматтарға да неге рақымшылық жасамасқа?! Тәуелсіздік сыйын қарапайым халық неге көрмеске?!