Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:12, 16 Ақпан 2025

Тәуелсіз театрлар – ережесіз ой алаңы

театр
Фото: Internews

Елімізде соңғы он жылда тәуелсіз театрлардың қарасы көбейіп, қазақ театр өнерінде тың тақырыптар мен жаңа қозғалыстар орын ала бастады.

 Әсіресе Алматы, Астана қалаларында бұл үрдіс жиі байқалып жүр. Елдегі қоғамдық-әлеуметтік түйткілді мәселелерді ашық көтеріп, жаңашыл режиссура үлгісін танытып жүрген тәуелсіз театрлар – ешқандай ережесі жоқ, еркін ой алаңы. Режиссерлер мен актерлердің ізденісіндегі жаңашыл бағыт, кейіпкердің ішкі әлеміне еніп, образдың психологиялық көңіл күйді алдыңғы планға шығаруды мақсат тұтатыны қолдауға тұрарлық. Мәселен, Алматыдағы ArtKöshe тәуелсіз театрының aLqa лабораториясын былтыр жыл аяғында Қазақстан театр сыншылары бірлестігі биыл «Жыл жобасы» деп таныған еді. Бұл – ұжымның кейінгі үш айдағы жұмысының нәтижесі. Жоба аясында байқау арқылы іріктелген 5 драматург пен 5 режиссер бірлесіп, ерекше қойылымдар ұсынған болатын. Жоба жеңімпазы Белла Қасымқызының жазған Söz спектаклі қазақ қоғамындағы көп дерттің бірін әкеп алға қойды. Біздегі «шүкіршілік», қорқыныш, үнсіздік, бейтарап көзқарас жайында жаңа бағыттағы тың жұмыс туған. Спектакльде символика басым. Хал, «Үміті» мен «Мұратын» жоғалтқан Нөл, бүлік шығарған Жан – автордың ел жағдайын жеткізудегі астарлы ойы еді. Спектакль және елдегі тәуелсіз театрлардың беталысы турасында Söz спектаклінің авторы Белла Қасымқызы мен театртанушы Зухра Исламбаевадан пікір алдық.

Белла ҚАСЫМҚЫЗЫ: «Ыңғайсыз сұрақ» қоюдан қорықпайтын театрлар керек

Менің түсінігімде театр тәуелсіздігі тек құрылтайшыларына, тапсырысқа ғана емес, тақырып таңдау, идеяны іске асыруға да қатысты. Яғни «ыңғайсыз сұрақ» қоюға қорықпайтын, эксперименттерді коммерциядан жоғары қоятын театр. (Театрдан гөрі қазір өзіме кеңістік деп атау жөн сияқты. Себебі қазіргі тәуелсіз театр сахналары 4 қабырғаны бұзып, театр туралы түсінігімізді өзгертті.) Автор цензурадан босады, ал көрермен туынды интерпретациясын жасауда тәуелсіз. Тәуелсіздік тәуелсіздік үшін емес, саналы еркіндік үшін. Яғни жаңа тақырыптарды көтеру, коммерциялық тұрғыда тұрақтылық, мемтапсырыс пен пропагандадан бас тарту тәуелсіздік кепілдігі емес. Соңғы уақытта деколонизация туралы жиі айтылады. Көптеген зерттеулер жазылып жатыр. Алайда мемлекеттік, өзін тәуелсіз санайтын театрларға барсаңыз, қырық жыл өзгермеген репертуар, я жаңа тақырып, ал нарративі сол советтік кезеңнен еш айырмашылығы жоқ. Тәуелсіз театрлардың көбеюі ең алдымен қоғамның дамуына ықпал етеді, олар мәдени трансформациялар мен әлеуметтік өзгерістердің катализаторлары сияқты. Әлеуметтік маңызы бар театр қойылымдары адамның эмпатиясын оятатыны, қоғамның диалог жасауға дайындығына үлес қосып, әлеуметтік капиталын арттыратыны дәлелденген. Театр тек ойын-сауық көзі ғана емес, мінез-құлық, құндылықты қалыптастыруға пәрменді ресурс. Тек жеке тұлға құндылығын емес, қоғам үшін өзекті, құнды мәселелерді алғы шепке шығарады, яғни қоғамдық сананы қалыптастырады. Ал енді Қазақстанда тәуелсіз театрлар көбейіп жатыр ма? Көбейіп жатыр деп айтпас едім, бірақ дәл қазіргі сәтте советтік, одан қалса авторитар билік пропагандасына тойынған біздің қоғам үшін өте қажет.

Соның ішінде ArtKoshe тәуелсіз театрының aLqa жобасы біз әңгіме құрып отырған тақырып тұрғысынан өте маңызды жоба. Есімде, іріктеу кезеңінде жоба авторы Әннәс Бағдат «Сіз үшін адам құқығы деген не?» деп сұрады. Қазіргі қоғамның тұлғаға және тұлғаның қоғамға әсері жайлы әңгімелестік. Түсінгенімше драматургия курсына қабылданған қатысушыларды осы адам құндылығы тұрғысында іріктеген сыңайлы. Драматургия курсына қатысқандардың басым бөлігі өз саласының мықты маманы, айтары бар, бірақ драматургияға баруға жүрегі дауаламай жүргендер еді. Бұл жоба білім мен сенім берді. Режиссура курсына Кубанычбек Адылов қалай іріктегенін білмедім, бірақ экспериментке ашық, батыл адамдарды іріктеді деп ойлаймын. Себебі драматургия саласына жаңа ғана кіріп келген адамның бір қарағанда «есалаң» көрінген идеясын тап сондай құлшыныспен іске асыру қарапайым адамдардың ісі емес. Осы тұрғыда шығармашылық сәтті тандем қалыптасып, өзекті тың туындылар пайда болды. Оған қоса, академиялық ортадағы салмақты, мықты эксперттер лекция оқып, біздің қоғамымыздағы проблемалар, олардың себеп-салдары туралы ғылыми сараптамасын ұсынды. Бұл – пьесаны, спектакльді құруда фокусты дұрыс қойып, тақырыпқа тереңдеуге мүмкіндік берді.

Жобада режиссер Саламат Өтешев екеуміздің Söz спектаклі жеңеді деп күтпедік. Себебі өте мықты спектакльдер көп болды. Бұл жобада түсінгенім, автор идеясы жансыз нәрсе емес. Яғни автор ойынан қағазға түскенде, пьесадан режиссерге жеткенде, одан актерлер рөлінен шығып көрермен санасына жеткенше идея мың құбылады, толығады. Менің жазған пьесамды сахналаған спектакльмен салыстырсақ, a capella мен хор сияқты. aLqa жобасына келгенде Әннәс әр автормен мазалайтын мәселесі туралы сөйлесетін. Пьесаны баяғыдан ойлап жүрдім деп өтірік айтпайын, Söz пьесасының тақырыбы сол әңгімелерден туындады. Формасын табуға көп көмек берді. Біз жоба барысында түрлі бағыт пен мектептерге тоқталдық. Шекспирді, Сэмюэл Беккет пен Чеховтың пьесаларын талқылап, әдістемелерін түсіндік. Söz пьесасында тақырып тек сөз бостандығы, я саяси жүйе туралы емес еді, адамгершілік, деколониал травма, есею, үміт пен түсінісу, кешірім мен қылмыс, адамзат жауапкершілігі... Ауқымды мәселелерді контекстіге сүңгітіп, айсбергтің бетіне шығаруға, сөйтіп идеямды жеткізуге постдраматик театр жақынырақ болды. Сіз айтқан үш кейіпкер кеше, бүгін және ертең символы болатын. Спектакль уақыт, кеңістікті жойып тастағанда осы үш кейіпкердің тоғысуынан туындайды.

Зухра ИСЛАМБАЕВА: Өткір тақырыптарға тәуелсіз театрлар ғана барып жүр

Қазіргі таңда елімізде, әсіресе үлкен мегаполистерде тәуелсіз театрлар көбейіп келеді. Атап айтқанда, «АРТиШОК» (2001), «Жас сахна» (2006) театрларынан бастап, «АИ», «Дат», «Шам», «Тотал», «Жаңа ғасыр», «Ғасыр жастары», «Жол», 28 THEATRE театрлары және «Трансформа», «Тенгри-Умай Арт» кеңістіктері – барлығы отыздан аса жеке шығармашылық ұжымдар жұмыс жасап жатыр. Әрине, олардың көркемдік бағыттары әртүрлі: бірі – еуропалық, екіншісі – эксперименттік бағытты ұстанса, тағы бірі – саяси көзқарасын ашық айта алады, енді бірі – түрлі (балет, цирк, қуыршақ, т.б.) жанрдың басын қосқан ұжым. Сол сияқты олардың әрқайсысының өз көрермені бар. Сондықтан бұлардың ешқайсысы да ұлттық театр өнерінің дамуына кері әсерін тигізбейді. Керісінше, бүгінгі көрерменнің сұранысына, таңдауына, эстетикалық көзқарасының жаңаша қалыптасуына үлкен мүмкіндік жасап отыр. Мәселен, Орал қаласындағы «Ғасыр жастары» деп аталатын жастар театрының сахнасында «Ғасырдан да ұзақ күн», «Сыған серенадасы», «Желтоқсан түні», «Дүние-ғапыл», «Қиял» («Менің атым Қожа»), «Мансапқорлар» спектакльдері қойылған. 28 THEATRE театрында «Войцек» спектаклі, «Тотал» театрының репертуарында «Я есть», «Дюймовочка», «Гуинплен. Погружение», «Рок. Кармен», т.б. қойылымдар бар. «Шам» театры ең алғаш қойылған «№37» спектаклімен Қазақстанның көптеген өңірлерінде гастрольдік сапармен барып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Демек, мұның барлығы дәл қазіргі уақыт көрерменінің рухани-эстетикалық талғамын арттырмаса, кемітпейді. Сондықтан жеке театрлар қажет деп ойлаймын.

Кеңестік кезеңде қазақ әдебиеті де, театры да қатаң идеологияның құрсауында болды. Жоғарғы жақтың пәрменімен өмір сүргендіктен, шығармашылық еркіндік болған жоқ. Содан болар, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында театрлардың басқару жағынан да, репертуарлық жағынан да дағдарып қалғанын білеміз. Дегенмен рухани дағдарыс мәселесі уақыт өте келе нақты жолға қойылып, өнер ошақтары ұлтқа қызмет ете бастады, сахналық шешімдер ұлттық нақышта өріле бастады. Шығармашылыққа еркіндік келді, сол еркіндікпен бірге тәуелсіз театрлар қалыптаса бастады. Жалпы айтқанда, мұндай ұжымдар тәуелсіз жобалармен жұмыс жасайды. Яғни олар ешкімге тәуелді емес. Репертуарлық саясатқа өзіндік көзқарастары бар, қаражатты да өздері табады. Қаражат табу үшін тереңнен ізденеді, мағыналы шығармаларды таңдайды, көркемдік сапасы жоғары қойылымдар сахналайды, түрлі эксперименттерге барады. Сол жағынан алғанда бұл театрлардың еліміздің мәдени ортасында алатын орны ерекше. Саяси, қоғамдық-азаматтық мәселелерді сахнадан көрсету маңызды деп ойлаймын. Ал ұлттық құндылыққа, ұлттық болмысқа келетін болсақ, қандай дүниені қалай көрсетсе де театрлар ұлттық бояудан ажырамайды. Тіпті қазақ театрларында режиссерлер аударма шығарманың өзінен бүгінгі күннің үнімен, ұлттық құндылықтармен сабақтастықты іздеп отырады. Сол сияқты тәуелсіз театрлар қойып жатқан шығармалар ұлттық болмыстан айыру үшін емес, керісінше, сол ұлттық құндылықтарды сақтап қалу мақсатында жұмыс жасап жатыр деп айта аламын. Мәселен, ArtKöshe тәуелсіз театрының репертуарындағы SÖZ спектаклінде адами емес, керісінше, материалдық құндылықтардың алға шығуы айтылады, сөзге тоқтаған қазақ үшін аса маңызды саналатын сөздің құдіреті жойылып, мылқау күйге түскен адам мен қоғамның келбеті ашылады.

Осы орайда тәуелсіз театрлар арада көп уақыт өтпей қайта жабылып қалатыны бар. Мұның себебі біріншіден – сол жеке театрлардың өздерінің ғимараттарының жоқтығында, екіншіден – кәсіби режиссерлер мен актерлердің, жалпы спектакльді жасаушы мамандардың жетіспеуінде. Мұндай тәуелсіз театрлар режиссерлерді, суретшілер мен актерлерді сырттан шақырады немесе коллаборация жасайды. Ал бұл дегеніміз – қомақты қаражатты талап етеді деген сөз. Мәселен, 2005 жылдары талантты әрі тәжірибелі режиссер Болат Атабаев құрған «Ақсарай» театры өнер академиясын актерлік мамандық бойынша тәмамдаған жастардан құралған болатын. Алайда дарынды артистері, репертуарында «Қыз Жібек», «Көшкін» тәрізді көркемдік мәні мен деңгейі жоғары қойылымдар болғанымен, ғимарат пен қаражаттың болмауынан көп ұзамай жабылып қалды.

Дайындаған Ақгүлім Ерболқызы

Тегтер: