Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 18:10

Тауға дайындық: қауіпсіз саяхаттаудың 7 ережесі

Тау
Фото: Шымбұлақ

 Шымбұлақ тау курорты қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып, таудағы қауіпсіздікті арттыруға арналған пайдалы мәлімет дайындады. 

Бір күндік серуеннің өзі мұқият дайындықты қажет етеді. Егер алғаш рет тауға шыққалы жатсаңыз немесе қауіпсіздікті басты орынға қойғыңыз келсе, жаяу саяхатқа арналған 7 маңызды кеңеспен танысыңыз.

Бұл материал сізге бағыт таңдаудан бастап, ауа райын ескеру, дұрыс киім мен рюкзак жинау, төтенше жағдайға дайын болу сияқты ең маңызды ережелерді түсіндіреді. Саяхат – ләззат көзі, бірақ тек қауіпсіздік сақталған жағдайда ғана. Осы ақпаратты жақындарыңызбен бөлісуді ұмытпаңыз – себебі аталған мәліметтер біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Бағытты алдын ала зертте

Жолға шықпас бұрын жорық бағыты жайлы толық ақпарат жинау керек: қанша шақырым жүресіз, биіктік айырмашылығы қандай, су көздері қай жерде орналасқан және қалаға қайтып оралуға қанша уақыт кетеді. Тек біреудің айтқанына сеніп қалмай, картаны мұқият зерттеңіз. Wikiloc, maps.me, Osmand, Outdooractive секілді арнайы қосымшалардан дайын тректерді қарап алыңыз.

Алғашқы сапарларыңыз үшін қысқа әрі оңай бағыттарды таңдаған жөн. Мысалы, Алматы маңындағы Бұтақты сарқырамасына немесе Қимасар шатқалындағы әткеншекке баратын бағыт – жаңадан бастап жатқандар үшін таптырмас нұсқа.

Ауа райын тексеріңіз

Тауда ауа райы жылдам өзгереді. Қалада күн ашық әрі жылы болса да, биікке шыққанда жауын жауып, салқын болуы әбден мүмкін. Сондықтан RP5, Windy немесе Snow-Forecast секілді сенімді ресурстардан нақты болжамды қарап алыңыз. Жаңбыр, жел немесе найзағай болжанса, саяхатты кейінге қалдырыңыз. Тіпті, болмашы жаңбырдың өзі тауда қауіп төндіруі мүмкін.

Дұрыс киім – қауіпсіздіктің негізі

Мақта футболка немесе жүн жемпір  кияю қажет емес. Киімді қабаттап киген жөн:

  • Базалық қабат – термокиім немесе синтетикалық футболка;
  • Жылы қабат – флиска немесе жеңіл күрте (жазда да қажет);
  • Сыртқы қабат – су өткізбейтін немесе желден қорғайтын күрте.

Аяқ киім ерекше маңызды: ол тайғанақ соқпақтар мен тастарда сырғып кетпеуі керек, ал табан жақсы қорғалғаны жөн. Сонымен қатар күннен қорғайтын бас киім, жауынға қарсы киім, қосымша шұлық пен бафф – рюкзакта міндетті түрде болуы тиіс.

Рюкзакқа не салу керек?

Бір күндік саяхатқа шықсаңыз да, өзіңізбен бірге мына заттарды алыңыз:

  • Кемінде 1,5 литр су;
  • Қуат беретін жеңіл тағам (бутерброд, жаңғақ, энергетикалық батончик);
  • Дәрі қобдишасы (бинт, жараға арналған сұйықтық, жеке дәрілер, пластырь, қолғап, қайшы);
  • Маңдай шам (кешігіп қалсаңыз, өте қажет болады);
  • Телефон, power bank, офлайн карта немесе қағаз түріндегі нұсқасы;
  • Жылы киім (жеңіл күрте);
  • Бафф – әмбебап көмекші: күннен, суықтан, желден қорғайды;
  • Қоқыс пакеті – өзіңмен алып келген заттарды өзіңмен алып қайту үшін;
  • Пышақ, ысқырық, тұтандырғыш, 3–5 метрлік жіп, құтқару көрпесі – төтенше жағдайларға дайын болу үшін;
  • Треккинг таяқтары – тізеге түсетін күшті азайтады;
  • Қолғап – жазда да жел мен суықтан қорғай алады.

Қайда баратыныңызды міндетті түрде айтыңыз

Жақындарыңызға қайда бара жатқаныңызды және қашан қайтып келетіндігіңізді ескертіңіз. Мүмкін болса, геолокацияңызды бөлісіңіз. Бұл – сіздің қауіпсіздігіңіз үшін өте маңызды. Саяхат барысында бағытты өз бетінше өзгертпеңіз – бұл адасу қаупін арттырады.

Топпен шыққан қауіпсіз

Жаңадан бастағандар үшін жалғыз саяхат қауіпті. Ең дұрысы – екі адам болып немесе шағын топпен шығу. Бұл бағдарлауда, жүктемені бөлуде және қажет болған жағдайда көмек көрсетуде пайдалы. Жарақат алған жағдайда, сізге көмектесетін адам қасыңызда болса, ол уақытты үнемдеуге көмектеседі.

Қайтып келуге қорықпаңыз

Таудағы басты қағида – егер бірнәрсе күмән туғызса, қайтып келіңіз. Шаршадыңыз ба, жаңбыр басталды ма, әлде өзіңізді жайсыз сезіндіңіз бе – тоқтаңыз. Тау ешқайда қашпайды. Келесі жолы сіз қайта барасыз, бірақ бұл жолы денсаулыңыз бен қауіпсіздігіңізді бірінші орынға қойыңыз. Ал ішкі даусыңыз «қайт» деп жатса, тыңдаңыз.

Саяхат – бұл өзін-өзі тану, шыдамдылық пен еркіндік сезімі. Бірақ ол тек дұрыс дайындалған кезде ғана нағыз ләззат сыйлайды. Табиғатты жақсы көрсеңіз, оған құрметпен қараңыз, өзіңізге де, өзгелерге де қауіп төндірмеңіз.

Тегтер: