«Тауларды аласартпай, даланы асқақтатпайық...»
Сонымен, өткен аптада қазақ журналистикасының «қызыл жебесі» Шерхан Мұртазаның тоқсан жылдық торқалы тойы дүркіреп өтті.
«Той десе, қу бас домалайды». Қазақстанның барлық аймағынан қонақтар келді. Алдымен, Шерағаңа арналған еңселі ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі болды. Тас мүсін Тараз инновациялық институтының алдына қойылыпты. Өйткені, бұдан былай бұл оқу орны Шерхан Мұртазаның есімімен аталады. Шындық шырақшысы өз тұғырына қонғаннан кейін, тойға келген қауым Жуалы ауданына қарай атқа қонды.
Жуалының Талапты ауылы – Шерхан Мұртазаның кіндік қаны тамған туған топырағы. Ауылда Шерағаң тұрған үй бар екен. 2005 жылы Шерағаң парламенттен кеткеннен кейін кәсіпкер жігіттер осы еңселі баспананы тұрғызып беріпті. Үш қабатты сәулетті үй. Бұдан бұлай «Шерханның мемориалдық үйі» болып аталады. Тұсауы кесілді. Үйдің ішінде жазушының 5 мыңға жуық кітаптары қойылыпты. Жұмыс кабинеті, өзі басшылық еткен жылдары жарық көрген газеттердің тігіндісі тұр. Бөлмелері шағын болғанымен, ұқыпты, қыздың жиған жүгіндей, ретті.
Одан ары той көркі театрландырылған көріністермен жалғасты. Жергілікті өнерпаздар тойға арнап концерт берді. Ақындар мүшәйрасы мен эссе жанры бойынша өткізілген байқаудың қорытындысы шығарылып, жүлдегерлер марапатталды. Айтпақшы, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музейінде жазушы, журналист, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның тұлғалық, қаламгерлік, азаматтық болмысына арналған ғылыми конференция өткенін айта кетейік.
Мұның бәрі қазақ деп туған, қазақ руханияты үшін қылтқысыз қызмет қылған, тәуелсіз Қазақстанның егемендігі жолында аянбаған асыл азамат – Шерхан Мұртазаның тоқсан жылдық тойындағы іс-шаралар.
Ал биыл Қазақстанда Шерағаңның тойынан бөлек, тағы бірнеше мемлекеттік, халықаралық тойлар аталып өтті. Мысалы, Торғай топырағында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық тойы халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО аясында аталды. Ал Шерағаңның тойы бір облыс көлемінде ғана жасалды. Бірақ екеуін салыстыру ұят. Шерағаңның тойы – ЮНЕСКО аясында өткен Ахаңа жасалған құрметтен артық болмаса, кем болған жоқ. Неге? Мұнда қандай сыр бар? Тұлғаларды бірінен-бірін төмендетіп, салыстырып отырған жоқпыз.
Бұл арада оңтүстік өңірдегі той өткізу салтанатының ерекше болатынын мойындауға тура келеді. Күнгейдегі ағайынның ауызбіршілігі сақталған, қазақылығы басым. Осының бәрі мейлі той, мейлі басқа іс-шараларда болсын, көрініп тұрады. Әйтпесе, Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық тойын апталап, айлап өткізсек те артық етпес еді. Бір жыл бұрын күллі қазаққа сауын айтып, Ахмет Байтұрсынұлының алфавитін қолданатын шетелдегі қазақтарды да тойға шақырып, Торғай даласын 100 жылда бір рет болатындай аңызға бергісіз дүбірлі салтанатқа бөлеп, бөгенайы бөлек той жасағанға не кедергі? Онсыз да ЮНЕСКО деңгейінде қыруар қаржы бөлінді.
Өткенде Астанадан шығып Түркістанға тоқтаған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін Алаш арысының құрметіне арнаса, жарасып-ақ кетер еді. Бағытын тұтас түркінің рухани ордасы Түркістан қаласынан Торғайға дейін жіберіп, Ахаңның туған ауылынан күтіп алса, одан артық қандай салтанат болсын?!
Қазақ күресінен өтіп тұратын «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» сияқты алыптардың айқасын Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арнап, шетелден палуан шақырып насихаттаса, салтанат бөлек болар еді. Жыл сайын еш себепсіз өткізетін ақындар айтысын Ахаңа арнап халықаралық деңгейде өткізсек, Жүрсін Ерман қарсы болар ма еді?
Бір жағынан, мұндай шараның той өткен өңірге де пайдасы көп. Жол жөнделеді. Ауыл, аудан реттеледі. Жергілікті бюджеттің бүйірі бұлтиып, асып қалған қаржы қажетті басқа салаларға бағыттауға болады. Ахмет Байтұрсынұлын ұмыта бастаған жұрттың санасына сәуле түседі. Алаш арыстарының еңбегін жарты әлем түсініп, Қазақ мемлекетіне қырын қарап жүрген кейбір көршілер тақыр жерден тау тұрмағанын ұғар еді. Бір Ахаңның тойы арқылы руханияттың қазанын толтырып қана қоймас едік. Осы арқылы саяси ұпай да жинауға таптырмас орай болар еді. Өйткені, Ахмет десек, оның артында күллі Алаш қайраткерлері тұр. Алаш десек, Қазақстанның тәуелсіздігі отыз жылдан ары тереңдеп, шекарасын кім бекітіп, тәуелсіздігін кімдердің жариялағаны айтылар еді. Ахмет – көптің бірі емес. Тым болмаса, мына дүбәра қаракөздер соны түсінер еді ғой.
Ахмет тойының жетім қыздың тойындай болуының бір себебі – солтүстіктегі ағайынның бойкүйездігіне де байланысты болуы мүмкін. Тойды үкімет, содан кейін құзырлы министрліктер мойнына алғанымен, бәрібір жаны ашитын жақындары торғайлықтар болуы керек. Біреу күйініп, біреу сүйініп тұрмаса, қазір ешкімнің жаны ашымайды. Рушылдықтың жаман індет екенін бәріміз білеміз. Бірақ той-жиындарда рудан артық жақын жоқ екенін мойындауға тура келеді. Мысалы, Шерағаңның Талаптыдағы тойын жақын туыстары, руластары көтеріп алыпты. Бірнеше киіз үй тігіп, дастарқан мәзірін мойнына алғандар – Шерағаңның ет жақын руластары, яғни Дулаттың Шымыр атасынан тарайтын кішкентай ғана бір атаның баласы. Саны аз болғанымен, ынтымағы мен берекесінің арқасында, қаламгердің тойын дүркіретіп тұрып өткізді…
Биыл Ахмет Байтұрсынұлы мен Шерхан Мұртазаның ғана мерейтойы емес. 2022 – қазақ руханияты үшін жұлдызды жыл. Өйткені, қазақтың соңғы ханы Кенесары мен атақты жырау Дулат Бабатайұлының туғанына 220 жыл толып отыр. Мұхтар Әуезовке – 125, ән патшасы Әсетке – 155, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин, Ғани Мұратбаевтардың 120 жылдықтары қатар түсті. Ғани Мұратбаев «Жас Алаштың» алғашқы редакторы екенін айта кетейік. Д.Қонаевтың 110 жылдығы аталды ма, атаусыз қалды ма? Ол жағы түсініксіз. Соғыс батырлары Талғат Бигелдин, Роза Бағланова, Әзілхан Нұршайықов, Мәншүк Мәметованың туғанына биыл – 100 жыл.
Сонымен бірге, Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне, Қазақстанның БҰҰ құрамына кіргеніне және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл сияқты мемлекеттік даталар да қатар келді. Әрине, мұның бәрін тойлау керек, шашылып-шабылу керек деп отырған жоқпыз. Бірақ мүлде атаусыз қалдырмау қажет еді. Осындай немкетерлігімізбен ұрпаққа – Отаныңды сүй, ұлтыңды жақсы көр деп қалай айтамыз?
Мүмкін, бұдан былай мемлекет мұндай мерейтойлар мен мемлекеттік мейрамдарды атап өтудің бірегей тәртібін жасауы керек шығар? Өйткені, Ұлт ұстазының тойы көп тойдың біріндей, соншалықты жұпыны өтуге тиіс емес еді. Ал қазақтың басқа тұлғаларының мерейтойлары Ахаңдардың тойының тасасында қалып қоймауы керек! Тарихта әркімнің өз орны бар. Біреуді біреуден биіктетіп, біреуді біреуден аласарту арқылы ұпай жинап отырған жоқпыз. Біздің ой — тұлғалардың тойы бір деңгейде, бірегей тәртіппен аталса деген ізгі ниет қана. Бүйте берсек, тұлғаларды бөлісіп алып, қайраткерлердің тойын өткізуді рулар арасындағы бәсекеге айналдырып алуымыз бек мүмкін. Ұлттық деңгейге көтеріле алмай жүрген қазаққа ауыр соққы, бұл.