Таулы Қарабақтан Арменияға ауған босқындар саны 85 мыңға жетті

Әлемдік қауымдастық мойындамаған Таулы Қарабақ республикасынан Арменияға 84 770 адам келді.
Бұл туралы Армения прмьерінің баспасөз хатшысы Назели Багдасарян хабарлады. Бұл өңірде 120 мыңнан астам адам тұрады.
Сentralasian.org хабарлағандай, Таулы Қарабақ билігі Әзербайжан талаптарына көніп, қарсылық көрсетуді доғарған соң, аймақтағы этникалық армяндар бұл жерден кетіп жатыр.
28 қыркүйекте ТҚР басшысы Самвел Шахраманян мойындалмаған республиканы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жойып, мемлекеттік мекемелердің бәрін тарату туралы жарлыққа қол қойды.
Босқындарды Армения мен Таулы Қарабақ арасын жалғайтын Лаин дәлізіне жақын Корнидзор ауылында қарсы алып жатыр. Гуманитарлық орталық осы жерде орналасқан.
Сарапшылар аймақ толығымен Баку бақылауына өткен соң, этникалық армяндардың бәрі дерлік (120 мыңнан астам адам) осы өңірден кетеді деп болжайды. Әзербайжан жағы болса Таулы Қарабақтың армян тұрғындарын «осында қалып, көпұлтты Әзербайжанның бір бөлігі болуға» шақырған.
Армения мен Әзербайжанның Таулы Қарабаққа таласы 1980-жылдардың аяғында басталған. Негізінен этникалық армяндар тұратын Таулы Қарабақ автономиялы облысының тұрғындары Әзербайжан ССР құрамынан шығып, 1991 жылғы қыркүйекте «Таулы Қарабақ республикасы» құрылғанын жариялаған.
1988–1994 жылдары жікшіл өңірдегі соғыста 30 мың адам қаза болды. Таулы Қарабақ пен Әзербайжанның соған шектесетін бірнеше ауданы Армения бақылауына өткен. Содан кейін жүздеген мың адам, негізінен этникалық әзербайжандық босып кетуге мәжбүр болған.
«Таулы Қарабақ республикасын» БҰҰ-ға мүше ешбір ел, соның ішінде Армения да мойындамады.
2023 жылғы 19 қыркүйекте Әзербайжан Қарабақ аудандарында «терроризмге қарсы операция» бастап, аймақ билігі жеңілгенін мойындады.