Таяу Шығыс елдерінен 3,3 мыңнан астам қазақстандық эвакуацияланды – СІМ
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы шиеленіс аймағынан қазақстандықтарды эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, эвакуация басталғалы бері Таяу Шығыс елдерінен 12 әуе рейсі орындалып, олардың көмегімен 3,3 мыңнан астам қазақстандық елге қайтарылған.
Әуе рейстерімен қатар, азаматтарды құрлық жолы арқылы да шығару ұйымдастырылып жатыр. СІМ дерегінше, 6 наурыз, жұма күні «Заркух» компаниясының қызметкерлері саналатын жеті Қазақстан азаматын Иран–Армения шекарасына жеткізу жоспарланған.
Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы қазақстандық дипломаттар «Заркух» компаниясының Иранда қалған 34 қызметкерін автобуспен Иран–Армения шекарасынан өткізуге көмектескен.
«Жалпы Ираннан 52 Қазақстан азаматы елге қайтарылды», – деп нақтылады министрлік.
Аймақтағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерде жұмысты үйлестіріп, эвакуация толық аяқталғанға дейін өңірдегі қазақстандықтармен тұрақты байланыс ұстап отыр.
Бұған дейін СІМ мына елдерде Қазақстан азаматтары бар екенін хабарлаған:
БАӘ-де – 3,5 мың адам,
Сауд Арабиясында – шамамен 3 мың,
Қатарда – 1,5 мыңға жуық,
Иранда – 82,
Бахрейнде – 168,
Кувейт пен Иорданияда – әрқайсында 134 азамат,
Израильде – шамамен 100 қазақстандық.