Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға 27 әуе рейсімен азаматтар жеткізілді
Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, сондай-ақ отандық және шетелдік әуе компанияларымен бірлесіп, Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, 7 наурыздағы жағдай бойынша өңірдегі шиеленіс басталғалы бері Қазақстанға 27 әуе рейсі орындалып, 4 659 жолаушы елге жеткізілген.
2026 жылғы 5-6 наурыз күндері төрт әуе компаниясы 15 рейс орындап, 2 549 жолаушыны эвакуациялады.
Атап айтқанда:
Air Astana әуе компаниясы Жидда – Атырау – Алматы бағыты бойынша үш рейс орындады;
SCAT әуе компаниясы Маскат – Алматы бағыты бойынша бір рейс жүзеге асырды;
FlyDubai әуе компаниясы Дубай – Алматы бағыты бойынша бес рейс және Дубай – Астана бағыты бойынша екі рейс орындады;
Air Arabia әуе компаниясы Шарджа – Алматы бағыты бойынша төрт рейс атқарды.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, өңірдегі жағдайды ескере отырып, Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі әуе рейстерінен бөлек, азаматтарды құрлық арқылы да эвакуациялау ұйымдастырылып жатқанын мәлімдеген болатын.
Атап айтқанда, 6 наурыз күні Қазақстанның шетелдегі мекемелері «Заркух» компаниясының жеті қызметкерін Иран–Армения шекарасына жеткізуді ұйымдастырды.