Таяу шығыстағы 15 айдан кейінгі ашық аспан
Жексенбі күні, Таяу Шығыстағы 15 айға созылған соғыс бітіп, атысты тоқтату туралы шешім күшіне енді. ХАМАС-тың Израильге басып кіруі тым қымбатқа түсті.
Қаржы жағын айтпағанда, Газа секторының көп бөлігі жермен жексен болды. Қаза болған адамдар ғұмыры қиылып, тұтқынға түскендердің өмірі тұтас өзгерді.
The Times of Israel басылымының хабарлауынша, Израиль Газа секторында жергілікті уақыт бойынша сағат 11:15-те атысты тоқтатқан. Бұл Израиль жағына ХАМАС-тан келісім аясында босатылатын тұтқындардың тізімі түскеннен кейін хабарланды.
Бұған дейін атысты тоқтату жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 8:30-да күшіне енуі керек болған. Бірақ палестиналықтар босатылатын тұтқындардың тізімін бермегендіктен Израиль атысты тоқтатпайтынын айтқан.
«Премьер-министр босатылуы тиіс адамдардың тізімінің кешігуіне байланысты қауіпсіздік кеңесін өткізді. Ол Израиль әскеріне ХАМАС уәде еткен тізімді алғанша атысты тоқтатпауды тапсырды» деп жазылған Израиль премьер-министрі кеңсесі таратқан мәліметте. ХАМАС өкілдері келісім шарттарын орындайтынын және тізім техникалық себептен кешігіп жатқанын айтқан.
Израиль мен ХАМАС арасында келісім бірнеше кезеңнен тұрады. 42 күнге созылатын бірінші кезеңде палестиналық топ 33 адамды босатуы керек. Ал Израиль Газа секторынан әскерін шығара бастауы тиіс. Ақпаратқа қарағанда, ХАМАС тобы тек 30 израильдіктің аты-жөнін берген. Израиль 1890 палестиналық тұтқынды босатады.
Атысты тоқтату келісімі аясында 90 палестиналық тұтқын үш израильдік кепілге айырбас ретінде босатылды. Олар елдегі түрлі түрмелерден Иерусалимге жақын орналасқан Офер түрмесіне ауыстырылған. Офер түрмесінде бостандыққа шығар алдында қауіпсіздік және жеке басын тексеру, сондай-ақ медициналық тексеруден өткен.
Ynet сайтының хабарлауынша, тізімдегі тұтқындардың көпшілігі әйел, ал тұтқындалған кезде 18 жасқа толмаған тізімдегі бір ғана тұтқын адам өлтіргені үшін сотталған.
«Қызыл Крест» автобустары 78 тұтқынды бостандыққа шығар алдында Батыс жағалаудағы Битунья өткеліне жеткізді, ал Израиль полициясы 12 тұтқынның Шығыс Иерусалимге жеткізілуін қадағалауы керек болатын.
Бұған дейін израильдік БАҚ израильдік шенеунікке сілтеме жасап, «Қызыл Крест» палестиналық тұтқындарды тасымалдауда қиындықтар туғызып жатқанын хабарлаған. «Қызыл Крест» палестиналық тұтқындарды беруді түсініксіз түрде тоқтатып, кешіктіріп жатыр. Олар тізімде сәйкессіздіктер бар деп мәлімдеп, Израильді келісілген мерзімге сай келмейтіндей көрсеткісі келетін сияқты» деген.
Азат етілген палестиналықтар мінген автобусты Батыс жағалаудағы Битунья қаласының тұрғындары қуанышпен, отшашумен қарсы алды. Бұрынғы тұтқындар отбасыларымен қауышты.
ХАМАС тобы кепілге алған Израильдің үш азаматы босатылып, еліне оралды. Бұл туралы 19 қаңтар кешке Израиль қорғаныс армиясы мен елдің қауіпсіздік қызметі хабарлаған. Кепілдегі адамдар Газа секторындағы атысты уақытша тоқтату туралы келісім аясында босатылды.
Кепілден босатылған әйел адамдар – Роми Гонен, Эмили Дамари мен Дорон Штайнбрехер. Израиль жұрты бір жылдан астам уақыт бойы ХАМАС тұтқынында болған ел азаматтарын қарсы алуға көшеге шықты.
АҚШ президенті Джо Байден Израильдің үш азаматы кепілден босады деген хабардан соң атысты тоқтату, кепілдегі адамдарды босату және Газаға гуманитарлық көмек көрсету туралы қол жеткен келісім бойынша арнайы мәлімдеме жасаған.
Тұтқындарды босатудың бірінші кезеңі өтті. Алдағы бір жарым ай шамасында тағы бірнеше мәрте тұтқындарды босату шаралары жүргізіледі. Бірақ ол үшін татулық бұзылмауы керек. Израиль 33 азаматын қайтармағанша, 1900 палестиналықты түгел босатпайды.
Бұл соғыс кезінде 46 900 палестиналық қайтыс болған. 2,3 миллион Газа секторының тұрғыны босып кетті. Израильдің қорғаныс министрлігі Газа секторындағы әскерін алып шығуы керек. Буферлік зона жасалып, бұл аймақтың тыныштығын қорғайтын арнайы әскер де болады.
Израильдің Газа секторындағы палестиналық ХАМАС тобымен бітімге келгеніне наразылық ретінде Израильдің үш министрі отставкаға кетті. Бұл туралы The Times of Israel басылымы үшеуі де өкілдері болып саналатын әсіре оңшыл «Оцма Йехудит» («Еврей күші») партиясының мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
Хабарламаға сәйкес, «Оцма Йехудит» жетекшісі және Израильдің Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир ХАМАС-пен келісімді «терроризмнің толық жеңісі» деп атап, премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды «барлық идеологиялық қызыл сызықтарды кесіп өтті» деп айыптады. Бен-Гвир сондай-ақ мұндай келісім «болашақта кепілге алуға жағдай туғызатынын» айтты.
Бен-Гвирдің партияластары, мұрагерлік ісі бойынша министр Амихай Элияху, Ұлттық тұрақтылық министрі Ицхак Вассерлауф та отставкаға кетті. Сонымен қатар «Оцма Йехудиттік» партиясы басқарушы коалициядан шығатынын мәлімдеді.
Атысты тоқтатуды Израиль үкіметінің тағы бір мүшесі, қаржы министрі және «Діни сионизм» партиясының жетекшісі Бецалель Смотрич сынға алды. Дегенмен Нетаньяху мен Бен-Гвирмен кездесуінен кейін Смотрич үкіметтен әзірге кетпеуге уәде бергені, бірақ үкімет атысты тоқтатудың бірінші кезеңінен екінші кезеңге өтуге шешім қабылдаса, коалициядан шығамын деген. Бецалель Смотричтің кетуі елде мерзімінен бұрын сайлауға әкелуі мүмкін екені де айтылып жатыр.
Осы уақытқа дейін Нетаньяхудың аяусыз басып-жаншыған әрекетіне көптеген мұсылман мемлекеттері наразы болды. Режеп Тайып Ердоған оның адресіне бірнеше рет ауыр сөздер айтып, соғысты тоқтатуын талап еткен. Енді бір емес, үш бірдей министрі қызметін өз еркімен соғыс тоқтағаны үшін тастап кетіп барады. Соған қарағанда, Нетаньяхудан да қатты, кешірімді білмейтін Израиль билігінде адам бар екенін біліп, шошып қаласың.
Мұсылмандар мен еврейлердің арасында атам заманнан келе жатқан алауыздық бар. Өшпенділік те бар шығар. Бірақ уақыт өзгеріп, қиын кезеңде тұрғанда адам баласы кешірімді болса дейсің. Біз соғысты көрген жоқпыз. Өшпенділіктің де не екенін білгіміз келмейді.
Қасым Арықбай