Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:52

Таяу Шығыстағы қақтығыс: Иран елшісі Қазақстанға қауіп жоқ екенін айтты

Қазақстан Иран
Фото: gov.kz

Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар аясында Қазақстан мен Орталық Азия үшін қандай да бір қауіп бар ма деген сұраққа Иранның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукар жауап берді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан үшін ешқандай қауіп жоқ. 

Баспасөз мәслихаты кезінде журналистер дипломаттан соғыс Қазақстан шекарасына дейін таралуы мүмкін бе деген сауал қойған.

«Қазақстан үшін ешқандай қауіп жоқ. Тек болашақта, егер Иранда елеулі тұрақсыздық немесе жаппай тәртіпсіздіктер орын алса, Орталық Азия өңірі үшін белгілі бір қатер туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда Таяу Шығыстан экстремистік немесе террористік топтардың ену қаупі пайда болуы ықтимал», – деді Джоукар.

Елші қазіргі уақытта мұндай қауіптің байқалмай отырғанын атап өтті.

«Құдайға шүкір, әзірге Иран билігі өз орнында тұрғанда Қазақстан мен Орталық Азия үшін ешқандай қауіп жоқ», – деді ол.

Сондай-ақ журналистер дипломаттан Каспий теңізіндегі кеме қатынасының қауіпсіздігі және Иран тарапынан оны қорғау үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы да сұрады.

Әли Акбар Джоукардың айтуынша, Каспий теңізіндегі қауіпсіздікті ең алдымен жағалауда орналасқан мемлекеттердің өздері қамтамасыз етуі тиіс.

АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылы

Еске сала кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастағанын мәлімдеді. Тель-Авив бұл операцияның мақсаты Тегеранның ядролық қару жасауына жол бермеу екенін айтты. Ал Вашингтон Иран флотын және қорғаныс өнеркәсібін жоюы мүмкін екенін ескертіп, ел тұрғындарын билікті құлатуға шақырды.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдары салдарынан кемінде 1800-ден астам адам қаза тапқан. Құрбандардың арасында Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы Әли Хаменеи де бар.

9 наурыз күні Сарапшылар кеңесі Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы ретінде Әли Хаменеиінің ұлы Моджтаба Хаменеи сайланғанын жариялады.