Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:45

Таяу Шығыстағы қақтығыс теңге бағамы мен мұнайға қалай әсер етеді

Мұнай
Фото: Максим Шеметов / Reuters

Таяу Шығыстағы әскери қақтығыс Қазақстанның логистикасына айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін. Алайда мұнай бағасының құбылуы ұлттық валютаның бағамына ықпал етуі ықтимал. Бұл туралы Мәжілісте өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның негізгі логистикалық бағыттары Ресей мен Украина арасындағы ұзаққа созылған соғысқа байланысты геосаяси тәуекелдерге әлдеқашан бейімделген.

«Парсы шығанағына қатысты айтсақ, бұл бағыттағы логистика біз үшін негізгі бағыттардың бірі болған емес. Біз Парсы шығанағы порттарын өте сирек пайдаландық. Жүк жөнелту жағдайлары болған, бірақ олар айқындаушы рөл атқарған жоқ», – деді Жұманғарин.

Вице-премьердің сөзінше, бұл өңір арқылы өтетін бағыттар инфрақұрылымның әлсіздігі мен бірнеше мемлекет арқылы транзит жасау қажеттілігіне байланысты күрделі болып қала береді.

Сонымен бірге ол Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі Қазақстан экономикасына мұнай бағасы арқылы әсер етуі мүмкін екенін айтты.

«Мұнай бағасының құбылуы, әрине, валюта бағамына әсер етеді. Бағам айырмашылығы пайда болады. Сондықтан бағамның құбылмалылығы жақсы емес. Бұл – Ұлттық банкпен бірге қарастырып отырған мәселе», – деді Жұманғарин.

Оның айтуынша, экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін елге ең алдымен валюта бағамының тұрақтылығы қажет.

Тегтер: