Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:31

Таяу Шығыстағы соғыс: 1 800-ден астам адам қаза тапты

Иран
Фото: Atta Kenare/AFP/Getty Images

Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстың ушығуына байланысты Иран, Ливан және Израильде 1 800-ден астам адам қаза тапты.

Тағы кемінде 12,5 мың адам жараланған. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДCҰ) басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус мәлімдеді.

Оның айтуынша, кейінгі он күн ішінде Иранда 1300-ден астам адам көз жұмып, 9 мыңға жуық адам жараланған. Ливанда кемінде 570 адам қаза тауып, 1400-ден астам адам жарақат алған. Ал Израильде 15 адам қаза тауып, 2142 адам жараланған.

ДДCҰ басшысы аймақта медициналық нысандарға жасалған шабуылдардың көбейгенін де атап өтті. Ұйымның дерегінше, 28 ақпаннан бері Иранда – 18, Ливанда – 25, Израильде – 2 медициналық мекеме шабуылға ұшыраған.

Тедрос Гебрейесустың сөзінше, мұндай шабуылдар тек адам өмірін қиюмен шектелмей, сонымен қатар халықты аса қажет медициналық көмектен айырады.

Еске салсақ, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған. Соққылар Тегеранды қоса алғанда бірқатар ірі қалаларға бағытталған. Ақ үй бұл әрекетін Ираннан шығуы мүмкін зымыран және ядролық қауіппен түсіндірді.

Өз кезегінде Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы жауап ретінде Израиль аумағындағы нысандарға соққы жасағанын мәлімдеді. Сонымен қатар Бахрейн, Иордания, Катар, Кувейт, БАӘ және Сауд Арабиясындағы АҚШ базалары да шабуылға ұшыраған.