Таяу Шығыстағы соғыс: Мұнайдың қымбаттауы Қазақстанға қанша табыс әкелді
Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстанға қандай пайда әкелді? Бұл сұрақ Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовке қойылған.
Вице-министр бұл жағдайдан оң әсер бар екенін мойындады, алайда нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты.
"Әдетте келісімшарттар спот-нарықта емес, ұзақ мерзімге жасалады. Сондықтан мұнай бағасының күрт өсуі бірден табысқа әсер етпейді. Ұлттық банк басшылығының пікірімен келісемін — оң әсер болады. Бірақ әлемдік тәжірибеге сүйенсек, оның нәтижесі шамамен жарты жылдан кейін көрінеді", - деді Санжар Жаркешов.
Мұнай бағасына болжам жоқ
Сондай-ақ журналистер АҚШ пен Иран арасындағы бітім сақталса немесе бұзылса, мұнай бағасы қалай өзгеруі мүмкін екенін сұрады.
"Біз болжам жасамаймыз. Мұнай нарығындағы жағдай күн сайын өзгеріп отыр. Біз тек мониторинг жүргіземіз және осы салаға маманданған агенттіктермен жұмыс істейміз. Энергетика министрлігі ішкі нарықты қамтамасыз етуге, тұрақты өндіріске, экспорт бағыттарына және тасымалға көңіл бөледі. Баға құбылып жатыр, белгілі бір оң әсерлер бар, бірақ қазір нақты болжам айтпаймыз", - деді вице-министр.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға соққыларды екі аптаға тоқтатуға келіскенін мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл — екіжақты бітім. Вашингтон Тегераннан 10 тармақтан тұратын ұсыныс алып, оны келіссөздерге негіз бола алады деп бағалаған.
Өз кезегінде Иран екі апталық бітім кезеңінде Ормуз бұғазын ашуға дайын екенін хабарлады.
Алайда осы жаңалықтардан кейін мұнай бағасы күрт төмендеді:
-
7 сәуірде Brent бағасы 107–110 доллар аралығында болса
-
кейін шамамен 93 долларға дейін түсті
-
WTI мұнайы 14 пайыздан астам арзандап, 95 доллар шамасына жетті
Сонымен қатар бітім туралы мәлімдемеден кейін Қазақстандағы айырбастау пункттерінде доллар бағамы күрт өскені байқалды.