Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Тайланд бітімнен кейін Камбоджаға әуе соққысын жасады

1
Фото: bbc.com

Тайланд екі ел арасындағы даулы шекарадағы камбоджалық әскери нысандарға әуе соққысын жасағанын мәлімдеді. 

Бұл әрекет камбоджалық әскерилердің шабуылына жауап ретінде жасалды деп хабарлайды bbc.com.

Тайланд мәліметінше, жексенбі күні екі тай солдаты қаза тауып, тағы төртеуі жараланған.

Камбоджа өз сарбаздарының тай әскеріне шабуыл жасағанын жоққа шығарады. Биліктің айтуынша, алғашқы болып тайлар атқан, ал камбоджалықтар жауап соққысынан әдейі бас тартқан.

Тай корольдік армиясы дүйсенбі күні Камбоджа қару жеткізу үшін салған фуникулерді жойғанын жариялады.

Камбоджа мен Тайланд арасындағы шекара дауы көп жылдан бері шешімін таппай келеді. Соңғы шиеленіс шілде айында тіркеліп, бес күнге созылған ұрыстар ондаған адамның өмірін қиған.

Кейін тараптар Малайзияның арағайындығымен атысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Бұл процеске АҚШ президенті Дональд Трамп та араласқан: ол екі ел басшыларымен жеке сөйлесіп, егер атыс тоқтамаса, тарифтік келіссөздерді үзуге дайын екенін ескерткен. Қазан айында Трамп Малайзияға арнайы тоқтап, екі елдің бейбіт декларацияға қол қою рәсіміне қатысқан.

Осы дипломатиялық талпынысы үшін Камбоджа Трампты Нобель сыйлығына ұсынған болатын және қазіргі жағдайда да оның бейбіт «келіссөзіне» адал екенін мәлімдеп отыр.